«Artemia Global» ЖШС – Ақтөбе облысындағы Үлкен Арал теңізінің екі учаскесін (№2 және 4) пайдаланушы табиғат пайдаланушысы ретінде артемия деп аталатын ғажайып организм және табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығы туралы оқырмандарға еске салғысы келеді.
Артемия – желбезек аяқты шаянтектестердің бір түрі, ол аквариумдық балықтарды, сондай-ақ кәсіптік түрлерді қолдан өсіруде құнарлы әрі толыққанды жем ретінде жоғары бағаланады.
Артемиялар дерлік барлық құрлықтарда кездеседі. Олар 25‰-тен 250‰-ке дейін (25-250 г/л) тұздылық деңгейі бар тұзды көлдерде мекендейді. Мұндай концентрациялар көптеген тірі организмдер үшін өлімге әкелетін деңгейде болғанымен, эволюция барысында бұл шаянтектестер қатал жағдайларға бейімделіп, жыртқыштар болмаған экологиялық кеңістікті иеленген, осылайша тіршіліктің ең жоғары деңгейін қалыптастырған.
Өмірлік циклі мыналарды қамтиды:
- Ересек дарақ (10-15 мм, салмағы 5 мг);
- Цисталар (жұмыртқалар) (0,21-0,27 мм, салмағы 0,01 мг);
- Науплиустар (0,42-0,52 мм).
Артемияның цисталары сусыздандырылған күйде көптеген жылдар бойы өміршең болып қала береді, әрі құрғауға, өте төмен және жоғары температураларға төтеп бере алады. Цисталардың экстремалды жағдайларда ерекше тіршілік ету қабілетіне байланысты көптеген жағдайлар тіркелген.
Артемия жемін дайындау үшін цисталар арнайы әдіспен құрғатылады. Қазақстан аумағында мұндай құрғақ цисталарды өндіруге қажетті технологиялар тек бір зауытта бар.
Бүгінде әлемде артемияның сегіз түрі белгілі:
- Artemia franciscana KELLOGG, 1906 – Солтүстік Америка, Кариб теңізі, Австралия, Океания;
- Artemia monica VERRILL, 1869 – Солтүстік Америка;
- Artemia parthenogenetica BARIGOZZI, 1974 – Еуропа, Азия, Африка, Австралия;
- Artemia persimilis PICCINELLI et PROSDOCIMI, 1968 – Аргентина;
- Artemia salina (LINNAEUS, 1758) – Еуропа, Солтүстік Африка;
- Artemia sinica YANENG, 1989 – Орталық Азия, Қытай;
- Artemia tibetiana ZHANG et SORGELOOS, 1998 – Тибет, Қытай;
- Artemia urmiana GUNTHER, 1900 – Иран, Ресей.
Қазақстан Республикасында Artemia parthenogenetica мекендейді. Бұл түрдің ерекшелігі – популяциялары тек аналық дарақтардан тұратын біржынысты болуы.
Өкінішке қарай, су қоймаларындағы тұздылық деңгейінің өзгеруі және браконьерлік жағдайларына байланысты артемия цисталарының өндірісі жоғары деңгейде емес.
Біз оқырмандарға 2015 жылғы 24 шілдедегі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының міндетін атқарушының №190 бұйрығына сәйкес, Үлкен Арал теңізінде, оның ішінде Тұщыбас, Чернышев шығанақтарында артемия цисталарын аулауға рұқсат етілген мерзім 1 тамыздан 31 наурызға дейін екендігін ескертеміз, ал 1 сәуірден 31 шілдеге дейін аулауға тыйым салынған.
Артемия цисталарын заңсыз аулау табиғатқа орны толмас зиян келтіреді. Мұндай әрекетке барған адамдар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Сондықтан, біздің компаниямыз браконьерлік фактілердің алдын алу және табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығын қоғамға жеткізуді мақсат етеді.
М.К.ӘЛЖАНОВ,
«Artemia Global» ЖШС директоры