Қаржы пирамидасынан қалай сақтану керек?

Соңғы жылдары Қазақстанда, соның ішінде Қарағанды облысында қаржы пирамидаларының белсенділігі күрт артты. Бұл алаяқтықтың түрі заманауи көрініс алып, инвестициялық жоба, криптовалюта, онлайн табыс көзі деген атпен ел ішіне еніп жатыр. Уәде етілген «оңай табысқа» сеніп, бар жиған-тергенінен айырылған азаматтардың саны аз емес.

 

Қаржы пирамидасы қалай жұмыс істейді?

Қаржы пирамидасы – жаңа қатысушылардан жиналған ақша арқылы бұрынғыларға «табыс» төлеуге негізделген жалған қаржылық схема. Ал нақты өнім немесе заңды инвестициялық қызмет жоқ. Мұндай құрылым ақыры жаңа қатысушылар тоқтаған сәтте күйреп, төменгі сатыдағылар бар ақшасынан айырылып қалады.

Қарағанды облысында соңғы жылдары өздерін «инвест-клуб», «жеке қаржы платформасы», «халықаралық жоба» деп таныстырған бірнеше ұйымдар тіркеліп, кейіннен қаржы пирамидасы ретінде әшкереленді.

 

Құрбандар не дейді?

Есімін жасыруды өтінген қарағандылық 34 жастағы құрбан: «Instagram арқылы бір қыз жарнама жасап, аптасына 15%-дық пайда түсетінін айтып, хабарласуды өтінді. Жүйеге алғашында 100 мың теңге салып көрдім. Бір аптадан кейін 115 мың болып қайтты. Күмәнім сейіліп, 2 миллион теңге салдым. Бір аптадан соң сайт жабылып, бәрі ғайып болды. Енді не ақша, не байланыс – ештеңе жоқ» – дейді.

Ал 42 жастағы теміртаулық: «Бұрынғы танысым қоңырау шалып, халықаралық криптовалюта жобасына қосылуға кеңес берді. 500 доллар салдым. Жүйеде бәрі заңды көрінетін – жеке кабинет, серіктестік бағдарламалар, тіпті вебинарлар. Біраз уақыт табыс түсіп жатқандай болды, кейін сайт бұғатталып, кеңсе жабылды. Полицияға арыз жаздым, бірақ «құрбандар көп, тергеу жалғасуда» деп отыр», – деп сан соғып отыр.

Бұл – тек екі мысал ғана. Мұндай жағдайға тап болған жүздеген тұрғын бар. Көпшілігі ұялып, айтпай жүр. Кейбіреулер тіпті несие алып, туған-туыстарын да тартқан.

 

Қаржы пирамидаларының белгілері

Қарағанды облыстық Полиция департаменті мен қаржы нарығын реттеуші агенттіктер мынадай белгілерге назар аударуға кеңес береді:

  1. Тым жоғары табыс уәделері. Аптасына 10-30% пайда – бұл мүмкін емес, әсіресе ешқандай нақты өнім немесе қызмет көрсетілмесе.
  2. Қатысушыларды тарту үшін бонус ұсыну. Егер сіз басқа адамдарды жүйеге тартқанда ғана табыс табатын болсаңыз – бұл анық белгі.
  3. Жеткілікті құжаттардың болмауы. Құқықтық мәртебесі, лицензиясы жоқ компаниялар – сенімсіз.
  4. Әлеуметтік желілер мен чаттар арқылы әрекет ету. Көп жағдайда алаяқтар WhatsApp, Telegram арқылы жұмыс істейді, ал нақты кеңсесі болмайды.
  5. Қысым жасау және асықтыру. «Бүгін тіркелсең, бонус аласың», «ертең кеш болады» деген сөздер жиі қолданылады.

 

Қандай шаралар қолданылып жатыр?

2024-2025 жылдары Қарағанды облысында 6-дан астам қаржы пирамидасы анықталып, ұйымдастырушыларына қылмыстық іс қозғалды. Алайда бұл олардың алдын толық ала алмай отыр. Себебі мұндай ұйымдар жиі атауын ауыстырып, жаңа формада қайта тіркеліп отырады.

Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға, күдік тудырған жобалар туралы 102 немесе Қаржы нарығын реттеу агенттігіне хабарлауға шақырады.

 

Қорытынды

Қаржы пирамидасы – алдамшы үміт пен оңай байығысы келетін психологияны пайдаланатын қылмыс. Қарағанды облысының ондаған тұрғыны қарапайым сенімнің құрбанына айналды. Мұндай схемалардан сақтанудың ең тиімді жолы – қаржылық сауаттылық пен сын көзбен қарау. Есіңізде болсын: заңды табыс – еңбекпен келеді.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *