Астананы бетке алды

Астананы бетке алған бұрынғы Қабанбай, Бөгенбай батырлар, әлде Алпамыс, Қобыландылар ма дерсіз? Ат үстінде қазақ аруақтанып кетеді. Қанат біткендей айбарланады. «Ер қанаты – ат» деп тегін айта ма? Бұл жолы ел шабуға емес, өнер көрсетуге аттанды қарағандылық ерлер. Қайда десеңіз, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына кеше Қарағандыдан Астанаға «Бірлік керуені» командасын шығарып салды.

Эпостағы ерлердей киінген қаздрамтеатр актерлері, Талғат Бигелдинов атындағы «Жас Ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушілері,  ұлттық спорт түрлерінің өкілдері, шығармашылық ұжымдар мен қолөнершілершеруге көрік беріп, ұлттық беделдің үлгісін көрсетті.

– Алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары осы ойындардың 10 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Бұл әртүрлі халықтардың өкілдерін біріктіретін нағыз мәдени-спорттық  құбылыс. Ойындар әлемдік қоғамдастықтың назарын аударды.

Бұл қатысушылар үшін тәжірибе алмасудың, басқа мәдениеттер туралы көбірек білудің және халықаралық қатынастарды нығайтудың бірегей мүмкіндігі, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Қарағанды өңірінен көшпенділер ойындарына аттанған делегацияға.

Расында, басталғалы тұрған бүкіл әлемдік дода елімізде алғаш өткелі жатқаны жағымды жаңалық. Түркі тілдес мемлекеттерге ортақ ұлттық спорт түрлерінен сайыста қазақстандықтар қара үзіп, үлгілі ойын көрсетеді деген үміт зор. Бір қызығы Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуы кезінде Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларынан қасиетті су жеткізіліп, оны тайқазанға құяды. Бұл ел бірлігінің, тұтастығының және ынтымақтастықтың нышанына айналады. Біздің облыстағы қасиетті Қарқаралының Егіндібұлақ ауылы маңындағы Дарабұлақтан торсыққа су құйылып, Астанаға жіберілді. Ел аузындағы әпсанаға сүйенсек, бұлақтан Қаздауысты Қазыбек би су ішкен деген аңыз бар.

– Біз ұлы бабамыз Қазыбек бидің жерінен қасиетті су әкелдік. Ол осы қайнаркөзден су ішкен деседі. Бүгін біздің қарағандылық спортшы әрі додаға қатысушымыз Бекзат Ахметбек оны елордаға алып барып тайқазанға құяды, – деді самбодан Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диханбай Биткөзов.

Байрақты бәсекеге қатысатын 50 қатысушы мен құмай тазы ертіп, қыран қондырған аңшылар қаумалаған аттылы шеруге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов бата берді. Шеруге жиналған қала тұрғындары жан-жақтан сәттілік тілеп, облыс намысын қорғамаққа сап түзеген спортшыларды шығарып салды.

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 21 спорт түрінен 89 ел бақ сынамақ. Сондай-ақ, елордада «Көшпенділер әлемі» этноауылы орналасады. Этно ауылда шет елден келген қонақтар қазақ халқының мәдениеті және дәстүрлері һәм мәдениетімен танысады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген.

 

Ерзат Ермағамбет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *