Жеңісті жақындатқан ардагерлер саны Қарағанды облысында саусақпен санарлықтай ғана қалды. Ортамызда жүрген 8 ардагердің бірі қарағандылық Мария Ефимовна Шинкевич 100 жылдығын 13 сәуір күні атап өтті. Туған күн иесін құттықтауға Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесі, әскери қызметкерлер мен оқушылар келді.
– Сіз Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісісіз. Сіз лайықты өмір сүріп, көпті көрген адамсыз. Соғыс және соғыстан кейінгі кезеңнің қатал сынақтарына абыроймен төтеп берген батыр ұрпақтың өкілісіз. Бостандық пен бейбіт аспан үшін, Ұлы Жеңіс үшін сіздердің алдарыңызда бас иемін. Сіздерге зор денсаулық және сүйіспеншілік, қамқорлық үшін бақытты күндер тілейміз, – деп құттықтады облыс әкімі мен қала басшылығының атынан Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Ринат Қаржасбаев.
Мария Ефимовна 1925 жылы 13 сәуірде Қарағанды облысы Ростовка ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 19 жасқа толған күні әскерге шақырылды. Мәскеу Бас әскери мектебінің әйелдер мергендік мектебінде оқыған, содан кейін 1945 жылдың тамызына дейін 3-ші Белорусь және Украина майдандарында мерген болған. Жеңісті Прагада қарсы алған.
ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» екі медалімен, Кеңес Одағының Маршалы Г.Жуковтың медалімен, «Украинаны азат еткені үшін» және жауынгерлік еңбегі үшін алғысхаттармен марапатталған.
Соғыстан кейін көптеген майдангерлер сияқты елді қалпына келтіруде жұмыс істеген.
– 9 мамыр – ең атаулы күн. Мен оны әлі күнге дейін толқып, көзіме қуаныштан жас алып еске аламын. Біз жеңісті күттік және оның келетініне сендік. Ал мен жастарға әрқашан қозғалыста болыңдар, жұмыс істеу керек және жалқауланбау қажет деп кеңес бергім келеді. Үлкендерді құрметтеп, өз құрдастарыңа үлгі болыңдар, – дейді ардагер.
Мария Ефимовнаны туған күнінде Қорғаныс министрлігінің өкілдері де құттықтады. Қарағанды облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары6 полковник Еркебұлан Мұстағұлов Мария Шинкевичке министрдің атынан құттықтау хатын тапсырды. Сондай-ақ, ардагерге қонаққа «Жас Сарбаз» мектебінің оқушылары мен Нүркен Әбдіров атындағы мектептің тәрбиеленушілері келді.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында құттықтаулар ерекше салтанатты және жылы шырайлы болды.
– Ерліктеріңіз үшін рақмет! Сіз соғыста ғана емес, соғыстан кейін де еңбек етіп, елді қалпына келтірдіңіз. Сіздер сияқты адамдардың арқасында біз бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз, бұл біздің батырларымыздың ең жақсы естелігі, – деді қалалық мәслихаттың төрағасы Алтынтөре Бөкенов.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ