Ауыл көркі – тұрғындар қуанышы

Ауыл-аймақтың көркейіп, гүлденуі – ел болашағының беріктігі мен тұрғындардың тұрмыс сапасының артуының айқын көрінісі. Бүгінгі таңда Ақадыр кентінде «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында абаттандыру, көркейту-көгалдандыру мен елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды да игі бастамалар қарқынды жүзеге асырылып келеді. Ол туралы біз газетіміздің бұрынғы номерлерінде кеңінен жазған болатынбыз.

Тазалық – өркениеттілік пен мәдениеттіліктің басты өлшемі. Басқан әрбір қадамың көз тартарлық таза болса, туған аймақтың тынысы да кеңейе түсері хақ. Осы мақсатта соңғы уақытта жаяу жүргіншілерге арналған ыңғайлы жолаяқтар (тротуарлар) салынып, салауатты өмір салтын серік еткен жастар үшін заманауи футбол алаңдары жылдан-жылға бой көтеріп, пайдалануға берілуде.

Осы орайда, балғын балалардың заман талабына сай дамуы мен қауіпсіз де көңілді демалысын ұйымдастыруда балалар ойын алаңдарының орны ерекше.

Ойын алаңы – тек баланың бос уақытын тиімді өткізетін орын ғана емес, сонымен бірге олардың физикалық тұрғыдан шынығуына, құрдастарымен тіл табысып, әлеуметтенуіне, ақыл-ой мен қозғалыс белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік кеңістік. Кішкентай азаматтардың жүзіне күкі мен қуаныш ұялататын мұндай нысандардың болуы кез келген елді мекеннің жанды артериясы іспеттес.

Сол себептен елді мекенімізде балалардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ойын алаңдарын тұрғызуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Тек биылғы жылдың жаз айларының өзінде кентімізде су жаңа 3 балалар ойын алаңы толығымен тұрғызылып, қолданысқа берілді. Олар Жібек жолы көшесіндегі, Күшікбай батыр көшесіндегі және Ардагер көшесіндегі №28 және №30 үйлердің аралығында орналасқан жаңа ойын алаңдары.

Бұл нысандар бір жағынан көшелеріміздің сәнін келтіріп, эстетикалық ажарын аша түссе, екінші жағынан ауыл балаларының бос уақытын қауіпсіз де көңілді, пайдалы өткізуіне зор мүмкіндік сыйлады. Әсіресе, үй іргесінде орналасқан алаңқайлар ата-аналар үшін де үлкен қолайлылық тудырып отыр.

Ауылдың ажарын ашып, сәбилерге қуаныш сыйлаған бұл жауапты әрі сауапты құрылыс жұмыстарын «Ержүрек» мүгедектігі бар адамдар қоғамдастығы мен «Қарқаралы Шапағат 2025» мүгедектер қоғамдастығы бірлестіктері жоғары деңгейде, абыроймен атқарып шықты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық іске белсене араласып, ауылдағы балаларға осындай тамаша тарту жасауы – еңбекқорлық пен бірліктің жарқын үлгісі болса керек.

Туған жерін түлетуге бағытталған осындай игі де ауқымды шаралар Ақадырдың келешегі жарқын, тұрмысқа жайлы, абаттанған өңірге айналып келе жатқанын анық аңғартады. Ел игілігіне берілген әрбір нысан – тұрғындардың ортақ қазынасы, сондықтан оны күтіп ұстау да – ортақ парызымыз.

Қалижан БЕКҚОЖА, 

Ақадыр кенті