Қазақ мемлекеттігінің алтын бастауы

Шыңғыс хан империясы – Шыңғыс хан (Темучин,16.04.1162–25.08.1227жж.) құрған мемлекет. 1189-1206 жылдар аралығында болған қиян-кескі соғыстардан кейін өзінің негізгі жауларын (Меркіт тайпасының көсемі Тоқтыбектен бастап, Найман тайпасының басшысы Таян (Даян) ханға дейін талқандаған Шыңғыс хан Алтайдан Қытай қорғанына дейінгі аймақта бір тұтас мемлекет құрып, оны кеңейте бастады.

1207-1208 жылғы қыста Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы бастаған моңғол әскері оңтүстік Сібірдегі «орман халықтарын», ойраттарды, буряттарды, якуттарды ба-ғындырды. Енисейдегі қырғыздардың билеушісі Арыс Айнал Алдиярұлы бек ақ сұңқар, ақ тұлпар, қара бұлғын ішік тарту етіп, Жошыға соғыспай бағынды («Моңғолдың құпияшежіресі», 239-тарау).

1207-1209 жылдары Шыңғыс хан бастаған моңғол әскері Таңғұт (Си Ся, солтүстік-батыс Қытай) хандығын жаулап алды. Бұл көшпенділер мен отырықшылар арасында болған бірінші соғыс болды. Шығыс Түркістандағы ұйғыр идиқұты Барчұқ өз еркімен Шыңғыс хандығына бағынып, боданға айналды. 1211 жылы Шыңғыс хан ұлдары – Жошы, Шағатай,Үгедей және Төле көп әскер ертіп, жорыққа шықты. Гобит шөлінен өткен моңғолдар  Цзин  (Алтын)  еліне, Қытайға қарай жылжыды. 1215 жылы олар сол кезде Цзин әулетінің астанасы болып тұрған Ханбалықты (Бейжіңді) басып алды (Н.Мыңжан,  «Қазақтың қысқаша тарихы», Алматы, 1994 ж., 194-бет).

Алайда,бұл жорық соңына дейін жеткізілмеді.Тәжірибелі қолбасшы Жалайыр Мұқылай әмір бастаған алпыс мыңдық әскерді Қытайға қалдырып, Шыңғыс хан 1216 жылы Қарақорымға қайтып оралып, Орта Азияға жорық жасауға дайындала бастады.

1218 жылы Шыңғыс хан жиырма мың әскерін Жетісуға аттандырды. Жебе ноян   басқарған  әскер   найман   ханы Күшілікті өлтіріп, Іле, Жетісу аймағын билеп тұрған қарақытайлар мемлекетін бағындырды.

1218 жылы Отырарда моңғол саудагерлерінің өлтірілуі Шыңғыс ханның Орта Азияға қарсы жоспарланған жорығын жылдамдата түсті. Бұл кезде Шыңғыс ханның алтын шатыры Ертіс өзенінің басында болатын. 1219 жылы қыркүйекте жүз елу мың қол Жетісуды басып өтіп, Орта Азияға кірді. Бұл жорық бес жылға созылып, Сырдария, Әмудария бойы, Мәуреннахр өлкесі, Дешті Қыпшақ моңғолдардың билігіне өтті. Ұлан-ғайыр жерді жаулап алған Шыңғысхан көзінің тірісінде осы иелігін 1223 жылы Сайрам мен Талас аралығындағы Құланбасы жазығында өткен құрылтайда бәйбішесі, қоңырат тайпасының қызы Бөртеден туған 4 ұлына бөліп берді. («Айбын», Алматы, 2011 ж., 348-б.). Үлкен ұлы Жошыға Ертіс өзенінен Орал тауларына дейінгі жер, одан әрі батысқа қарай «Моңғол атының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтар», оңтүстікке қарай Каспий мен Арал теңізіне дейінгі жерлер берілді. Әмударияның төменгі жағындағы аймақтар (солтүстік Хорезм) мен Сырдария өңірі де Жошы билігіне берілді. Бұл жерлер «Жошы ұлысы» деп аталды. Жошының ордасы Ертіс алқабында болды. Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың үлесіне Қашқария, Жетісу, Мәуреннахр тиді. Оның ордасы Іле алқабында орналасты. Үшінші ұлы Үгедейге Батыс Моңғолия мен Тарбағатай аймағы берілді.

Оның ордасы қазіргі Шәуешек қаласының маңайында болды. Кенже ұлы Төле әкесінің қара шаңырағы Моңғолияны мұраға алды.

Сонымен, Қазақстан жері моңғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен (далалық) бөлігі – Жошы ұлысының, оңтүстік және оңтүстік-шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысының, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі – Үгедей ұлысының құрамына кірді. (Б.Жұмақаева, Қазақстан тарихы, Алматы, 2010 ж., 74-б.).

Жошы ұлысының негізін бұрын Дешті Қыпшаққа кірген бірыңғай түркі тілдес тайпалар құрап, алғашында Алтын Орда хандығына, кейін одан бөлінген Ақ Орда хандығына қарады. Ежелден бері Іле алқабымен Жетісу өңірін мекендеген үйсін, дулат, тағы басқа тайпалар Шағатай хандығына қарады. Шағатай хандығы ыдыраған соң одан бөлінген Моғолстанға бағынды. Бұл ұлыстардың барлығы Қарақорымдағы ұлы хан Шыңғыс ханға бағынатын болды. Шыңғыс хан батысқа қарайғы жерлерді басып алуды Жошыға тапсырып, өзі 1225 жылы Моңғолияға қайтып оралды. Жошы –Алтын Орданың негізін салушы, Қазақ хандарының арғы атасы. Жошы жас кезінен аса көрнекті әскери қолбасшы ретінде көзге түсіп, Шыңғыс хан әскерлерінің жорықтарына белсене араласады. Жошы өмірінде 60-тан аса ірі шайқасқа қатысып, әлемнің 200-ге жуық қала, қамалдарын бағындырды.

Жошы ұлысы қазақ халқының тарихында үлкен маңызға ие. Себебі, дәл осы территорияда қазақ мемлекетінің іргетасы қаланып, дамыды. («Қазақ халқының тарихи тұлғалары», Алматы,2013 ж., 2-кітап,8-бет).

Шыңғыс хан батысқа жасаған жойқын жорығын моңғолдардың осы өлкелерге жаппай қоныс аударуы деп ұғуға болмайды. Моңғолдардың негізгі халқының атамекені Моңғолияда болды. Соғыс жорығына қатысқан қалың қолы150 мыңнан аса салт атты әскер болғанымен, оның басым бөлігі жергілікті түркі тілдес тайпалардан қосылғандар еді. Моңғолиядан батысқа қоныс аударған Жошы мен Шағатайдың қарамағындағы моңғолдар саны да шамалы болатын: Шыңғыс хан Жошыға тоғыз мың үй, Шағатайға сегіз мың үй, Үгедейге төрт мың үй берген (Қазақтың қысқаша тарихы, 200-б.). Бұлар Орта Азия мен Қазақ жеріндегі өзі жаулап алған түркітілдес халықтардың тілі мен мәдениетін, дінін қабылдап, сіңісіп кетті.

1227 жылы 25 тамызда Шыңғыс хан жорық жолында ауырып қайтыс болды. Жошы әкесінен алты ай бұрын қазаға ұшырады. Жошының мұрагері оның екінші ұлы Бату (Батый) болды. Шыңғыс хан басқа немерелерінен Батуды ерекше көріп, Жошының мұрагері деп шешкен еді.

Тақ мұрагері Батуға оның ағалары мен бүкіл халық бас иді. Ол 1229 жылы Үгедейді Моңғол империясының ұлы ханы сайлаған Қарақорымдағы құрылтайға қатысты. Ал,1235жылы болған бүкіл моңғолдық құрылтайда Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасау туралы шешім қабылданып, Бату біріккен моңғол әскерлеріне әскербасы болып бекітілді. Жорыққа Батудан басқа Шыңғыс хан әулетінен Үгедейдің ұлы Күйік, Төленің ұлы Мөңке, Шағатайдың ұлы Байдар және Батудың өз бауырлары Орда Ежен,Тоқа Темір, Шыңғысханның әйгілі қолбасшыларының бірі Сүбедей, тағы басқалар қатысты. Жүз елу мыңға жуық адамнан тұратын әскер жорыққа Батыс Алтай өңірінен 1236 жылы көктемде аттанып, маусым айында Еділ бұлғарларының жеріне жетті. Бату қолы Орта Азия қыпшақтарының қарсылығын жойған соң, Мәскеу (1238), Киев (1240), Краков(1241), Бресслау(1241), Будапешт (1241) қалаларын алып, Орта Европа, Тракия өңірін, Аустрия, Чехия, Словакияны бағындырып, 1243жылы  Еділ сағасына қайта оралды. («Айбын», Алматы, 2011ж., 68-б.). Дәл осы жерде ол кейін ұзақ өмір сүрген жаңа моңғол мемлекетін құрды. Бұл мемлекетті көрсету үшін мұсылман авторлары бірнеше атауды қолданды: Жошы ұлысы, Қыпшақ  мемлекеті,  Берке елі,  Солтүстік  хандық,

тағы басқасы. Ал, зерттеу әдебиеттерінде ол Алтын Ордадеген атпен белгілі. И.Тимофеев ол жөнінде: «Хорезм және Еділдің төменгі жағынан бастап, Днепрге дейінгі байтақ далада көшіп-қонып жүрген көшпенділерден тұратын Жошы ұлысы – Алтын Орда Русьтің мойнына байланған ауыр тастай еді» – деп жазады (И.Тимофеев, «Ибн Баттута», Мәскеу, 1983 ж., 164-б.).

Алтын Ордаға кең байтақ жер енді. Оның шегі батыста – Днепрге, шығыста –  Ертіске, оңтүстікте  – Солтүстік Кавказға, солтүстікте – Батыс Сібір ойпатына дейін жетті. Оңтүстік шығыста солтүстік Хорезммен Сырдарияның төменгі жағындағы жерлер енді. Бату әскерлерінен талқандалған орыс князьдықтары Алтын Орданың вассалдарына айналды. Олар Алтын Ордаға тәуелді болып, оның хандарынан княздықты басқаруға жарлық алғанына, төлем төлегеніне қарамастан, аз-маз бостандықтарын сақтады («Қазақтар», І том, Алматы, 2003 ж., 53-б.).

Алтын Орда экономикалық және әскери күш-қуаты толысып, мәдениеті өркендеген кезеңде (ХІІІ-ХІVғғ.) жер көлемі 10млн. шаршы шақырымнан асты. Бұл держава шығысынан батысына дейінгі аралығы шамамен 6160 шақырым, солтүстігінен оңтүстігіне дейінгі аралығы 4400 шақырым өлкені  қамтыды.

Бату хан тұсында (1227-1255жж.)  мемлекет астанасы Еділ бойындағы Сарай Бату қаласы (қазіргі Астрахань маңында (1243 ж.), кейін Сарай Беркеге (Еділ бойымен Сарай Батудан жоғарырақ) көшірілді. Өзбек ханның (1312-1342жж.) тұсында Сарай Беркеде болған араб оқымыстысы Ибн Баттута бұл жөнінде: «Сарай қаласы – жазыққа орналасқан, аса үлкен аумақты алып жатқан, көшелері кең, базарлары әдемі, халқы мол, таңғажайып қалалардың бірі. Онда діни қызметке негізделген отыз екі ірі мешіт бар, ал ұсақ түйек мешіттер қисапсыз көп» деп жазады (И.Тимофеев, «Ибн Баттута», 1983 ж., 188-б.).

Берке хан билік еткен кезеңде (1255-1266 жж.) Алтын Орданың билік басындағы ақсүйектері арасында ислам діні тарай бастады. Ал, 1312 жылы Өзбек хан Алтын Орда да исламды мемлекеттік дін етіп жариялады. Қазақтың «Өзбектен дін қалды» деген мақалы осыдан шыққан (Ш.Құдайбердіұлы, «Қазақ шежіресі», 1991 ж.).

Алтын Орданың мемлекеттік құрылымы әскери негізде болды. Алтын Орданы билеуші хан ондағы барлық қарулы күштердің бас қолбасшысы саналды. Мемлекет билігінің белді ұйымы – әскери феодал шонжарлар мен алпауыт бектердің құрылтайы болды. Шешуші кезеңдерде осы құрылтайлар ашылып, мемлекет тағдырына қатысты, маңызды саяси әскери мәселелерді ақылдасып, шешіп отырды.

Алтын Орданың қарулы күштері оң қол, сол қол деп екі қанатқа бөлінді. Батухан қарулы күштердің оң қанатын тікелей өзі басқарды да, сол қанатын ағасы Орда Еженнің басқаруына берді. Қарулы күштердің әр қанаты: түмендік, мыңдық, жүздік, ондықтарға бөлінді, түменбасы, мыңбасы, жүзбасы, онбасылар басқарды. Қарулы күштердің жоғары қолбасшылық міндеттерін хан тұқымынан шыққан ханзадалар, әскери феодалдар, нояндар атқарды. Олар өз қол астындағы әскерді басқарумен қатар, сол әскер алынған ру-тайпаларды да биледі. Әскери істі бектер бегі, ал азаматтық істерді уәзір басқарды. Даруғалар салық жинаумен айналысса, басқақтар жергілікті халықты әскери бақылауға алды.

Сол қанат құрамына Қазақстан территориясының үлкен бөлігі кірді. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл қанатты Орда Ежен ұрпақтары биледі. Әйтсе де, Бату ұрпақтарына ептеп вассал болған Орда Ежен ұрпағы кейін өз мемлекеттерін тәуелсіздікке жеткізді. («Қазақтар», Ітом, 54-б.).

Алтын Орданың орталық аймағы – Еділ бойы (қазіргі Саратовтан Астраханға дейін), астанасы – Сарай Берке (немесе Сарай әл-Жәдид), негізгі әскери-феодалдық күші – қыпшақ тайпалары болды. Алтын Орда Бату (1227-1255),  Берке (1255-1266),  Мөңке Темір (1266-1280), Туда Мөңке (1280-1287), Төле Бұқа (1287-1291), Тоқты (1291-1312), Өзбек (1312-1342),  Жәнібек (1342-1357) тұсында кемеліне келіп, мейлінше күшейді.

Егер, Жошы мен Бату Моңғолиядағы ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бағынышты болса, Мөңке Темір кезінде империядан бөлініп, дербестікке қол жеткізеді. Батыс Еуропамен, Мысырмен, Кіші Азиямен, Үндістанмен, Қытаймен сауда-саттық өркендеді, әртүрлі кәсіпшілік пен қолөнер дамыды (Қазақ ССР. Энциклопедиялық анықтама, Алматы, 1980 ж., 168-б.).

Найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен шаңырақ көтерген Алтын Орданың халқы мейлінше әр текті болды. Олар ислам, христиан және тәңірлік дінді ұстанып, ұйғыр жазуын пайдаланды. Жазу тілі негізінен түркі тілінде (шағатай) жүргізілді. Алтын Орданың астанасы Берке сарайында, Бату сарайында, Үргеніш, Хорезм, Сығанақ сияқты қалаларда ғылым, қолөнер және әдебиет айтарлықтай дамыды. Ғалымдар ілгеріде өткен Фараби, Ибн Сина, Бируни, Сығанақи, Йассауи, Бақырғани сияқты ғұламалардың асыл мұрасына ден қойып, олардың ілімін ілгері дамытса, ақын-жазушылардың ең көрнектілері – Рабғузи «Қиссас-ул-Әнбия», Сағди «Бустан», Сейдахмет «Таһшшухнама», «Сал-нама», Хусам Қатиб «Жұм-жұма» сияқты әдеби мұраларын дүниеге әкелді. (А.Сейдімбек, Шығармалары, ІІ том, 35-б.). 1233жылы Алтын Орда ақыны Әли «Қиса Жүсіп» дастанын жазды. 1303 жылы қыпшақ тіл сөздігі және әдеби мұра «Кодекс куманикумс» жазылды. 1341-1342 жылдары қыпшақ ақыны Құтбтың «Хұсрау-Шырын» дастаны дүниеге келді. 1357 жылы Махмұт Әлиұлы Кердері өзінің прозалық көркем әдеби «Наһжиұл фарадис» кітабын жазды. 1359 жылы Ахмет Хорезмидің лирикалық махаббат дастаны «Махаббатнама» жарыққа шықты. 1391жылы Алтын Орданың әйгілі қыпшақ ақыны Сайф Сарай кесек туынды – «Гүлстан бит турки» еңбегін жазды. 1409 жылы Дурбек ақын «Жүсіп-Зылиха»дастанын жазып, жазба әдебиетінің асыл мұралары жарыққа шықты. Қазақ халқының қырыққа тарта батырдың ерлігі жырланған отызға жуық дастаннан тұратын эпосы – «Қырық батыр жыры» осы Алтын Орда дәуіріндегі ірі оқиғалардан басталған. Бұл эпоста жырланған басты кейіпкерлердің көпшілігі –Алтын Ордада өмір сүрген тарихи тұлғалар. Мысалы, «Орақ-Мамай» дастанындағы бас кейіпкерлер – Орақпен Мамай Алтын Орданың әйгілі қолбасшылары. Мамай1361 жылдан соң Алтын Орданы билеген (Қазақ әдебиеті. Энциклопедия, Алматы, 1999 ж.,53-б.).

Алтын Орда халқы этникалық жағынан біркелкі болған жоқ. Отырықшы аймақтарда Еділ бұлғарлары, қала қыпшақтары, орыстар, армяндар, гректер, ежелгі хазар мен алан ұрпақтары мен хорезмдіктер тұрды. Далалық өңірді негізінен малшаруашылығымен айналысқан түркітілдес қыпшақ, арғын, қоңырат, керей, уақ, қаңлы, найман сияқты тайпалар мекендеді. Алтын Орданың мемлекеттігін әлсіретіп, ақыр аяғында ыдырауға соқтырған себептер бірнешеу. Бірінші – этникалық әртектіліктен туған сепарациялық ұмтылыстар, екінші – ақсүйектер арасындағы билікке талас, үшінші – сырт күштің бел алуы (А.Сейдімбек, Шығармалары, ІІ том, 35-б.). Осының бәрі Алтын Орданы бірте-бірте әлсірете берді. Мәскеу мемлекетінің күшеюі және 1380 жылы Куликово шайқасында Мәскеу князі Дмитрий Донскойдың әскерімен болған шайқаста итжығыс түсуі бұл процесті күшейте түсті. ХІV ғасырдың аяғында (1391 және 1399 жылдары) Ақсақ Темір Алтын Ордаға бас көтертпестей етіп екі реет күйрете соққы берді. Осыдан соң Орда бірте-бірте ыдырай бастады. ХV ғасырдың басында Тоқтамыс хан мен Едіге бидің өзара таласы Алтын Орданы әбден әлсіретті. ХV ғасырдың І жартысында одан Еділ бұлғарлары, Қазанмен Қырым бөлініп шықты, Хорезм Темір мемлекетіне тәуелді болды.1480 жылы орыс княздықтары Ордадан толық тәуелсіздік алды (Қазақ ССР, Энциклопедиялық анықтама,160-б.).

1502 жылы соңғы билеуші Шейһ Ахмед ханның өлімінен соң Алтын Орда мемлекеті жойылды. Алтын Орда жерінде Қырым (1428-1792), Қазан (1437-1556), Ноғай (1466-1557),

Сібір (1563-1656), Башқұрт (1656-1738) хандықтары сияқты мемлекеттік құрылымдар пайда болды. Қазақ хандығы да осы кезеңдерде (1456-1457) қалыптасты.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *