Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді. Қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, сонымен қатар, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей сөздіктерін жасау қажет. Қазақ-орыс сөздігін уақыт талабына сай жаңартқан жөн. Сөздіктердің электрондық нұсқасын әзірлеп, үнемі толықтырып отыру керек. Тілдің халықаралық байланысын нығайту арқылы мәдени және ғылыми ықпалдастыққа жол ашылады, еліміздің зияткерлік әлеуеті артады. Бірақ тілдің болашағы тек сөздік пен оқулыққа байланысты емес. Адам қай тілде ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алса, сол тілдің әлеуеті күшейе түсетіні анық. Сондықтан цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту – аса маңызды міндет. Әсіресе, қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін ІТ-өнімдер, балалардың тілін дамытуға арналған фильмдер мен ойындар көп болуы қажет.
