Азаматтық форум:мемлекет пен қоғам арасындағы диалог

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда: «Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі өзекті мәселелерді шешуге, жасампаз құндылықтарды дәріптеуге және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ықпал етеді», – деп атап өткен болатын. Осы айтылған ұйымдардың қоғамға берері не? Бүгінде қалай жұмыс істеуде? Осы және басқа да сұраққа жауап іздеген форум өтті.

Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы мен Қарағанды облысының Азаматтық альянсы ұйымдастыруымен Қарағанды экономикалық университетінде өткен «Азаматтық бастамаларды қолдау мен дамытудың заманауи тәсілдері» атты форум азаматтық  бастамаларды талқылауға арналған алаңға айналды.

Форумға 120-ға жуық адам қатысты. Қатысушылар қатарында Көкшетау, Ұлытау облысы және еліміздің басқа да өңірлерінен келген қонақтар болды. Қарағанды облысының атынан билік өкілдері, Азаматтық альянс мүшелері және қоғам дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген тәжірибелі азаматтық белсенділер қатысты.

Осы серіктестікті нақты іске айналдыру, азаматтық қоғам мен билік арасындағы көпірді бекіте түсу – форум жұмысының басты мақсатына айналды. Сонымен қатар, форум шеңберінде азаматтық бастамаларды тиімді қолдауға арналған практикалық ұсынымдар әзірленіп, институционалдық диалогты нығайту, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік құрылымдар мен қоғам арасындағы әріптестікті дамыту мәселелері көтерілді.

Форумда Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, қоғамдық кеңестер, жұмыс топтары, үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері, журналистер, блогерлер және жастар белсенділері бас қосып, ұсыныс-пікірін ортаға салды.

Жиынды ашқан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей:

–  Халық сеніміне ие болып, билік пен қоғам арасындағы ынтымақ арқауына айналдыңыздар. Демек, сіздердің әр бастамаларыңыз қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықтың кепілі бола алды. Қазіргі кезеңде елге қолдау көрсетіп, қиын сәтте қол ұшын созған адамдар ерекше қадір-қасиетке ие болды. Бүгінгі таңда дәл осындай миссияны үкіметтік емес ұйымдар атқарып отыр.

Өңірде Үкіметтік емес ұйымдар  қатысуымен бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, Ten Qogam орталығы мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың отбасыларына қолдау көрсетуде, ал ҮЕҰ-ға арналған ақпараттық-білім беру орталығы – белсенді азаматтар үшін кездесу және ынтымақтастық алаңы болып отыр. Қоғамдық ұйымдар нашақорлық пен құмар ойындардың алдын алу жұмыстарын жүргізуде, ал өңірдің эковолонтерлері «Таза Қазақстан» ауқымды акциясына қатысып жатыр, – деп атап өтті.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Серік Мәлібекұлы болса:

–  Қарағанды облысында жыл сайын 200-ден астам әлеуметтік жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттық бағдарламалар аясында жүзеге асады. Бұл жоба аясында халықтың осал топтарын қолдаудан бастап, цифрлық сауаттылықты арттыру, медиация және жастарға кәсіби бағдар беру жұмыстары атқарылады. ҮЕҰ мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы диалог ашықтық, жариялылық және тең әріптестік қағидаттарына негізделген. Мұндай тәсіл нақты нәтижелерге қол жеткізуге, қоғам пікірін ескеруге және мәселелерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бүгінде үкіметтік емес сектор өкілдері мәслихаттарда, қоғамдық кеңестер мен сараптамалық комиссияларда белсенді жұмыс істеуде, – деді.

Форум аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының үлгісінде қайырымдылықтың өңірлік даму құралы ретіндегі тәжірибесі, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың азаматтық сектордағы ықпалы, «ҚХА-ға 30 жыл – бірлік пен даму жолы» тақырыптары көтерілді.

«Қазақстан халқына» қорының  қолдауымен облыста 68 мектеп заманауи жабдықпен қамтылып, STEM және робототехника кабинеттері ашылған. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арнайы қолдау көрсетіліп, білім сапасында айтарлықтай серпіліс байқалған. Осының арқасында оқушылардың үлгерімі орта есеппен 11%-ға, ал физика пәні бойынша 16%-ға жақсарды.

Сонымен қатар, халықтың құқықтық сауатын арттыру, ҮЕҰ-ларды цифрлық әдіс­термен оқыту және жастар мен кәсіподақтардың болашақ серіктес­тігі жөнінде пікірлер айтылды.

Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөліне кеңінен тоқталды.

– Азаматтық қоғам деген не? Оған кімдер кіреді? Саяси партия­лар, кәсіподақтар, діни бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары және, әрине, үкіметтік емес ­ұйымдар. ҮЕҰ-дың өзгелерден бас­ты айырмашылығы – нақты іспен айналысуы. ҮЕҰ-дар қоғамның түйткілді мәселелерін шешуге атсалысады.

Қазір бізге ҮЕҰ туралы заң ауадай қажет. Бұл жайдан-жай көтеріліп отырған мәселе емес. Көп жылдан бері осы саланың майын ішкен мамандар ретінде бұл заңның маңыздылығын дәлелдеп келеміз.

Сонымен қатар, әр өңірде Азаматтық альянстың өз үйі, жұмыс істейтін өз кеңсесі болуы тиіс. Мәселен, Қостанайда бар. Қарағандыда да сондай орталық керек, – деді ол.

Ал  Қарағанды облысы Азаматтық альянсының президенті, жергілікті діни бірлестіктер клубының модераторы, орыс этномәдени қоғамының жетекшісі,
Дмитрий Полтаренко форумда сөйлеген сөзінде азаматтық қоғам үшін заңнамалық қамтамасыз етудің өзектілігін нақты мысалдармен жеткізді.

– Біз жыл сайын Азаматтық форумды дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Былтырғы форум нәтижесінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Талқыланған басты мәселе – қаржылық есепті заңсыз талап ету болды. Себебі, кез келген шаруашылық субъект уәкілетті органдарға есеп береді. Тағы бір маңыз­ды мәселе – әлеуметтік қорғау саласындағы қызметкерлердің өздері әлеуметтік қорғалмағандығы. Бұл жағдай ҮЕҰ туралы заңның қажеттілігін айқын көрсетіп отыр. Қазір жұмыс тобы бұл заң жобасымен белсенді айналысып жатыр. Біз оны осы жылдың соңына дейін Мәжіліске түседі деп үміттенеміз, – дейді ол.

Форумда басқа өңірлерден келген қатысушылар да өз ойларын ортаға салды. Ұлытау облыстық азаматтық альянсының төрағасы Әсем Асанханова тәжірибе алмасудың маңызын атады.

–  Біз Қарағандыдан көп нәрсе үйреніп қайтпақпыз. Ұлытауда үкіметтік емес ұйымдар жеткіліксіз, тұрақты жұмыс істейтіндері аз. Сондықтан, осы форумнан көрген-түйгенімізді алдағы 16 қыркүйекте өтетін форумымызда жүзеге асырамыз. Мақсатымыз – тұрақты жұмыс істейтін ұйымдардың тәжірибесін жастарға аманаттау, – деді Әсем Асанханова.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова да форумда сөз сөйлеп, маңызды мәселелерге тоқталды.

– Бүгінгі форумда көтерілген мәселелер алдағы республикалық форумда ескерілетін болады. Ел Президенті 2026 жылды «Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама да қолдау тауып отыр. Арнайы жұмыс топтары құрылып, жұмыстар басталды. Қарағанды облысындағы әріптестеріміз бұл бастаманы қолдайды деп сенеміз, – деді Гүлбара Бекетқызы.

Форумның екінші бөлігі секция­лық отырыстарға арналды. Онда бірқатар маңызды мәселелер жан-жақты талқыланып, ұсыныстар ортаға салынды. Шара Конституция күніне арналған кәсіби фотографтардың «Заманауи Қазақстан» атты фотокөрмесімен және ерекше білім беруді қажет ететін балалардың Кеншілер күніне арналған суреттер фестивалімен түйінделді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *