Бұл кісіні өз елін былай қойғанда, бүкіл қазақ біледі екен. Менен басқасы. Ой, пірім-ай… Бүкіл жұрт танитын, болмысын жақсы сөзбен өрнектеп жүрген азаматты танымайтыныма ептеп қорынып қалғанымды несіне жасырайын… «Арқаның мен деген игі жақсыларына дейін танитын ағамызды сіз неге білмейсіз…» деп сауалдайды жазушы Төрехан досым. Кездеспеген, әрі істес болмаған адамның есімін естуің мүмкін, тіпті сыртынан білуің де мүмкін. Бірақ танымайсың. Танымаған соң ештеңе дей алмайсың.
Ақын Серікке, озық қаламгерлердің бірі Жанболат Ауыпбай айтпақшы, кәдігімгі «Бөрінің монологын» жазатын Ақсұңқарұлына өзім хабарластым. Амандық сұрасқан соң, туған күнге құтты болсын айтысқан соң, әңгіме ауаны ағамызға қарай ойысқан.
– Сенің жерлесің, Тұңғышбай аға осы алдымыздағы сәуірде 80-ге келеді екен. Білетін шығарсың?..
– Е-е-е, Тұңғышбайды білмей не көрініпті!? Ол – менің ағам! Өте дұрыс адам!
Көңілі түскен адамды періштеге теңеп тастайтын Секенім осылай деген соң, ай қарап отырудың жөні болмады.
Осы күндері талай-талай, әртүрлі мазмұндағы, бәрі қазақ руханиятын тірілтіп қана қоймай, әрі қарай қанаттандыратын шаралар әр жерде өтіп жатады. Бәріне бірдей атсалыспасақ та, кейбірінің басы-қасында жүреміз. Іс біткен соң тау қопарғандай болып, кеудені керіп жүреміз, мақтау естісек марқайып, көңілсіз әңгіме естісек томсырайып қаламыз. Кәзит не депті, теледидар көрсетіп пе, әлеужелі халқы не деп жатыр екен деп елеңдейміз.
Сондайда кей әріптесіміз болып өткен алқалы тойын, атаулы жиынының мәні мен мазмұнын министрге, әкім-қараға теліп жатады. Шын мәнінде сол идеяның авторы, ұйытқысы болған адам сырт қалады да, барлық абыройды ортада әншейін жүрген біреулер өз бойына жапсырып алып кете барады Ондайлар арамызда өріп жүр. Өз басымыздан талай өткен.
Қазақ үшін,соның тарихы үшін маңызды бір күн әлде бір тұлға атаусыз қалып жатады. «Осы министрлік, облыс (аудан) әкімі неге үндемеді?» деп әлгінің ит терісін басына тартып тастайтын кісілер артып жығылады. Сонда солардың өзі сол шараны жеңіл-желпілеп болса да, бастап жіберуге өзінің ақылы да, қарымы да жетпегені туралы ләм-лим демейді. Мүмкін ондайға өресі жетпей ме, кім білген…
Ақтоғай ғаламат жер! Адам ата мен Хауа ананы қоспай-ақ қоялық, бұлардан басқа қазақтың марғасқа тұлғаларының бәрі Тоқырауын бойында туғандай болып көрінеді. Өйткені азаматтары туған өлкесін әспеттей біледі.
Тұңғышбай деген азамат сондай жандардың бірі ғана емес, бірегейі.
Ютуб пен фейсбуктің, бұрынырақ шыққан баспасөз беттерін ақтарсаңыз бұған көзіңіз әбден жетеді.
Осыдан екі жыл бұрын Қарағандыда Әлихан Бөкейханның есімі қаланың бір ауданына берілді. Шақырған соң Астанадан бір топ қаламгер бардық. Танитынымыз бар, жыға танымасақ та көз көргендердің біразы жиналған екен. Әлихан аруағын тірілткенге, есімін өлке тарихына өшпестей қылып енгізгенге жұртшылық президент әкімшілігіне, депутаттарға, қала, облыс әкімдеріне ризашылығын білдіріп жатыр. Қарасы мол жиналған жұрттың ешқайсы ұлт көсемі Әлиханның есімін жаңғыртудан еш шаршамаған, ұлы қайраткердің қызметі мен өмірбаянының әр жылы мен айын десек артық болмас, жадында ұстап қана қоймай, айналасына, бүкіл елге шашу қылып жүрген Тұңғышбай аға есімін атамады. Оған ағамыз ренжіген жоқ шығар. Ұлы тұлғаның елімен қайта табысып жатқанына қуанған болар.
Әдетте мұндай кісілер ісін айтып масаттанбайды. Іс-шара дұрыс өту үшін барын салады да, соңының жақсылыққа жетелеуін тілеп, жүре береді. Көшбасшы мен әшейін бастықтың айырмашылығы адамның осы қасиетімен өлшенеді.
Ауылдың тумасы Тұңғышбай еңбекке ерте араласқан. Сегіз жылдықты бітірмей жатып, бозбала әлдебір себептермен, ауылынан жырақ жатқан қыстаққа кетті. Шопанға көмекші болып.
Осы күні бойына жинаған бар білімін өз бетімен алған. Орта мектепті сырттай оқып меңгерген. Жоғарғы оқуды да. Оқу орнындарының беретіні, әдетте, қасаң екенін жұрттың бәрі біледі. Адам қатарына қосылу үшін өз бетіңмен ізденіп, аталы сөзге мән беріп, жақсыны бойға сіңіріп, жаманынан безіну – мінезден. Өзім үшін деп емес, маңайыма шапағатым тисе екен деген ұмтылыстан.
…Бір пенде Тақ Сүлейменге жан-жануарлардың, құс пен балықтың тілін үйретіңіз деген өтініш айтады.
Өз басын әзер алып жүрген сорлы ол тілді меңгергенде қайтер екен дегендейін, пайғамбар әлгіге үйретеді.
Су жаңа тіл білгішіміз қораға кірсе, малдары: «Жақында өгіз өледі» деп әңгіме «соғып тұр» дейді. Өгізді базарға апарып тез арада сатып жібереді. Жылқы қорасында да мініп жүрген атының өлетіні туралы сондай әңгіме қозып тұрса керек. Ат та базарға сатылуға кетті.
Әлгі пенде Тақ Сүлейменге тағы барып, малдарының әңгімесін айтады.
– Е-е-е, пендем. Басыңа бір жамандық үйіріліп тұрғанда, Жаратқан ием соны өгізге бұрып еді. Сен оны сатып пайда таптың.
Әлгі жамандық сенің басыңа қона алмай, атыңа келіп еді. Одан да пайда таптың.
Енді сол ауыртпалық өз басыңа келеді.
Азаматсың ғой, көтересің енді… – деген екен.
Білетіндердің айтуынша, Тұңғышбай ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп көрмеген азамат. Ауыртпалық жүгі Тұңғышбай азаматтың иығына түскенде, мойымаған.
Пәк арманы мен таза ойы алға сүйреген.
«Тоқырауын толқындарын» білмейтін қазақ жоқ шығар. Соның қайнар басында Тұңғышбай аға тұрғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Арнайы білімі жоқ ауыл балалары ауданнан асып не бітірер деген тоғышарлармен талай тайталасқа түскен шығар. Сонда… аудан, облыс басшыларына сөзін дәлелдеп, Алматыдан өнер маэстроларын шақыртқызып, елдегі шаруа маңында жүрген бишілер мен әншілерді тегіс шәкірт қылып жіберген…
Ұмытылып бара жатқан Күләш апамыздың есімін жаңғырту үшін кіммен сөйлеспеді, қайда жүгірмеді. Бұл істің де аяғы шарапатты болды. Қазір Астанадағы өнер университеті мезгілсіз кеткен саңлақ әнші Күләш Бәйсейітованың атында!
Зейнетке шығып, Қарағандыға көшіп келгенде өзі аралас-құралас жүрген тамыр-таныс, туыс-достар енді Тұңкең дем алатын шығар деген.
Қайдағы?
Қаланың Шетке қарай шыға берісінде үлкен қорым бар.
Аруақтардың бұл мекені маңайға қала орнамай тұрғаннан бері сона-ау, «қалмақты қырған» заманнан бері тұр.
Ең алғаш, «топырақ бұйырған жерден» дегендей, мұнда кім жерленгені жайлы дерек жоқ болса да…
Сонда Тұңкең тағы атқа мінген.
– Ағысы Қарағандыға қарай сарқырайтын Соқыр өзенінің бастауы осы жерде. Осы өзеннің бастауында арқасына аруақ қонған Жалаңтөс батыр жатыр! – деп тағы атойлаған.
Қандай да болсын іс-шараны жүзеге асырудың басы қаражатқа келіп тіреледі. Мұндайға мұрындық болу екінің бірінің қолынан келмейді. Қабірстанға кіре беріске Батырдың есімі жазылған, менмұндалап тұратын арка қою керек. Қайтқандар қаласының ішін бір жүйеге түсіру керек. Қабір қазу, мәйітті жөнелту қызметін жүйелеу керек.
Несін айтарсың, шаруа бастан асып тұр еді. Соған ел азаматтарын жұмылдыруға Тұңкең кірісіп кеткен. Осы күні бұл қабірстан «Жалаңтөс батыр зираты» деп аталып жүр. Мұндайға әкімнің жарлығы, басшының бұйрығы жүрмейді. Аузы дуалы, сөзі мен ісіне берік бір адамның сөзі жетіп жатыр. Ол – Тұңкең еді.
Осы дүниені жазбас бұрын, Тұңкең зерттеп, жұртқа жария қылып жүрген тақырыптарын мен де біраз ұңғыдым. Бірақ түбіне жете алмадым.
Білгенімізден білмейтініміз көп екенін бұрын сезсек, енді біліп жүретін болдық.
Тұңкең зерттеп, өзі айтпақшы, Әлихан Бөкейхан айтпақшы, елге қызмет істеу білімнен емес, мінезден.
Осыдан соң Тұңкеңді танымаймын деп көріңіз.
Нұрхан МЫҢБАЙ,
Халықаралық журналистер
Академиясының академигі
Астана-Нұра-Астана
