Ақтас кенті мәдениет үйінің қызметкерлері мен «Астана» өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыруымен өткен «Баталы елге – бақ қонар» байқауы, қоғамдағы батаның тәрбиелік мәнін насихаттап, жастарға тәлім-тәрбие беру мақсатында ерекше ықыласпен өтті. Шара Қасиетті Рамазан айының басталуы мен 1 наурыз – Алғыс айту күніне орайластырылған еді.
Мерекелік кеш «Томирис» би ансамблінің орындауындағы «Қамажай» биімен ашылды. Бата – ата-бабамыздан келе жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен асыл мұрамыз. Ол халықтың рухани байлығы, адам өмірінде ізгілік пен жақсылықтың көзі ретінде танылған. Батадан алынған ақ тілектер мен ниеттер адамды рухани тұрғыдан қуаттандырып, өмірде жол ашады. Қазіргі жастар бата беруде қаншалықты белсенді екенін анықтау мақсатында ұйымдастырылған байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы ер азаматтар қатысып, өздерінің баталарын айтып, бақтарын сынады.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін таныстырған соң, екінші кезеңде еркін тақырыпта бата берді. Үшінші кезеңде қатысушыларға арнайы билет тарту арқылы түрлі бата түріне жауап беруге мүмкіндік берілді. Бұл кезеңдердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты болып, қатысушылардың бата берудегі шеберліктерін шыңдауға жол ашты. Қатысушылар бата берудің терең мәнін, оның шығу тарихын терең зерттей отырып, қазақ халқының тіл мәдениетінде ерекше орын алатын ақ бата мен сөз өнерінің маңыздылығын паш етті. Ақ бата – алғыс айту, ақ тілек білдіру, ізгі ниет көрсету. Бұл ұғым араб тілінен алынған «фатеке» сөзінен шыққан деп саналады. Ақ бата – халқымыз үшін ең құнды мұралардың бірі, әрі ол сөз арқылы адамдардың рухани күші мен табысына ықпал ететініне сенім білдіріледі. Мерекелік кеште өнер көрсеткен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының әртісі – Қуаныш Жағыпаров көрермендерді өз әсем даусымен сүйсіндірді.
– Батаның жас ұрпақты кішілік пен кісілікке тәрбиелеуде айтарлықтай әсері бар. Біз ата-бабамыздан мирас болған баталы сөздерді есімізде сақтап, қадірлеуіміз керек, – деді Ақтас кенті мәдени-сауық орталығының директоры Майра Құлжабаева.
Батаның құдіреті қазақ халқында үлкен орын алған. «Бата қысылғанда қуат, қиналғанда медет береді, әрбір іс-әрекетке даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды» деп сенеді. Халық арасында «Артында бота қалғанша, бата қалсын» деген сөз бар, ол батаның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өмір бойы мәнін жоғалтпайтын құндылық екенін білдіреді. Осыны ескере отырып, байқау қатысушылары өздерінің әдемі әрі мәнді баталарымен көпшіліктің көңілінен шықты. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынға 44803 әскери бөлімінің сарбазы Абжал Мейржан лайық деп танылды. Екінші орын №16 жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәнінің ұстазы Сақан Елдосқа берілді. Сонымен қатар, арнайы сыйлықтарға 44803 әскери бөлімінің сарбазы Сейппадин Анварович пен 85510 әскери бөлімінің бөлімше командирі Галкин Олег те ие болды. Бұл байқау тек батаның қадір-қасиетін түсінуге ғана емес, қазақ халқының мәдени мұрасына деген құрметті арттыруға да үлкен ықпал етті. Баталы елдің әрбір ісі, сөзі бақыт пен табысқа жетелейтіні сөзсіз.
Манас АҚСАРЫ