Зерттеуші жайлы зерттеу еңбек

Жақында Қарағанды қаласындағы «Гласир» баспаханасынан 500 дана таралыммен бір ғылыми кітап жарыққа шықты. Көлемі 9 баспа табақ болатын ғылыми еңбектің атауы – «Руханият тамыршысы». Монография түрінде шыққан аталмыш кітап белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, фольклортанушы Шәкір Ыбыраевтың 75 жылдық мерейжасына арналыпты.

Осы орайда түрколог ғалымның өмірі мен өнегесі, ғылымдағы ізденістері мен ұлт руханиятына қосқан мол үлесі жайлы жазылған жинақта түбі бір түркінің руханият тарихы, сондай-ақ, оның алып аясындағы алаш дүниетанымы мен мәдениетін де барынша қамтығаны көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, зерделі зерттеушіге бағытталған зерттеу еңбек десе де болады. Авторлары – Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, ф.ғ.д. Б.С.Рахымов, М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры, ф.ғ.к. А.А.Мамыт және Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің түлегі А.Д.Сағындықова. Пікір жазғандар – А.Пангереев (Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры), П.Әуесбаева (М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты, филология ғылымдарының кандидаты, доцент), М.Хамзин (Қарағанды «Болашақ» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы).

Бір ғажабы, осы тақырыптан былтыр ғана студент Аружан Сағындықова бакалавриат дипломын жазып, үздік қорғапты. Ғалымдар Б.Рахымов пен А.Мамыт сол дипломдық жұмыстың ғылыми жетекшісі мен кеңесшісі болса керек. Жақсы жазылып, жоғары баға алған студент еңбегін әрі қарай тереңдетіп, ғылыми айналымға түсіріп, монографияға айналдырғаны құптарлық іс. «Бұлақ көрсең – көзін аш» дейді халық даналығы. Жетекшілерінің жетелеуімен жас ізденуші дипломдық жұмысын үлкен ғылыми жинаққа айналдырып жатса, оның несі айып?! Ғылымға талпынған қарлығаш қадамын құптап, нұр үстіне нұр дейміз.

Ғылыми-танымдық әрі тағылымдық мәні бар бұл зерттеу үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – «Қазіргі фольклортану ғылымы» деген жалпы атаумен беріліп, ол «Қазақ фольклортану ғылымының 1970-1990 жылдардағы қалыптасуы мен дамуы», «Фольклортанушы Шәкір Ыбыраевтың өмірі мен өнегесі», «Ғылымдағы бағыт пен бағдар» дейтін тараушаларға бөлінген. Екінші бөлімнің аты – «Шәкір Ыбыраев және қазақ эпосы». Әрі қарай «Эпостық мұраларды зерттеудегі жаңаша әдіс-тәсілдер», «Эпостың типологиясы мен поэтикасы», «Эпос және түркология ілімі» деп жіктелінген. Үшінші бөлім – «Қазақ руханияты және түркология» делініп, «Шәкір Ыбыраев және түркі әлемі», «Қазіргі заман және түркология», «Қазақ эпосының зерттеу мәселелері» секілді тараушаларға тарқатылған.

Кітаптың жалпы құрылымы: кіріспе, осы үш бөлім, қорытынды және пайдалынған әдебиеттерден құралған. 156 бетті қамтитын монография тұтастай ғалым Шәкір Ыбыраевтың өнегелі өмір жолы мен ғылыми іс-тәжірибелеріне, жарық көрген еңбектеріне арналған дедік. Басты мақсаты мен түйген түйіні кітапта былай берілген: «Біздің негізгі мақсатымыз – Шәкір ағамыздың фольклортанушы екенін дәлелдеу болатын. Нәтижеміз бойынша Ш.Ыбыраев көрнекті фольклортанушы ғалым екенін ғалымның рухани мұраны жинап, жариялап, зерттеуші екенінен көрінсе, екіншіден, ол өз бағытын фольклортану ғылымында айқындаған білгір-эпостанушы, үшіншіден, өз зерттеулерін түбі бір түркі әлемімен ұштастырған танымал түрколог деген түйінге тоқталдық».

Расында дарынды, ізденімпаз, еңбекқор ғалым Шәкір ағамыздың ғибратты ғұмырын, ғылымда алатын орнын, әдебиеттегі тұлғасын айқындайтын мұндай еңбектердің өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Хакім Абай: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз…» деп текке айтпаған ғой. Шәкір Ыбыраев ағамыздай ғажап ғалым болмасақ та, оған ұқсап, оның еңбектерін ерінбей – жалықпай оқып hәм тоқып жүрсек, осылай насихаттай білсек те көп дүние орнына келер еді-ау!..

«Жақсы кітап – жан азығы» демекші, жаңа кітап, жақсы кітап құтты, қайырлы болсын! Ақ жол, сәтті сапар тілейміз!

Әлімжан ЖАҚАН

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *