Халықпен бірге жүзеге асатын жобалар

Қарағанды облысында биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 47 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл бастама тұрғындардың өз ортасын жақсартуға тікелей атсалысуына мүмкіндік беретін маңызды құралға айналып отыр. Бағдарлама аясында көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен қоғамдық кеңістіктері абаттандырылып, жаңа гүлзарлар мен балалар ойын алаңдары салынады. Нәтижесінде өңірдегі қалалардың келбеті жақсарып, тұрғындардың өмір сүру сапасы арта түседі.

Жоспарланған жобалардың басым бөлігі Теміртау қаласына тиесілі. Биыл мұнда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 23 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл – өңір бойынша ең жоғары көрсеткіш. Ұсынылған жобалардың негізгі бөлігі аулаларды көркейтуге, балалар мен спорт алаңдарын салуға, сондай-ақ демалыс аймақтарын ұйымдастыруға бағытталған. Ең бастысы – бұл бастамалардың барлығы тұрғындардың өз ұсыныстары негізінде әзірленген.

Аталған бағдарлама шеңберінде халықтың белсенділігі ерекше байқалады. Тұрғындар өз жобаларын ұсынып қана қоймай, олардың іске асырылу барысына да тікелей қатысады. Көбіне балалар ойын алаңдарын салу, футбол алаңдарын жабдықтау, автотұрақтар ұйымдастыру, тротуарлар төсеу немесе көшелерді жарықтандыру мәселелері көтеріледі.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы – тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы тиімді байланыстың жарқын үлгісі. Біз халықпен ақылдаса отырып, олардың ұсыныстарын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз», – дейді ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Думан Серіков.

Бағдарламаның нақты нәтижелерін Қарағанды қаласының 70-ші шағын ауданындағы абаттандырылған аулалардың бірінен көруге болады. Бұл жоба былтыр жүзеге асырылып, бүгінде тұрғындар игілігіне қызмет етіп отыр. Жобаның бастамашысы әрі авторы – жергілікті тұрғын Дәулет Нұғыманов. Бұрын қараусыз жатқан аумақ қазір заман талабына сай демалыс аймағына айналған. Мұнда балалар ойын алаңдары, спорттық құрылғылар орнатылып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалған.

«Біз жобаны дайындап, 2025 жылы өтінім бердік. Сараптамалық кеңес қолдағаннан кейін мердігер ұйым анықталып, ауламыз толықтай жаңартылды. Жоба авторы ретінде мен де жұмыстардың сапасына күнделікті бақылау жүргіздім», – дейді ол.

Өткен жылы да бұл бағдарлама аясында Қарағандыда көптеген жоба табысты жүзеге асырылды. Биыл бюджет мүмкіндіктері шектеулі болғанына қарамастан, бірқатар маңызды бастамалар қолға алынып отыр. Жалпы, бұған дейін мақұлданған жобаларды толық жүзеге асыру үшін шамамен 2,5 млрд теңге қажет.

Қазыбек би ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Нариман Итқариннің айтуынша, жобаларды іріктеу процесі ашық әрі әділ өтеді.

«2025 жылы дауыс беру кезеңі ұйымдастырылды. Қалалық мәслихат депутаттарымен бірлесіп арнайы комиссия құрылып, тұрғындардың өтінімдері мұқият қаралды. Соның нәтижесінде биыл жүзеге асырылатын 82 жоба таңдап алынды», – дейді ол.

Сонымен қатар биыл Қарағанды қаласында ішкі көшелер мен аулаларды жарықтандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл соңына дейін төрт мыңға жуық жарық бағанын орнату жоспарланып отыр. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, қаланың түнгі келбетін жақсартуға ықпал етеді. Бұдан бөлек, автотұрақ орындарын көбейту, жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасады.

Жалпы алғанда, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы – тұрғындардың бастамасын қолдап, олардың өз ортасын дамытуға мүмкіндік беретін тиімді тетік. Мұндай жобалар халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, қоғамның белсенділігін арттыруға ықпал етеді.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ