Өнерліге жол салған

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасы өзіндік кәсіби тарихқа ие. 1966 жылдан бастап Қарағанды педагогикалық институтында (ректор С.Б.Баймурзин) физика-математика факультетінің жанындағы көркем-графика бөлімінде (декан, физика-математика ғылымдарының кандидаты К.М.Арынгазин) алғаш рет «Сурет және сызу» мамандығы бойынша студенттер қабылданды. Бұл – Қарағанды облысының мектептеріне педагог кадрларды даярлау мақсатында жүзеге асты.

1970 жылы алғашқы түлектер (41 маман) бітіріп шықты. Олардың көпшілігі кейін жетекші маман, белгілі мұғалім, әдіскер, жоғары оқу орындары мен колледждердің профессоы мен оқытушыларына (профессор В.И.Коркина, М.М.Хасенов, В.С.Шкляров), сондай-ақ Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері болып табылатын танымал суретшілерге айналды.

1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің құрылуына байланысты көркем-графика бөлімі қайта ашылып, Қарағанды дене тәрбиесі педагогикалық институтына берілді (ректорлар: Б.С.Мусин (1970-1973), Д.А.Шаймуханов (1974-1982).

Осы кезеңде көркем-графика бөлімінде оның алғашқы түлектері В.И.Коркина, Р.С.Сабитов, М.М.Хасенов, А.Г.Гених, А.А.Тимофеев, А.Н.Сердюк жұмыс істеді. Белгілі мүсінші Б.И.Мусат пен өнертанушы Л.Р.Золотарева шақырылды.

1984 жылы ректор, профессор С.К.Досмағамбетовтың бастамасымен ҚарПИ-де «Бейнелеу өнері, сызу және еңбек» мамандығы бойынша қабылдау ашылып, сол жылы «Бейнелеу өнері, сызу және еңбекке баулу» кафедрасы ұйымдастырылды. Кафедра меңгерушісі болып техника ғылымдарының кандидаты, доцент Владимир Ильич Нартя сайланды.

Кафедра мен бөлім физика-математика факультеті құрамында жұмыс істеді (декан, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент К.З.Альжанов). 1985 жылы инженерлік-педагогикалық факультеттің ашылуына байланысты мамандық көркем-графика факультетіне берілді, оның деканы доцент Э.А.Нам болды.

1990 жылдары факультет декандары әр кезеңде В.И.Ненахов, В.С.Шкляров, Ж.Ш.Балкенов болды. Бұл жылдары кафедраларды: кескіндеме кафедрасын – С.К.Калмаханов, сәндік-қолданбалы өне ркафедрасын – М.А.Калкабаев, сурет кафедрасын – Ж.Ш.Балкенов басқарды.

1996 жылы Қарағанды педагогикалық институты Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетімен біріктірілгеннен кейін факультеттер мен кафедралар қайта ұйымдастырылды. Кәсіби-көркем білім беру факультеті құрылып, оның құрамына графика және сәндік-қолданбалы өнер кафедрасы (меңгерушісі – доцент В.И.Нартя) және бейнелеу өнері кафедрасы (меңгерушісі – доцент Ж.Ш.Балкенов) кірді.

1997 жылы кафедраларды біріктіру нәтижесінде «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасы құрылды. Оның меңгерушісі болып доцент, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Б.Е.Мустафин тағайындалды. Әр жылдары кафедраны: педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Л.Н.Солодовиченко, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор М.М.Хасенов, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.Ш.Резин, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент С.А.Кипшаков, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент А.Ш.Манабаева, химия ғылымдарының кандидаты, доцент М.С.Нурмагамбетова, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Г.С.Шрайманова басқарды.

2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін кафедраны педагогика ғылымдарының магистрі, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Қ.Т.Кошқумбаев басқарады.

Бүгінде Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасы классикалық көркем дәстүрлер мен инновациялық тәсілдерді ұштастыратын заманауи білім беру орталығы.

Кафедра оқытушылары жоғары импакт-факторы бар журналдарда (Ресей, Беларусь, АҚШ, Германия, Италия, Польша, Ұлыбритания, Словакия, Түркия және т.б.) ғылыми мақалалар жариялайды. Зерттеу нәтижелері Қазақстан және жақын шетел жоғары оқу орындарының білім беру процесіне енгізілуде. Монографиялар, оқулықтар және оқу құралдары жарық көрген.

Оқытушылар «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегерлері (Л.Р.Золотарева – 2007 ж., А.Ш.Манабаева – 2010 ж., С.А.Кипшаков – 2016 ж.). Оқытушы Г.А.Ахметжанова 2024-2025 оқу жылында «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тағы Иллинойс университетінде тағылымдамадан өтті.

Жыл сайын кафедра оқытушылары «Дельфий ойындары», «Шабыт», Қарағанды қаласы әкімінің «Дарын» сыйлығы конкурстарының қазылар алқасына қатысады, сондай-ақ оқушылар мен студенттерге арналған олимпиада  мен конференция ұйымдастырады.

Әділ БЕК