Сақшының бір күні

Бүгінгі күні полиция кұрылымында кез келген шақыртулар мен хабарламаларға ең бірінші болып жауап  беріп отыратын бөлімше – ол патрульдік полиция бөлімшесі. Халықпен тығыз байланыста болып, халықтың жанынан табылатын және көмек беруге әрдайым дайын тұратын, қауіппен бетпе-бет келіп қылмыскерлерді ұстайтын да, қылмыстың ізін суытпай ашатын да осы кызмет бөлімі.

Осындай қызмет бөлімінің жұмысымен танысу мақсатында сол салада ұзақ қызмет жасап жүрген маманды әңгімеге тартқан едік. Қызметте жүрген Жанболат жұмысының көптілігіне қарамастан бірден келісе кетті.

Қарағанды-Сұрыптау станциясы көліктегі полиция басқармасы патрульдік полиция взводының қызметкері старшина Жанболат Ысқақов кұқық қорғау органдарындағы кызметін 2008 жылдан, ол кезде Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімі Жарық станциясы желілік полиция бөлімшесі патрульдік полиция тобының полицейі лауазымында бастаған екен.

Сабырлы қызметкер өзі туралы емес, өзінің атқарып отырған қызметімен жақынырақ таныстырғанды жөн көрді.

Жанболаттың кызметі он екі сағаттық ауысымды жұмыс болғандықтан, әдетте таңғы жетіде басталып кетеді екен. Қызметтік арнайы кұрылғыларды алған соң, командирлердің нұсқамалары, бағыттамалар жеткізілетін таңғы саптық жиналыс өткізілісімен, бірден қызмет ету аумағына беттейді.

Жанболат қызмет барысында Қарағанды теміржол вокзалындағы, перрондағы және поездардағы жолаушылардың кауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Тәжірибеде көбінесе қоғамдық орындарда масаң күйде болу, заңмен тыйым салынған жерлерде темекі шегу, теміржолдың белгіленбеген жерлерінен өту сияқты заңбұзушылықтар кездесіп жатады. Әдетте тәртіп сақшылары заң шеңберінде әрекет етіп, әкімшілік жауапкершілікке тартып жатады.

Сонымен бірге жолаушылардың өздерінің алаңғасырлық таныту салдарынан жеке заттарын пойызда ұмытып кету немесе қалдырып кету деректері де орын алып жатады. Осындай жағдайларда жоғары кәсібилік танытып, полиция кызметкерлері жолға қойылған тәртіп бойынша әрекет жасап, адамдарға  шұғыл түрде көмек көрсетеді.

Ауысым барысында қоғамдық орында жасалатын қылмыстарды болдырмау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді. Теміржол вокзалында, перронда, жолаушылар поездында, купеде қызметтік иттерді пайдалана отырып, тиым салынған заттарды анықтау үшін жүргізілетін рейдттік шаралары тағы бар.

Жолда келе жатқан жолаушыға арнайы мамандардың келуіне дейін шұғыл алғашқы медициналық көмек көрсету іс-шараларын жүргізу де жиі кездесіп тұрады.

Жанболаттың айтуынша көлік орындарында қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау күш пен еңбекті талап етеді және елге деген сүйіспеншілік, қызметке деген төзімділік – полиция қызметкерінің өз міндеттерін адал орындауға ынталандырады.

Міне осылайша біздің кейіпкеріміздің бүр күндік жұмыс күні қызыққа толы өтеді.

Жансая САДУАҚАСОВА,

Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы

КПБ АСт инспекторы

полиция майоры