Дана халқымыздың атам заманғы ертегі-аңыздарында айтылған, әлемнің ұлы физиктерінің ғылыми-зерттеу еңбектерімен дәлелденген жеті қат көкті 1991 жылғы қазан айының 2-жұлдызында Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМ-13» кемесімен шарлап, сезімтал құрылғыларымен Көк тылсымының Жердегі тіршілікке әсері жөнінде экипаж құрамында болған аустриялық ғалым-ғарышкер Франц Фибекпен бірге зерттескен Қарқаралы қыраны – Тоқтар Әубәкіров туралы сөзді дереккөздік фактілермен жеткізер алдында, оның асқан қарапайымдылығын, кристалдай жан тазалығын, туған халқының әдет-ғұрпын да, әуезді әнін де құрметтейтінін жан екендігін ең әуелі сөз етемін.
Ал Тоқтар Әубәкіровке «Кеңес Одағының Батыры» атағын, «КСРО-ға еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыш» жоғары атағын Ресей Федерациясы ол ғарышқа ұшпас бұрын – 1988 жылғы теңдессіз ерлігі үшін берген-ді, яғни біз Батырымызды (игіліктің ерте-кеші жоқ!) сәл кештеу танып-тапқан болатынбыз.
Мұның басты себебі – Қарқаралы ауданының бұрынғы «1-Май» колхозының тұрғыны Оңғарбай Әубәкірдің отбасында 1946 жылғы шілденің соңында туған, өкінішке орай, өзіне өмір сыйлаған ата-анасынан тым жас қалып, бастауыш мектепті Калинин колхозы РТС бөлімшесіндегі туысының қолында, жоғарғы кластарды Теміртаудағы әпке-жездесінің қолында оқып, ерте есейген Тоқтардың сол металлургтер қаласындағы авиаклуб үйірмесіне жазылып, парашютпен көктен секіруге машықтанып, ұшқыш болу арманына жету жолында Ресей азаматтығын алып, елден қол үзгендігімен байланысты болатын.
Хош, бәрін асықпай баяндалық: әйгілі Қазақстан магниткасы дүрілдеген металлургтер қаласында орта білім туралы кәмелеттік аттестатын алып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген Тоқтар Әубәкіров «көк әлемін шарлайтын ұшқыш болсам!..» деген арманын аялай жүріп, еңбек жолын 1962-1965 жылдары Теміртау құйма-металлургия заводында токарь болып бастаған уақыт ішінде өз ісіне жауапкершілігі мен шеберлігі нәтижесінде есімі комбинаттың «Құрмет тақтасына» жазылып қалады.
Сол жоғары мінездемесімен, әскер мен еңбектегі даярлығымен Армавир Жоғары әскери ұшқыштар училищесіне түсіп, оның толық курсын 1969 жылы үздік аяқтасымен, 1969-1975 жылдары КСРО Әскери Әуе күштерінің Қиыр-Шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары болып шынығады, 1975-1976 жылдары Мәскеудің ұшқыш-сынақшылар мектебін, онан соң Мәскеу авиация институтын оқып-бітіріп, 1982 жылы А.Микоян атындағы Тәжірибелік-инструкторлық бюросының ұшқыш-сынақшысы атанады. Мұнда ол Кеңес Одағында тұңғыш рет өткізілген әуедегі ұшаққа өз ұшағымен екі мәрте жанармай құю тапсырмасын мінсіз орындап, Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен өткеріседі де, «КСРО-ға еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыш» атағымен марапатталады.
Осы фактілердің өзі Тоқтар Әубәкіровтың «Батыр» атануына толымды еңбек болатын: мұндай жанқиярлық сынақ үстінде мертігу, ажал құшу аз болмайтын. Сынақтардың ауырлығын мына фактіден-ақ салмақтай беріңіз: оның серіктесі, сол кезде «Кеңес Одағының Батыры» атағы бар сынақшы-ұшқыш В.Пугачев крейсерден ұшып шығу маневрінен өте алмайды… Яғни Тоқтарымызға «Кеңес Одағының Батыры» жоғары атағы оның әлемде теңдессіз әскери тапсырманы бірнеше мәрте сәтімен орындағаны – 1988 жылы авиатасушы СУ және «МиГ-29» реактив ұшақтарын «Тбилиси» крейсерінің алаңқайына асқан шеберлікпен дәл қондырып-ұшырғаны, реактив-ұшақпен осындай 50-ден астам сынақ өткізіп-көрсеткені үшін берілген болатын!
Яғни қарқаралылық қазақ баласы Т.О.Әубәкіровке 1988 жылдың 31 қазаны күні «Кеңес Одағының Батыры» атағын беру туралы Ресей үкіметінің Жарлығы шығады. Тоқтардың Батыр атағын әйгілейтін Алтын жұлдызбен (№11585) қоса ең жоғарғы марапат – Ленин орденін алғаны туралы «Правда» газеті дәріптеп жазады, ұшқыштар әлемі, әскери ғалымдар біздің жерлесіміздің теңдессіз ісін жоғары бағалап, құттықтайды. Олардың арасында біздің республикамыздан әскери авиация ғылымынан бір өкіл болса болған да шығар, бірақ Тоқтар Әубәкіров деген қазақ Батыры туралы еліміз дәл сол жылы білмеген болатын.
Ал сонда Тоқтар Әубәкіровты елімен табыстырған кім еді?
Қазақтың әйгілі ақын-жазушысы, ұлттық мақтанышымыз һәм мемлекет қайраткері, ғалым-лингвист Олжас Омарұлы Сүлейменов 1989 жылғы қыстың бір шыңылтыр күні әдетінше Алматыда, Алатаудың әйгілі сілемі – Шымбұлақта шаңғы теуіп жүріп, бұрын-соңды өзі көрмеген қақпақ жауырынды, атжақты, тобылғы-торы өңді жігіттің шаңғышылығына сүйсініп, әдейі тоқтатып-танысады. Оның Мәскеуде тұратын Тоқтар Әубәкіров есімді қазақ жігіті, Кеңес Одағының Батыры, сынақшы-ұшқыш, Қарқаралының тумасы екендігін біледі. Содан соң-ақ сол жылы «Казахстанская правда» газетіне «Қарқаралы өз Батырын біле ме?!.» деген тақырыппен Тоқтардың ерлікке толы өміржолы жайында тамаша корреспонденция шығарады.
Қарқаралы өз Батырын сол ізбен тапты! Тоқтар Әубәкіров алғашында елге ресейлік қызметтес жолдасымен, республика, облыстың бір-екі өкілімен келген болатын. Сол бірінші кездесу өткен залға ауданымыздың ҰОС ардагерлері, жасы үлкен ақсақалдары лық толды, Батырымыздың олармен қазақша құшып-амандасқанына өте риза болысты. Үлкендер Тоқаңа бірсыпыра сұрақ қойысты, олардың ішінде кезінде «1-Май» колхозында тұрған Тоқтардың ата-анасын көргендер де бар еді, солардың бірі Батырдан: «Келінбала бар ма?» деп сұрауды ұмытпады. Сол кездесуде әр сауалға ана тілінде жауап беруге тырысқан Батыр: «Келініңіз бар, бірақ ресейлік қыз. Өзім ұнатқан қазақ қызының ата-анасы менің айлап-жылдап алыстағы қатерлі сынақтарда жүретінімді ұнатпады, қыздарын бермеді» деп, қысқа да нұсқа жауап бергені – күні бүгінге дейін жадымда.
Содан Байқоңыр ғарыш айлағының заңды қожайыны, Одақ құрамындағы Қазақ кеңестік социалистік республикасының Үкіметі 1990 жылы даңқты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровтың кеңестік Ғарышкерлер даярлау отрядына алынуына бастамашы болады. Сөйтіп ол 1991 жылы КСРО Ғарышкерлер даярлау Орталығында ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы Байқоңырдан «Союз ТМ-163» кемесімен ғарышқа ұшады, өзімен бірге сапарлаушы аустриялық ғарышкер-ғалым Франц Фибекпен бірге берілген тапсырма бойынша «Мир» орбита кешенімен түйіседі, сондай-ақ Қазақстан аумағы мен жұлдызды аспан астрофизикасын бақылап-жазады, биотехнология, металлургия, медицина салаларынан және Арал аймағы бойынша ғылымға керекті фото-жазба жұмыстарын орындайды. Тоқтардың Арал теңізінің құрғау себебін космостан бақылап, бірнеше ғылыми рельефтік фотодерекпен оралғаны, мысалы, бүгінде көл табанының қайтадан суға тола бастауына үлес қосты.
Қарқаралы топырағына кіндік қаны тамған Батыр перзентімен туған елі сол қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш-ғарышкер, ҚР Халық Қаһарманы атағын алғаннан соң екінші мәрте қоян-қолтық табысып, оны риясыз құшағына алып, қазіргі «Ақжол» және «Восток» мекендеріндегі ет-жақын туыстарымен араласқан болатын. Ал Батырдың өзі өмірден ерте озған ата-анасының «1-Майдағы» бейітін түзеп, басына ескерткіш белгі қойып, ел-жұртын ата-анасының аруағына бағышталған дұғалы асқа жинады.
Тоқтар Әубәкіров еліміздің игі жақсыларының кеңесімен қазақ жеріне көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алып, жаңа елордамыз Астанаға біржолата қоныс аударғаннан соң, «Байқоңырды», елдің қорғаныс ісін нығайтуға үлес қосқандығын, Парламент Мәжілісінің депутаты сайланғандығын елдің бәрі біледі.
Қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш ғарышкер, ҚР Халық Қаһарманы (1995), техникалық ғылымдар докторы, профессор (1995), Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры атануымен қатар, Тоқтар Оңғарбайұлының отандық Қарулы күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, «әскери-патриоттық тәрбие» идеологиясына белсене араласқанына куәміз. Ол 1992-1993 жылдары ҚР Ұлттық аэроғарыш агентігінің Бас директоры – ғылыми және жаңа технология министрінің орынбасары, Қорғаныс және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, 1996 жылдан ҚР Президентінің кеңесшісі болып, 2001 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің жаңа шақырылымына депутат сайланды. Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Тоқаң мемлекетіміздің көптеген жоғарғы ордендерімен наградталды.
Депутаттық жылдары Тоқтар – патриот ақиқатты батыл айта алатын әділдігімен, жерінің асты-үсті байлыққа толы Қазақстанның негізгі ұлтының жұпыны тұрмысына жүрегі ауырып, үкіметіміздің кейбір шалағай қадамын бетке айтатындығымен бірер үкімет адамына ұнамай, бастапқы кездері өз Отанында салқын қабаққа ұшырағандығын да жұрт білмейді емес. Бірақ «өзекке тепсе де өзіңнен кетпейтін» Батыр еш нәрсеге ешқашан қабақ шытпаған екен. Өйткені ол – халық махаббатына бөленген, атақ-даңқы бір басынан асатын, туған ұлтының салт-дәстүрі мен музыкасын, Абай әндерін жаны сүйетін елгезек жан ғой!
Талай салтанатты кештерде ол әншілерден «Көзімнің қарасын», «Айттым сәлем, Қаламқасты» бастауды өтініп, сосын әнге өзі де қосылып-егіле шырқайтынын көргеміз. Ауданның әкімі, үлкен жүректі абзал азамат Ниқанбай Иманғалиұлы Омарханов Қарқаралының ең үлкен көшесіне Тоқтар батырдың атын беру туралы шешім шығарды, елдің зиялы азаматтары авиацияға құштарлығымен шалғайда жүріп, толағай атаққа жеткен бауырына ыстық ықыластарын төгіп, ұлттық мақтанышымыздың туған табиғат аясында аунап-қунауына, астанадағы атбегілік хоббиіне қолдау жасады.
Ғарышкеріміз бала кезінде тұрған атырапта «Тоқтар ауылы» пайда болғанына да биыл – отыз бес жыл!
Ал енді ардақты ата-анасының асыл сүйегі жатқан бұрынғы «1-Май» колхозының, бүгінгі Ақжол ауылының халқы Мартбек Мамыраевтай, Петр Теряевтей Кеңес Одағының Батырлары өмірге келген, Нұрбақыт Қабдыкәрімовадай Социалистік Еңбек Ері, Қалыбек Қуанышбаевтай КСРО Халық артисі туған, Қазақ КСР-ы Жоғарғы кеңесінің депутаттары шыққан мекеннің даңқы Тоқтар Әубәкіровтей ерен Батыр есімінен байығанын зор мақтаныш етеді.
Ауылдың әр үйінде Тоқтармен түскен отбасылық фотосурет ілулі. Бүгінде күллі ел Ақжолды «Батырлар ауылы» атайды. Осы материалымызға тіркелген мына сурет Тоқтар Әубәкіровтың туған еліне Қазақстанның Халық Қаһарманы, қазақтан шыққан екінші ғарышкер Талғат Мұсабаевпен келген сәтті – Ақжол ауылдық Кеңестің төрағасы Жантурин Қайрат, кеңшар директоры Смақов Сағаткәрім, Еңбек Ері Нұрбақыт-ару бастаған тобымызды бейнелейді.
Міне, біздің Тоқтарымыз – ешқандай қоспа-бояусыз суреттегендегі Батырымыз осындай. Оның әлемдегі жай-күйді, мемлекеттер арасындағы әскери саясатты терең таразылайтын телегей-теңіз білімі шамалы сөйлессеңіз-ақ аңғарылып тұрады. Соншама өмір сынағынан өткен атақты жанның жылы жымиысынан бір сәт танбайтындығына, қазақша сөйлегенде басқа ұлттың сөзін араластырмайтын парасатына қайран қаласыз.
Жер мен Көкті, алпыс екі Ғаламды жаратушы Тәңіріміз еліміздің іргесін аман сақтағай! Ғұмырлы болсын Қарқаралы перзенті!
Назипа АСҚАР,
Қарағанды облыстық
ардагерлер кеңесінің мұшесі
