Қарқаралы қымызының бағы жанған күн

BaiQymyz-2026 фестивалі ұлттық сусынның мәртебесін асқақтатты

Қарқаралының көркем табиғаты мен бай тарихи мұрасы биыл тағы бір маңызды оқиғаның куәсі болды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауды мақсат еткен BaiQymyz-2026 этно-гастрономиялық фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен қымыз өндірушілер, кәсіпкерлер, этнографтар мен туристер жиналды. Қазақтың қасиетті сусыны – қымызды дәріптеген ауқымды шара Қарқаралы өңірінің туристік әлеуетін танытып қана қоймай, ұлттық тағам өндірісін дамытуға жаңа серпін берді.

Қазақ халқы үшін қымыз – жай ғана сусын емес, ғасырлар бойы ұлтпен бірге жасасып келе жатқан мәдени мұра. Төрт түліктің төресі саналатын жылқыны қадірлеген халқымыз бие сүтінен дайындалатын сусынның емдік қасиетін ерте заманнан-ақ білген. Сондықтан да қымыз төңірегінде ұйымдастырылатын әрбір шара ұлттық болмысты жаңғыртуға қызмет етеді.

Осы мақсатты көздеген BaiQymyz-2026 фестивалі биыл Қарқаралы жерінде жоғары деңгейде өтті. Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен келген ондаған шаруашылық қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға 37 қымыз өндіруші қатысып, үздік өнімді анықтау үшін арнайы сараптамадан өтті.

Үздік қымызды анықтаған байқау

Фестивальдің негізгі бөлігі – қымыз сапасын бағалау байқауы болды. Қатысушылар әкелген өнімдер зертханалық тексеруден өткізіліп, олардың табиғилығы, құрамы, дәмдік ерекшелігі және дайындау технологиясы сараланды. Мамандар ұлттық сусынның сапасын халықаралық талаптарға сай бағалап, әр өндірушінің еңбегіне әділ баға беруге тырысты.

Қазылар алқасы қымыздың дәмдік қасиетімен қатар оның өндіріс мәдениетіне, сақталу ерекшелігіне және дәстүрлі технологиялардың сақталуына да ерекше мән берді. Бұл өз кезегінде қымыз өндірісін кәсіби деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Қарқаралы өңіріндегі Ақтерек ауылының шаруашылығына бұйырды. «Қарқаралы Ақтерек» бренді еліміздегі ең үздік қымыз өндіруші ретінде танылып, фестивальдің басты марапатын иеленді.

Екінші орынды және 3 миллион теңгені Қарқаралы ауданы Тоқпан ауылынан «Тоқпан қымызы» бренді иеленді. Үшінші орын Ұлытау облысынан келген «Жаңаарқа қымызы» брендіне бұйырып, 1,5 миллион теңге табысталды. Сонымен қатар, арнайы номинациялар бойынша да жеңімпаздар анықталды. Фестивальге 30 тонна қымыз әкелінді. Қонақтар ұлттық сусынның түрлі түрлерін тегін татып көріп, өздеріне ұнағанына дауыс берді.

Дәстүр мен кәсіп үндескен шаруашылық

Жеңімпаз атанған шаруашылықтың негізін қалаушы Бұрхан Жолтайдың айтуынша, қымыз дайындау олардың әулетінде атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіп. Оның айтуынша, ата-бабадан мирас болған бұл дәстүрді сақтап қалу үшін ең алдымен табиғилық пен сапаға мән беру қажет.

– Қымыз дайындау – жай ғана кәсіп емес, үлкен жауапкершілік. Бие байлаудан бастап, саба пісуге дейінгі әрбір үрдістің өз әдебі мен тәртібі бар. Біз сол дәстүрді бұзбай, заман талабына сай дамытуға тырысамыз. Қымыздың сапасы ең алдымен малдың күтіміне байланысты, – дейді Бұрхан Жолтай.

Шаруашылық иесінің сөзінше, соңғы жылдары қымызға деген сұраныс артып келеді. Әсіресе қала тұрғындары табиғи әрі дәруменге бай ұлттық сусынға көбірек көңіл бөле бастаған. Бұл өз кезегінде ауыл кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндік ашып отыр.

Қымыз – ұлт бренді

Фестиваль барысында мамандар қымыз өндірісін дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Сарапшылардың пікірінше, қазақтың ұлттық сусыны халықаралық деңгейде танымал брендке айналуға толық қабілетті. Ол үшін өнім сапасын біріздендіріп, өндіріс көлемін арттыру және экспорттық бағытты күшейту қажет.

Этнографтардың айтуынша, қымыз қазақтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан ерекше тағам мәдениетінің бір бөлігі. Сондықтан мұндай фестивальдер тек кәсіпкерлердің басын қосатын алаң ғана емес, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын маңызды мәдени шара саналады.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған көрмелер мен шеберлік сағаттары да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қонақтар саба жасау, қымыз пісу дәстүрі, жылқы шаруашылығы туралы кең мағлұмат алды. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, қолөнер шеберлерінің туындылары таныстырылды.

Қарқаралының туристік әлеуеті артты

BaiQymyz-2026 фестивалі Қарқаралы өңірінің туристік тартымдылығын арттыруға да ықпал етті. Табиғаты көркем, тарихи орындарға бай өңірге келген қонақтар ұлттық дәстүр мен қазақы ауылдың тыныс-тіршілігін тамашалады.

Додалар арасында тазы жарыстары көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Жарысқа Павлодар, Ақмола және Қарағанды облыстарынан, сондай-ақ Астанадан келген ең жүйрік әрі төзімді 25 тазы қатысты.

Бас жүлдені Ақмола облысынан келген Аққұс атты тазы жеңіп алды. Екі жастағы иттің бірнеше жетістігі мен марапаттары бар.

– Тазы өсірумен бұрын әкем айналысқан, сол кісіден және туыстарымнан осы сүйіспеншілік дарыған. Менің тазым өте ақылды әрі жылдам. Бұл жарысқа жеңіске жетемін деген ниетпен келдім. Бәрі ойдағыдай болды, бәсеке өте күшті болды, — деді тазы иесі Бірлік Уәлиев.

Фестиваль қазақтың дәстүрі, қонақжайлығы мен ұлттық мәдениетінің нағыз мерекесіне айналды. Бір күннің ішінде оны 20 мыңнан астам адам тамашалады. Келушілер санының көп болуына байланысты Қарағандыдан арнайы тегін автобустар саны төрттен алтыға дейін көбейтілді. Биылдан бастап BaiQymyz фестивалі республикалық мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізіліп, жыл сайын өткізілмек.

Мамандардың айтуынша, этнотуризмді дамыту арқылы ауылдық аймақтардың экономикасын жандандыруға болады. Мұндай шаралар жергілікті кәсіпкерлердің табысын арттырып қана қоймай, жастардың ауылда тұрақтап, кәсіппен айналысуына да серпін береді.

Фестиваль соңында жеңімпаздар арнайы марапатталып, үздік қымыз өндірушілерге дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар бұл жобаны алдағы жылдары да жалғастырып, халықаралық деңгейге шығаруды жоспарлап отыр.

Қарқаралы төрінде өткен BaiQymyz-2026 фестивалі ұлттық мұраны ұлықтаған, ата кәсіпті дәріптеген тағылымды шара ретінде есте қалды. Қазақтың қасиетті сусыны – қымыздың қадірін арттырған мереке ұлттық рухты асқақтатып, ел ішіндегі бірлікті нығайта түсті.

 

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ