Өткен аптада Шет ауданының Ақжал кентінің маңында «Керней баба» қорының бастамасымен үлкен ас берілді. Аталған шарада ұлтымыздың спорт түрлерінен жарыстар үйымдастырылып, өнер жұлдыздарының концерті өтті. 180-ге тарта ақшанқан киіз үйлер тігіліп, дүниеден өткен бабаларға құран бағышталды.
Ұйымдастырылған астың аясында Ақадыр кентіндегі өзі аттас – Жарылғап батыр атындағы көшеге арнайы билборд қойылды.
Орта жүз Арғын тайпасының Қаракесек (Болатқожа) бұтағынан тараған Керней руының атақты ұлы Жарылғап батыр (1718-1769) Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте көзсіз ерлік көрсетіп, елін қорғаған баһадүр.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Хан кеңесіне кірген үштің бірі – бай Жарылғап, батыр Жарылғап, би Жарылғап» деп жазған.
Академик Манаш Қозыбаев «Жарылғап батыр — Бес Мейрам елінің қолын басқарған батыр» деп бағалаған.
Батыр жайлы Ж.Алтайбаев, А.Сейдімбек, Ө.Кәріп, К.Жүністегі, Т.Садық, Т.Майбас және басқа да қаламгерлер зерттеу мақалаларын жазды. Жазушы С.Сматай «Жарылғап батыр» атты романын арнады.
Жарылғап батырдың есімімен Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақшатау округіне қарасты елді мекен (бұрынғы Ақшатау ауылы), Ақадыр кентіндегі және Түркістан қаласындағы көшелер аталады. Даңқты батыр Түркістанда, қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңына жерленген. Құлпытастағы 47-ші қатарда есімі жазылған.
Батырларымызды ұлықтау рухани сабақтастықтың белгісі, ұлағатты өнеге және кейінгі ұрпақ өкілдеріне патриотизмдық тәрбие беретіні бәрімізге белгілі.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті.