БАТЫР ЖАУДА, ДАНА ДАУДА ТАНЫЛАДЫ

Батырын ұлықтаған елміз. Қазақтың кең байтақ даласы талайлардың көз құрты болғанымен, бүгінгі ұрпақтың пайдалануына жарап тұр. Асты кенге, үсті байлыққа толы ұлан-асыр жерімізге көз тікпеген мемлекет жоқ, тіпті әлі де көз алартып отырғандар жеткілікті. Басшыларымыз сындарлы саясат жүргізгенде ғана  жеріміздің тұтастығы сақталмақ.

Ал осы ұшы-қиыры жоқ қазақ жерін сыртқы жаулардан ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, аман сақтап, бүгінгі күнге жеткізген біздің ата-бабаларымыз екені аян. Оның ішінде даңқты батыр бабаларымыздың алар орны ерекше.

Өзге жұрттан қазақтың бір ерекшелігі барлық рудан батырлар шыққан, әр  өңірде жасақталған батырлар қолы бос кездерінде соғыс өнерін үйреніп, жаудың келе жатқанын естіген бетте ұжымдасып, үлкен топқа бірігіп, тізе қосып аттанатын болған. Қазір таңданатындар көп, қазақтың бәрі батыр болған ба деп. Шын мәнінде дені сау ер адамдардың бәрі жауынгерлік сапта болған. Өйткені батыр болу қазақ болу деген сөз, батыр болу басты мақсаттың бірі болған, баласын ең алдымен батырлыққа тәрбиелеген қазақ жауына да қорықпай қарсы шығып, тәрбие жемісін көріп отырған.

Қазақтың басы қосылып, ел іргесіне жау келгенін білдіретін ұран оты жағылғанда, атқа мінбеген қазақ болмаған. Содан келіп қазақ батырларының саны көбейіп, бүгінде бабам батыр болған деген сөздің төркіні осыдан шыққан. Бұрындары белгісіз болып келген талай батырлардың есімдері ұлықталып жатыр. Кеңес өкіметі кезінде көптеген ардақтыларымыздың аттары ұмытылды. Одан беріде ескі әңгіме айтатын ақсақалдарымыз күрт азайды, қазақи салт-дәстүрлеріміз жадыдан шыға бастады. Басқа ұлттарға еліктеушілігіміз артып, батыстың өміріне қызығушылығымыз өріс ала бастады. Біртіндеп «Батырлар жырын» оқуды тоқтаттық, оны оқыттырып тыңдайтын адам да қалмады.

Жақсы болсын, жаман болсын, еркіндігіміз қолға тигеннен кейін, артқа қайырылып жоғымызды түгендей бастадық, ұмытылғанымыз еске түсе бастады. Елдің бәрі мәңгүрт болып кетпеген екен, ата-баба сөзін ұстап қалған зерделі азаматтар ел алдына шығып, өткеннің әңгімесін тыңдаушысына жеткізді. Олардың соңынан еруге жарайтын азғантай топтың қарасы жыл өткен сайын молая берді. Солардың арқасында қазақ шежіресі түзіле бастады. Орта жастан асқан азаматтар жедел іске кірісіп, аз уақыттың ішінде орасан зор жұмыстар істелді. Тізе берсек, руханият айналасында көптеген жетістіктерге жеттік. Барымызды ешкім ала қоймас, бірақ іздеген жоғымыз әлі де көп еді. Ол екі ортада іске белсене араласқан аяулы ағаларымыз уақыты келіп өмірден өте бастады. Олардың орнын басатын жас толқын дайын емес болатын. Сол олқылық әлі де орын алуда.

Соған қарамастан, қолда бар дүниелерімізді ұқыптылықпен сұрыптап, басты басты ойға алған істерімізден нәтиже шығара алдық. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған батырлар жайлы деректерімізді жинақтап, олардың кейбірінің жатқан жерлеріне дейін анықтап, арқалы азаматтардың арқасында кесенелерін жаңғырту жұмыстарын қолға ала бастадық.

Бұл жұмыстың басында Керней ата ұрпағы Зиада Мұқатайұлының тұрғанын мақтанышпен айта аламыз. Ешкімнің ескертуінсіз бабасы Бодық батыр кесенесін жаңғыртып, «Батыр басы» аталатын қасиетті жерді гүлдендіріп жіберді десе де болады. Әйел адамдар жаяулап өтетін, бұрын да әруақты деп саналатын құтты мекен қазіргі күні ұрпақтарының тәу ететін қасиетті орынға айналған. Жерінің шалғайлығына қарамай, Астана, Қарағанды, Балқаш, Алматы қалаларынан келетін баба ұрпақтары батыр аталарына құран бағыштап, қона жатып кетуді әдетке айналдырған. Түнде де күндізгідей жарқырап тұратын самаладай жарығы, дем алып, ас ішетін ыдыс-аяғы сайлы тілеухана үйінің есігі келушілерге қашанда ашық.

Айбыны асқан Аққошқар батыр. Ендігі әңгіме ауанын Аққошқар Ақеділұлы бабамызға бұрсақ. Ел Аққошқар бабамызды батыр деп біледі. Шыбын жанын шүберекке түйіп, елі мен жерін анталаған қалың жаудан қорғаған бірегей батырлар қатарынан. Намысын жанып, арды ойлаған ерекше батыр. Ең маңыздысы ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған. Ел мадақтаған батырлығын жаулары да мойындаған. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты батырлар Кенесары ханның маңайына топтасқаны белгілі. Олар жерінің тұтастығы мен елінің бірлігін сақтап қалу жолында ортақ жауға қарсы азаттық күресінде басты тұлға бола білді. Туған жылы Ағыбай батырмен шамалас, яғни үзеңгілес батырлар болғанын шамалау қиын емес. Ел намысын қорғауда Аққошқар батырдың алар орны ерекше. Қазақ халқының бостандығы үшін басын қатерге тігіп, талай жорықтарға қатысып ерлік көрсеткендігі бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Ресей патшасының қазақ еліне қарсы отаршылдық саясат ұстанып, түрлі зымияндық жолдармен іске асыруға күш салғаны белгілі. Қазақ батырлары отаршылдарға қарсы шығып, көптеген жоспарларын іске асырмай тастады. Солардың бел ортасында Ақеділұлы Аққошқар батыр жүрді. Жай жүрген жоқ, жалынды сөздерімен, асқан ақылдылығымен бас бола білді, ел сыйлаған көшбасшыға айналды.

Патша отаршылдары қазақ халқының әлеуетін зерттеу арқылы танып-біліп, құр қолмен бағындыра алмайтынына көзі жетті. Шұғыл түрде мемлекеттік реформалар жасауға кірісіп кетті. Соның бірі 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы Устав» еді. Хандық биліктің түбіне балта шапты, енді халық сұлтандар арқылы басқарылатын болды. Басқарудың бұл түрі отарлаушылар үшін қолайлы болды.

Осы сәтті пайдаланып, әр жерден әскери бекіністер салу ісі қолға алына бастады. Бұл мәселе елім деп жүрген азаматтар үшін тосын жай еді. Патша әскерилері ашық түрде қоқан-лоқы жасай бастады. Мингреев деген майор бастаған жауыздар 200 солдатымен келіп, Шұбыртпалы ауылының 58 адамын себепсізден себепсіз өлтірді. Сонымен қоса елдің бар мүлкін талапайға салып, қолда бар малын алдына салып айдап кетті. Мұндай оқиғалар Қарқаралы округінің аумағында жиі бас көрсете бастады.

Бұл қорлыққа Бесата елі көнбесе керек-ті. Ел батырлары қамсыз отырмай ұйымдаса  бастады. 1826 жылдың тамыз айында Ағыбай батыр бастаған Шет өңірінің найза ұстауға жарайтын азаматтары Қарқаралы бекінісіне шабуыл жасап, жергілікті билік өкілдерін қатты састырды. Бұл шабуылда Бесата елінен Аққошқар, Қашқынбай, Бодық, Бәубек, Елеген т.б. батырлар ерекше қайраттылығымен көзге түсті. Патша отаршылдары ішін тартып қалды, әскери күшін толықтырып, қажетті қару-жарақпен қамтамасыз етілмейінше, қазақтарға тойтарыс берудің мүмкін еместігін сезінді. Жалпы Ағыбай батыр бастаған осы өңірдің батырлары 1826-1849 жылдар аралығында патшалық ресейдің қазақ жеріндегі басқыншыларын үрей құшағында ұстады, бірнеше рет тосыннан жойқын шабуыл жасап, күйрете соққы берді. Осы ұрыстардың бәрінде Аққошқар батыр ерекше ерлігімен айрықша көзге түсті.

Мұрағат құжаттарында Аққошқар батырдың Ағыбай қолымен бірге Ақтау бекінісін алуға қатысқаны жайлы айтылады. Ақтау бекінісі Атасудан 60 шақырым қашықтықта Манақа өзенінің маңайында салынған. 1836 жылы қарулы орыс әскерлері жергілікті 250 адамды қырып кеткен, әскердің жалпы саны 400-дей болса керек. Осы оқиғадан кейін, халықтың күйзелісі кенересінен асып, басқыншылардың қатыгездігіне деген ашу-ызасы күннен күнге күшейіп, ақыры орыс бекінісіне шабуыл жасауға әкеліп соғады. Бұған дейін Кенесары сарбаздары старшина Симонов әскерінің қару-жарағын қолына түсіріп, сарбаздарын толықтай жойып жіберген болатын.

Кенесары әскерінің Ақтау бекінісіне шабуылы 1838 жылы болғандығы мұрағат құжаттарында сақталған. Наурызбай қолы жақсы қаруланған 50-ге тарта әскерімен жойқын ұрыс салса, Ағыбай батыр бастаған Аққошқар, Мәнжі, Керней Елеген, Шөмішбай, Қашқынбай батырлар бекіністің толықтай алынуына көп көмегін тигізді. Бекініс ішінен өрт шығуы жеңісті жақындата түсті. Бекіністі алу кезіндегі Аққошқар батырдың жүректілігі, ешнәрседен тайсалмайтын табандылығы аталып өтілді.

Мұздай қаруланған патша әскері масқара болып жеңілді. 1837-1844 жылдары патша шенеуніктерінің жоғарыға жіберген тізімінде: «Ағыбай батыр бастаған Қояншы-Тағай, Жалықбас, Надан Тобықты, Алтай, Темеш, Төлеңгіт, Керей, Кәрсөн-Керней, Шұбыртпалы, Қара Айтымбет, Дүйсенбай-Шекшек, Байбөрі, Әлтеке-Сарым руларының патшалық билікке қарсы шыққаны көрсетілген. Ақтау бекінісіне шабуыл жасаушылар – Кәрсөн-Кернейдің үлкен бөлігі…» делінген.

Аққошқар би. Аққошқар Ақеділұлы аты аңызға айналған батыр ғана емес, ел ішінде беделі бар билігі жүрген адам. Тағы да мұрағат құжаттарына сүйене отырып баяндаймыз. Кәрсөн-Керней болысы жөніндегі 1834 жылғы бір құжатта Керней руының Балта бөлімінде старшын болғандығы жазылған. Қарамағында 2 ауыл, 84 отбасы, 252 ер адам, 336 әйел, 200 жылқы, 10 сиыр, 6300қой болған. Түйе малы болмаған. Белгілі себептерге байланысты мал басының кемітіліп айтылатыны белгілі, бұл үрдіс осы уақытқа дейін жалғасып келеді. Сол кезеңде Бәйсейіт Қырбасов, Ақ Жанысбаев, Мұжық Қорқиынов, Жәнібек Тазов, Арқабай Ерубаев старшындық қызметте болғандығы жазылған.

1844 жылдың басында Аққошқар Ақеділұлы Балтаның Қаратай бөлімінде би қызметін атқарған. Керней болысында Қара Бәйтіков, Жанысбай Тазов, Торғауыт Маркин, Бәйсейіт Қырбасов, Жарқынбай Тазов билік құрған.

1844 жылдың қазан айында бір топ старшындар мен билер Ресей үкіметіне Қояншы-Тағай болысына әділеттілігімен аты шыққан Қара биді басшы етіп сайлау жөнінде хат жазады. Ол хатқа Аққошқар Ақеділов, Ақбота Итқарин, Бәйсейіт Қырбасов, Бексейіт Жәнібеков, Жанысбай Тазов, Жарқынбай Тазов, Тәңірберген Ақеділов, Құдайберген Батықов қол қойған. Аққошқар бидің атаулы мөрі болған.

Қаратаудан бір топ Шұбыртпалылық ағайындар көшіп келеді. 1859 жылғы 16 сәуірдегі оларды қабылдау жөніндегі құжатқа Кәрсөн-Керней болысының старшындары мен билері қолдарын қойған. Бұл тізімнің ішінде Аққошқар би де бар.

«Құпия» белгісі бар құжатта 1938 жылы Кенесарының Ақтау бекінісіне шабуылы барысында Кәрсөн-Керней болысы тарапынан көмек көрсеткен старшындар мен басқа да адамдардың тізімі көрсетілген. Атап айтқанда, старшындар Аққошқар Ақеділов, Байарыстан Әбенев, қырғыздар (қазақтар) Оразбек Ақботин, Тілеп Дәулетов, Рыс Байбурин есімдері генерал-майор Вишневскийдің қолымен жіберілген. Түсінікті болу үшін тексті толықтай келтірейін: «В 1838 г. находились с Султаном Кенесарою при нападении на Актауское Укрепление». Тізімдегі Аққошқар Ақеділұлы батырдың реттік саны №35.

Біздің қолдағы ең соңғы құжат 1859-1861 жылы Кәрсөн-Керней болысының жеріндегі таскөмірді барлау және өндіру жөнінде құрметті азамат Попов пен Тағай Мырзабеков  арасында жасалған акт. Құжатқа қол қойғандардың ішінде старшын Ақтайбек Арыстанбеков және құрметті би Аққошқар Ақеділов бар.

Мұрағат құжаттары М.С.Жакиннің жинақтап, құрастырған «КЕРНЕЙ ЕЛ мен АТАМЕКЕН тарихы 1824-1920 мұрағат құжаттарының жинағы» кітабынан алынды.

Ағайынның да айтары бар. Аққошқар баба жайында қалам тербеген тарихшылар мен қаламгерлер баршылық. Ағайынымыз Кәрсөн ұрпақтары да бұл істен шет қалған емес. Елден жырақта жүрсе де, Керней елінде болып жатқан дүбірлі оқиғаларға ақ ниетпен қамқоршы болып отыратын Құлназар Абдуақас деген бауырымыз бар. Төкпе ақын, айтулы жыршы. Көмейінен күміс жыр саулап тұрған азамат.

 

Аттары Дау, Самырза, Шаң, Балапан,

Ер туған ұлдар еді жау қаймыққан.

Аққошқар Ақеділдің бел баласы,

Тараған осы рудың Балтасынан.

 

Айтпасаң ұмыт болып қалар бәрі,

Жырымның осы еді ғой бір айтары.

Тар заманда өткен еді тарлан болып,

Осы жұрт біле ме екен Аққошқарды.

 

2018 жылы баспадан шыққан «Ақжолтайдың ақ жолы» кітабының авторы, өлкетанушы, қазақ руханиятының дамуына үлкен үлес қосып жүрген зерделі азамат Шөженов Жұмағұл Нығыметұлы осы кітабында Аққошқар би туралы мынадай жазба қалдырған екен: «… 1831 жылы орыс шенеуніктері Қарқаралы дуанына қарасты Кәрсөн-Керней болысындағы атақты, халқына қалаулы , еліне елеулі ел билеуші билердің ішінде Аққошқар би Ақеділовті көрсеткен. (ҚҰА. 338-қор. 1-байлам. 539-іс). Аққошқар би – елдің бірлігі мен ынтымағы үшін өле-өлгенше қызмет жасап өткен белгілі тұлға. Аққошқар тек әділ би ретінде емес, батырлығымен де аты шыққан. Қарсыласын үш кезекке жеткізбей жер жастандыратын орасан күші болған және бір басына елде жоқ мың шұбар біткен. Тарихи деректерде Аққошқар батыр ретінде Кенесары ханмен бірігіп, Ақтау бекінісін шабуға қатысқан және Кенесары көтерілісіне қатысқаны үшін Ресей әскери басшылары оны жазалаған. Атап айтқанда, 1847 жылғы 7 ақпандағы №1 құпия құжатта былай делінеді: «Старшина Карсен-Кернеевской волости Аккошкар Акедилов находился за сообщеничество с мятежным султаном Кенесарою Касимовым при нападении на Актауское укрепление 1838 году. По приговору Пограничного управления Киргизами состоявщимся 30-го января 1843 года от дела оставлен свободным. Подлинный подписал Пограничный Начальник Сибирскими Киргизами Генерал-Майор Вишневский».

Аққошқар бидің аталас ұрпақтары: Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры болған академик Жамбыл Ақылбаев, елімізге белгілі хирург, Астана қаласының «Жедел көмек» мекемесі бастығының орынбасары Қаржас Омаров, ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының санитарлық-эпидемиологиялық-сараптау орталығы Мемлекеттік мекемесінің директоры Қарпық Омаров және Қостанай облысы ішкі істер Басқармасының бастығы генерал Бекет Аймағанбетов».

Жазбаны осы жерден аяқтайтын болғам, алайда «Арқа батырлары» атты кітапта Аққошқар батыр туралы жазылған екен, батырдың бастан өткен оқиғасын сіздермен бөліскенді жөн көрдім. Кітап авторлары Т.Т.Аршабеков. Ж.А.Жұмабеков, А.З.Жұманова.

Аққошқар батыр. Хан Саржаннан бастап төрелер мен Қаракесектің Машай балаларының арасы үнемі ушығып тұрған. Хан Саржан осы атаның Қоныштағай және Кәрсөн балаларын екі рет шапқан. Ақыры Керней Бодық батыр есе әперіп, Саржан қашып тынған. Қармыс өзенінің бойында «Саржан қашқан» деген жер атауы содан қалған.

Осы ма, әлде басқадай себептері бар ма, Машай балалары төре мен қожа бөліскенде қалыс қалған. Мұның  өзі ескі жараға тұз сепкендей еді. Кернейдің Балта балаларынан ол тұста ел тұтқасын ұстаған Абылайдың алғадайы Итқара баласы Ақбота мен Ақеділ баласы Аққошқар батыр болатын.

Ақбота заманында батыр ғана емес би де болған адам. Ол жөнінде мұрағаттық деректер бар.

Ақботаның жорыққа мінетіні алды-арты бірдей келген, қуса жететін, қашса құтылатын Жалқұйрық деген ат екен. Бірде Ақбота батыр бір жорықтан келіп көз іліпті. Балта бабасына тартқан ұйқысы қатты екен. Сол күні таң ата ауылды Саржан сарбаздары шауыпты. Аққошқардың бар малын айдап кетіпті. Ол өзінің белдеуіндегі жауқуарын мінбей Ақбота ағасының суытуға қойған Жалқұйрығын мініп, қуғыншы болып шығыпты. Қарсы келгендердің бәрін түсіріпті, қалғандары қашып құтылыпты. Сөйтіп, Жалқұйрықтың арқасында Аққошқар батыр бар малын айырып қалыпты. Алайда ауылға ағасының ерін ғана арқалап қайтады. Жалқұйрық зорығып өлген екен дейді.

Ақбота үш күннен кейін басын көтеріпті. Жалқұйрықтың өлімін естіртуге ешкімнің батылы жетпей Аққошқардың өзі баян қылыпты. Қаһарлы ағасы ашу үстінде теріс бата айтып жіберіпті:

Тезегің өзіңнен артылмасын,

Кезегің төртке жетпесін, — деп.

Сөйтіп, батыр тағы үш күн басын көтермей, тұлпарына қара жамылыпты.

Бұл енді ауыр жаза болатын. Қарсыласын үш кезекке жеткізбей жер жастандыратын, бір басына елде жоқ мың шұбар біткен Аққошқар да мұны ауырсынады.

Аққошқардың өзінде жорыққа мінетін Бекпатша, Құлпатша деп аталатын екі аты болыпты. Сол қылқұйрықтарының екеуін де айыпбасы деп ағасына байлапты. Ақбота батыр асылық айттым-ау деп, екеуінің жал-құйрықтарынан бір талдан кесіп алып кері қайтарыпты. Сол оқиғаға байланысты ағайын арасы сөгілмегенімен Ақботаның батасы келген де қойған.

Алғаш Керней болыстығы құрылғанда Балта атасы екі старшын ел болған. Кейін старшындар ірілендіріліп, балталар бір-ақ старшын болып қалады. Сонда Ақбота қалыс қалып, екі ауылдан старшындыққа Аққошқар өтеді. Байлық, жуандық өлшемі жылқы болған Аққошқар заманында Кернейдің төрт баласы арасында қылқұйрық саны бойынша балталар алда болады.

Кернейлер болыстық басында отырған Құдайменде сұлтанның өзімен де бірде тату, бірде қату болған. Болыстықты қойып, ояз басқаратын оғыландарымыз бар, бізді Кәрсөннен бөлек қондыр деп жоғарыға қуынады. Мұнан мәміле шықпағанда жаңа бір қиғылық салады. Енді бізді Кәрсөннен алып Қоныштағай қос дейді. Осы дау–дамайдың жуан ішінде Аққошқар би жүреді. Күткендегідей одан да ештеңе шықпайды. Сонда кернейлер өз алдымызға болыстық болып шығамыз деп шорт кеседі. Түтін саны өзгелерден кем емес кернейлер осындай құйтырқы амалдар қолданып, өз алдына жеке отау тіккен екен. Тарихи құжаттарға қарап отырсақ әлімсақтан еншісі бөлінбеген Кәрсөн-Кернейлердің бір-бірінен ірге аударуы кейінгі жаңа низамнан басталыпты.

Кәрсөн-Керней өз алдына болыстық алғанда он адамға жеке мөр берілген. Сол онның бірі — осы Аққошқар би. Ол кездің старшыны билікті де қатар атқаратын.

Кенесарының заманында Балта атасының билігі Аққошқарда болған. Жауқашырар сұрап келген Наурызбайдың жігіттерін құр ауыз қайтарып қоймай, Аққошқар өзі бас болып тре жігіттерін сабап жібереді. Мұны, әрине, төрелер ұмыта қоймайды. Оның үстіне Ағыбай батырдай қырық оғыланның күші бар деген Саржанның Бодықтан қашып құтылғаны және бар. Саржанның Кәрсөннің бір қарынан аттан түсіп қалғаны — бұл енді сүйекке таңба.

Машай мен төрелер арасындағы кикілжің мұнымен тоқтап қалмайды. Төрелер ұмытса жақсылықты ұмытқан.

Теріскей барып орыстарды шапқан жолында Кене қолы Аққошқар ауылын көктей өтеді. Батыр алдынан шығып сәлем бермек тұрсын, жол көрсетуге жігіттерін де қоспайды.

Қайтар жолда Кене қолы өтіп кетпей, шатыр тігіп аялдайды. Келген де бір, кеткен де бір деп Аққошқар тағы да бас көтермейді. Хан Кене Наурызбай арқылы батырдың Бекпатшасы мен Құлпатшасын сұратады. Ақыл салар ағасы Ақбота бір жорықта жүреді. Бәйсейіт би мен Бодық батыр да ауылда болмай шығады. Енді Қара биге кісі шаптырады. Қара:

– Беріп кәпір болғанша, бермей кәпір болсын, — дейді. Қараның сөзін ұстаған батыр қайла тауып, қашыртқы салады:

– Бекпатша мен Құлпатшаның билігі Ақботада, — дейді. Ақбота болса жорықта.

– Бізге қашыртқы салып отырған мынауысы өтсіз туған біреу болар. Алдыма тірідей әкеліңдер, әуселесін көрейін, — деп Кенехан Наурызбайды жұмсайды.

Наурызбай қайдағы бір Аққошқармен сабаласуды ар көріпті. Нояндарының бірін жіберіпті. Одан құр тулағы қайтыпты. Екіншісін жіберіпті. Ол да солай бопты. Үшіншісін жіберіпті. Оның да тек тулағы қайтты дейді. Амал жоқ, Наурызбай атқа қоныпты. Түн қараңғылығында Аққошқар екеуі жекпе–жекке шығыпты. Қару кезегін сүйегіне қарай төре алыпты. Үшінші кезекте найзаласыпты. Сонда ғана Аққошқарды аттан түсіріпті. Даланың ауызша тарихы төре найзасының ұшында у болған дейді. Сонда ғана Ақбота ағасының кезегің төртке жетпесін деген теріс батасы батырдың есіне түсіпті. Өзегі өртеніп өкініпті.

Наурызбайға айтыпты:

– Алдыңғы үш кезектің бірінде келгенде сені мен алатын едім, — деп.

Наурызбай қансыраған батырды Кенеге апарыпты. Сонда Аққошқар:

– Мені аттан түсірген мақтап жүрген Наурызбайларың емес, ағам Ақботаның ғапыл берген теріс батасы, — депті.

Аққошқардың жаратылысын көріп хан Кене әрі сүйсініпті, әрі өкініпті:

– Төрт мүшең түгел болғанда мың оғыланымды тастап, бір сені алып кететін едім. Жаның сауға. Бағыңды байлаған шұбарларыңды алам, — дейді.

Осыдан бастап Аққошқар батыр жорықтан қалыпты. Алайда хан Кене айтқандай мың шұбарынан айырылғанымен наны пісіп, Наурызбай салған жарадан бақилыққа өткенше Балта елінің билігін уысында ұстаған екен.

Батырды ұлықтау – тарихты ұмытпау. Бүгінгі ұрпақтың алдында  тұрған ұлы міндеттің бірі халық ардақтаған тұлғаларымызды дәріптеу, олардың ерлік істерін көпшілік арасында насихаттау. Бұл іспен кез келген адамның айналыспайтыны тағы түсінікті. Бүгінгі күні ұлттық-отаншылдық рух дарыған Керней баба ұрпақтары ұлт-азаттық күресінің каһарманын ұлықтауда. Батыр атамыз қандай да болсын қошаметке лайық.

«Батыр — жауда, дана — дауда білінер» — деген екен Сеңкібай батыр. Дуалы ауыздан шыққан қастерлі сөз Аққошқар батырға арнап айтылғандай. Аққошқар батыр — ауыл арасының емес, айтулы ұрыстарға қатысқан дала көкжалы. Өмірінің айшықты іздері қағазға түскен, есімі қазақ тарихында жазылып қалған тау тұлға.  Қазақтан шыққан айтулы марқасқалар көші тоқтамайды, олардың жолы ұзақ. Ол көштен біз де қалмауымыз керек. Ағайын болып жұмылып, ортақ мәселеде күш біріктірсек, бізді алар жау болмайды. Біздің күшіміз бірлікте. Қазіргі батырлық білімдіде, ақылдыда. Рухани байлығымыз да осыдан бастау алады. Бастысы ұрпақ сабақтастығының жалғасуында.

Аңғар СМАҒҰЛ,

Қарағанды қаласы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *