Бердіағаның кітаптарын оқып-өстік…

     Әлі есімде, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың балалар жайлы жазылған «Менің атым Қожасын» таласа-тармаса, жаппай оқығанымыз. Онан кейін осы тақырыппен аталатын киносын көрдік. Бәріміз де Қожа болғымыз келген… Мектеп оқушысы Қожаның іс-әрекетін арқау еткен осы шығарма несімен ерекше еді?..

Тақырыбы – өзін-өзі таныстырудан басталатын туынды басынан-аяқ кейіпкердің өмірге құштарлығын көрсетеді. Адам өмірінің алтын кезеңі – балалық шақты жазушы басқа қырынан береді. Ауыл баласының тентектік, сотқарлық қылықтарымен, бұзақылық іс-әрекеттерімен сол кездегі жасанды жүйеге, қоршалған қоғамға қарсылық білдіргендей болады. Өйткені, Қожаның істеген істері сол қоғамға мүлде жат, кереғар болатын. Мыңға қарсы шығар жалғыз жаужүрек жауынгер секілді еді. Жалпы, оқиға желісін қысқаша түйгенде, аталмыш хикаяда соғыстан кейінгі ауылдағы бейбіт өмірді, еңбек адамдарының қажыр-қайратын, мектеп оқушыларының  оқудағы алғырлығы мен қоғамдық белсенділігін, ұстаздар қауымының оқу мен тәрбиеге аса көп көңіл бөлетіндігін айтуымен кезінде құнды болған шығар. Дегенмен, бұл жерде бас кейіпкер Қожаның тұлғалық даму деңгейі бірінші орында тұрары сөзсіз. Туындының әр-әр тұсында айтылатын «Қожа – бұзық», «сотқар», «тентек», «оңбаған» дейтін жағымсыз сөздер бар. Осыған сәйкес, ірге бұзар іс-әрекеттер де жетерлік. Әкесі жоқ, анасы жұмысбасты, тек әжесіне ғана сенген жалғыз Қожаның осынау «жөнсіз қылықтарын» автор әдемі өрбітеді. Ауылға тән табиғи дүниелерді көз алдымызға алып келеді. Еркіндік, тектіліктің түп-тамыры көрініс береді. Шығарма соңында ауыл баласы қара Қожаның ой-қиялға бай, арманы асқақ адам болуға ант беріп, соны орындауға ұмтылғанын көреміз. Тағы бір жетістік – бас кейіпкердің іс-әрекеттері арқылы әділдік, шындық, ақиқат дейтін ұлы ұғымдарды іздеу және жалтақтық, жағымпаздық сияқты адамға да, қоғамға да зиянды, теріс қылықтарға тойтарыс беру байқалады.

«Балалық шаққа саяхат», «Аяжан», «Қайдасың, Гауhар?» шығармаларын оқығанда бас кейіпкерлер Бектас, Аяжан, Гауhарларға қатты қызығатынбыз… Сондағы ауыл өмірі, балалық шақтың аппақ әлемі, ауыл балаларының  мінез-құлқы, тап-таза көңілі, алғашқы махаббат сезімі бәрі-бәрі өз басымыздан өткендей болушы еді. Шулы шаhардан келген Аяжанның аппақ киіміне, әдемі жүзіне, ширақ жүріс-тұрысына ауыл баласының көзімен таңдана қарап, біз де ғашық болғанбыз… Бектастың  болмысы мен Гауhарды іздеген кейіпкердің керемет сезімі бәрімізді сиқырлап, солармен бірге жүргендей күй кешетінбіз.

«Бурыл ат», «Жекпе-жек», «Өлгендер қайтып келмейді» шығармаларын да жата-жастана оқыдық. Мұндағы Бурыл аттың қайсарлығы, Мұраттың мұратына жетуі, Еркіннің еркіндігі мен азаматтық тұлғасы барлық оқырмандарын алға жетелеп, өмірдің қиындығы мен түрлі сынақтарды жеңіп шығуға үйретті ғой деп ойлаймын.

Иә, осындай тап-таза, таңғы шықтай мөлдіреген шығармаларды бала күнімізден оқып-ержеттік. Жақсы көретін жазушымыздың барлық шығармаларын шедевр десек, артық айтқандық емес. Ауыл баласының арман-аңсарын, мақсат-мүддесін, сұлулық пен махаббатқа деген іңкәр сезімін шынайы көрсеткен, бұған қоса, азамат болып қалыптасу жолдарын, өмір өткеліндегі кездесетін қиындықтарға қарсы тұрар күш-қуатты, жақсы адамға қажетті ақыл-парасатты, төзім мен сабырды, адамгершілік пен кісілік қасиетті – осы кітаптардағы кейіпкерлерден алуға әбден болады деп айтып жүремін.

Бір қуанарлық жаңалық, алдымыздағы  келе жатқан жаңа жыл – «Кітап оқитын жыл» деп белгіленбек.

Ендеше, бүгінгі замандастарыма, жас ұрпаққа, кейінгі толқынға айтар бір тілегім:  — Қазақ әдебиетінің классик жазушысы, белгілі балалар қаламгері, ұлтымыздың ұлы суреткері Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев ағамыздың барлық шығармаларын, жарыққа шыққан кітаптарын тегіс оқиық! Қарымды қаламгердің қаламынан шыққан мынандай туындылар бар: 1. «Бұлақ» (1950) алғашқы өлеңдер жинағы. 2. «Жекпе-жек» («Он алты жасар чемпион») (1951) повесть. 3. «Бақыт жолы» (1952) повесть. 4. «Алыстағы ауылда» (1953). 5. «Өзім туралы» (1957) повесть. 6. «Менің атым Қожа» (1957) повесть. 7. «Бозтөбеде бір қыз бар» (1958). 8. «Балалық шаққа саяхат» (1960) повесть. 9. «Дала жұлдызы» (1960) очерктер жинағы. 10. «Әпенденің айласы» (1960). 11. «Аяжан» (1963) әңгіме. 12. «Қайдасың, Гауhар?» (1966) повесть. 13.   «Өлгендер қайтып келмейді» (1979) роман. Сондай-ақ, «Бурыл ат», «Әріппай және көкжал қасқыр», «Бір қалта құрт», «Ұлтан оқиғасы», «Көйлек мәселесі», «Мен қалай үйлендім», «Жалғыз қолды биллиардшы» секілді әңгімелері де жарыққа шыққан. Соңғы жарияланған (кітап болып басылған ) шығармасы – «Ергежейлілер еліне саяхат» хикаяты. Жалпы алғанда, әдебиеттің әр жанрын қамтыған жиырмадан аса кітаптың авторы.

Бердіағамыздың туғанына – биыл 100 жыл толып отыр. Ғажап дарынның, сұңғыла суреткердің ғасырлық тойына тарту ретінде артында қалған мол мұрасымен танысып, табысып рухани қажетімізді ашайық, шөлімізді басайық, қадірлі оқырман қауым!

Алып тұлға, сөз зергерінің рухы шат болсын!!!

Әлімжан Құтжанұлы,

Қарағанды қаласы.

                                                                  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *