Биогаз өндіреді

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде шағын биогаз қондырғысы таныстырылды. Жаңа нысан жылына 7 тоннаға дейін органикалық қалдықты өңдеуге қабілетті және студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік дайындықтарына арналған алаң болады.

Жобаны Германия мен Қазақстанның өкілдері, сондай-ақ университет пен сарапшылар қауымдастығы қатысқан дөңгелек үстелде таныстырды. Оның негізгі мақсаты – өңірде жасыл экономиканы дамыту.

Қондырғы университетке Орталық Азияның Тұрақты дамуы қоғамдық қорының «Creative Innovation Institute» бастамасы аясында тапсырылды. Бұл қор Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігі ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы болды.

Қор сарапшысы Александра Харитонованың айтуынша, жаңа жабдық цифрлық білім беру құралдарымен интеграцияланған, бұл студенттерге заманауи экологиялық шешімдерді тәжірибе жүзінде зерттеуге мүмкіндік береді.

Биогаз қондырғысы тәулігіне 2 м³ биогаз өндіреді және жыл сайын 18 тонна CO₂-эквивалентін азайтуға үлес қосады. Алынған дигестат кампусты көгалдандыруда қолданылып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетеді.

– Жобаны жүзеге асыру университеттегі тәжірибеге бағытталған ғылым мен инновацияны дамытуда үлкен рөл атқарады. Ол білім беру, зерттеу және тұрақты даму саласындағы заманауи технологияларды көрсету мүмкіндігін біріктіреді, – деді ҚарТУ-дың Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Әли Мехтиев.

Бұл бастама Қазақстан Президенті белгілеген ұлттық құрылтайдағы басымдықтарға сәйкес және білім саласының климаттық күн тәртібіндегі рөлін нығайтуға бағытталған.

Әділ БЕК