ТҰҒЫР
Қазақ елінің қорғаныс доктринасын негіздеген Мәлік Сапаров ағамыздың рухына!
Өмір-өзен,
өткінші ағын екен,
Шоқ жұлдызым,
бейнеңіз сағым екен.
Келешекке өшпестей із қалғанмен,
Ғұмырыңыз жасаған шағын екен.
Есінен өшпес елдің
сендік ерлік,
Жан аға,
батырлықты сенен көрдік.
Құйрықты жұлдызымыз Шоқан болса,
Сізден де көреміз
Сондай ерлік.
Ғұмырыңды арнадың жұртың үшін,
Тәуелсіздік болсын деп ұлтың үшін.
Қайталанбас өзіңдей дара тұлға,
Аямаған күресіп,
соңғы күшін.
Ұмытпаймызөзіңді,
Батыр аға,
Туғанымыздан да өзімізге жақын аға.
Дәл өзіңдей ұлан керек қазаққа деп,
Ұрпағыңыз қоңыраулатып, жатыр аға…
КҮЙ ДӘУРЕН
Көктен көлге құс қондырған,
Болмаған мұндай машық.
Арқада бір тотай өткен,
Өзіне өзі ғашық.
Үй кенжесі болса дағы,
Көрсетпеген бұла қылық.
Ербала боп тістенетін,
Қыз болып жылап алып.
Болмысынан биік тұрып,
Ұл болып қағынатын.
Аға да жоқ, іні де жоқ,
Шанағына шағынатын.
Жат жұртқа жаратылған,
Он үш жасы – босағалық!
Домбыраны ұстай кетті,
Өзіменен қоса алып.
Мұңлы күнде, шатты күнде,
Қу тақтайға емінеді.
Қыз ғұмыры өксік болып,
Қосбасар боп төгіледі.
Бай тотайы болғанымен,
Шықпады алдан айтқаны.
Қыз ғұмырынан ажырамай,
Босағасына қайтқаны.
Жат жұрттық боп жаралмағаны,
Барған жерінен көрінді.
Жылдар бойы жиналған шемен,
«Қызқосбасар» боп өрілді.
Сыр ашпады, сыр жинады,
Мәликедей кер еді.
Қосбасар боп төгілген күй,
Қыз ғұмыры – шер еді!
Өтері өтті, қайтеміз,
Сорымыз деп, бақпыз деп.
Сол тотайды біледі жұрт,
«Қызқосбасар!» деп,
Аққыз деп!
Жаһандық көште барады,
Қазаққа жақын бір есім!
Жүректе бақи қалады,
Ахметқызы Мүгілсім!
ОН АЛТЫНШЫ КӨКТЕМІМ
Бірін бірі жеп жатыр,
Жаратқан өзі теңдейді.
Бәрі де теріс кеп жатыр,
Биыл көктем келмейді.
Шұңқыр біткен, құй біткен,
Бірі қалмай толады.
Бәрін бірдей теңгерген,
Кібісе маусым болады.
Арқары ауып Арқаның,
Көшіп кеткен шешегі.
Көктен келген сауалдың,
Болмайды-ау, сірә, еш емі…
Төпеп жатыр топан су,
Кім кетіп, кімдер қалады?!
Он алтыншы көктемім,
Топанда малтып барады…
Хор құсындай малынып,
Мың бір рет тарандым.
Құтқарыңдар көктемімді,
Мен де батып барамын…
КИІКТЕР
Әпсана, аңыз тыңдаған,
Әжемнің қызымын, биікпін.
Алжыған шығар бұл ғалам,
Көрдің бе көз жасын киіктің?
Төрт түліктен бос қалған,
Даланың мынау иесі.
Ұрады дейді қашанда,
Киіктің киесі.
Атпаған аққуды,
Киікті қумаған.
Атып жатыр шіркінді,
Қазақ боп тумаған.
Аружан ӘСЕМЖАНҚЫЗЫ,
«Болашақ» колледжінің студенті.
Қарағанды қаласы