Құқықтық сауаттылық – заман талабы

Конституция – мемлекеттің негізгі заңы. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, қоғамдағы маңызды қарым-қатынастарды реттейді.

Жаңа Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтарына, заң үстемдігіне, әділеттілікке және азаматтардың жауапкершілігіне ерекше мән беріледі. Сонымен қатар мемлекетті басқару жүйесін жетілдіру, қоғамның тұрақтылығы мен елдің болашағын қамтамасыз ету мәселелері қамтылады. Конституцияны білу – әр азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне мүмкіндік береді. Өз құқығын білетін және заңды құрметтейтін азамат – қоғамның дамуына үлес қосады.

Қазіргі қоғамда әрбір азаматтың өз құқығы мен міндетін білуі – маңызды қажеттілік болып табылады. Әсіресе жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңды құрметтеуге тәрбиелеу – кітапханалардың да маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Абай қаласының орталық балалар кітапханасында балалар мен жасөспірімдерге арналған құқықтық бағыттағы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

2026 жылғы 20 шілдеде кітапханада «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында ақпараттық сағат өткізілді. Іс-шара барысында оқырмандарға заңды білудің маңызы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат берілді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, құқықтық тақырыпта өз ойларымен бөлісті.  Ақпараттық сағаттың негізгі мақсаты – балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу және құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Іс-шара барысында оқушылардың заңды білуге деген қызығушылығы артып, өз құқықтары туралы түсініктері кеңейді.

Ал 24 тамызда орталық балалар кітапханасының кітапханашылары «Менің құқығым – менің бағдарым» тақырыбында сұрақ-жауап өткізді. Кездесу барысында балаларға білім алуға, демалуға, өз ойын еркін айтуға және өз құқықтарын қорғауға қатысты маңызды түсініктер берілді. Балаларға құқық пен міндеттің өзара тығыз байланысты екендігі түсіндірілді. Өз құқығын білу ғана емес, өз міндетін де жауапкершілікпен орындау – әрбір азамат үшін маңызды екені айтылды. Сұрақ-жауап арқылы балалардың белсенділігі артып, құқықтық сауаттылығы нығая түсті.

Осындай танымдық іс-шаралар жас ұрпақтың заңды құрметтеуіне, өз құқықтарын дұрыс пайдалануына және жауапкершілікті азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.                            Кітапхана – тек кітап оқитын орын ғана емес, сонымен қатар балалардың білімін толықтырып, дүниетанымын кеңейтетін, қоғамдағы маңызды мәселелер жөнінде ой қалыптастыратын рухани-мәдени орталық.  Өз құқығын білу – өзіңді қорғаудың алғашқы қадамы. Ал заңды құрметтеу – саналы азамат болудың белгісі!

Ш.ҚАЛИЕВА,

Орталық балалар кітапханасының кітапханашысы