От пен шоқтың ортасында жүрген металлург мамандығының ел экономикасындағы рөлі орасан. Бүгінде елімізде мыңдаған адам осы салада тер төгіп келеді. Жүздеген зауыт болат балқытып, шойын қорытып, ел ырысын еселеп келеді. Соның арқасында бүгінде Қазақстан әлемдегі металл экспорттаушы елдердің алдыңғы легінен ойып тұрып орын алды. Ал қызығы мен шыжығы мол бұл жұмысты атқарып жүргендер – ортамызда жүрген қарапайым жандар, өзіміздің отандастарымыз. Олар күнделікті жұмыс барысында өз еңбегімен баршамызға өнеге көрсетіп келеді.
Солардың бірі – Нұрлан Мәлібеков. Балқаш мыс зауытында жұмыс істейтін ол металл балқытатын пештің басы-қасында жүреді. барлық процес – маманның мойнында.
Нұрлан ағамыз зауытта жарты ғасырға жуық еңбек етті. Ел тәуелсіздігін алған кездегі қиындықты зауыттағы мыңдаған әріптесімен бірге өткізді. Табанды еңбектің арқасында бүгінде өндірістің өркендеген кезеңіне куә болып отыр.
Нұрлан Бөлеубекұлы – еңбек пен тәжірибені ұштастыра білген білікті металлург. Жарты ғасыр бойы көрген-түйгенін жастарға да үйретуден жалыққан емес. Металлургтің еңбек жолы мамандыққа деген адалдықты, кәсіпке деген жанқиярлықтың үлгісіне айналды.
Маман Балқаш қаласының тумасы. Осында 1967 жылы дүниеге келген. 1984 жылы Абай атындағы мектепті тәмамдаған соң Балқаштағы таукен металлургия техникумына металлург мамандығы бойынша оқуға түседі. Бірақ 1985 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп келеді.
Әскерден оралған соң қаршадайынан зауытты жанына жақын көрген ол тағдырын өндіріспен байлауды жөн көреді. Осы кезден табандылықтың, кәсіби шеберліктің және туған өндірісіне деген шынайы жанашырлықтың жарқын үлгісін танытқан еңбек жолы бастау алады.
1987 жылы Балқашқа келіп, осындағы мыс қорыту зауытының мыс балқыту цехына балқытушы болып жұмысқа кіреді. Дәл сол жылы зауыт тарихындағы маңызды өндірістік жобалардың бірі – ПЖВ-2 пеші іске қосылады. Нұрлан ағамыз осы күрделі шаруаға қатысып, кәсіби жолындағы алғашқы үлкен сынақтан абыроймен өтеді.
Пеш жанында ондаған жылын өткізген металлург уақыт өте тәжірибе жинап, өндірістегі беделді мамандардың біріне айналды. 1999 жылы ПЖВ-1 пешін ауқымды жаңғырту жұмыстарына қатысуы үшін біліктілігін жетілдіру мақсатында Ресей Федерациясының Ревда қаласына іссапарға жіберілді. Бұл сапар Нұрлан Бөлеубекұлының өміріндегі бұл сәтті ерекше атап өтеді.
– Ревда қаласына барған сапарым маған жаңа технологияны мейлінше меңгеруге мүмкіндік берді. Халықаралық деңгейдегі өндірістік тәжірибемен жан-жақты танысып, оны өз елімізде жүзеге асыруға қол ұшымды бердім. Мұны мен Отан алдындағы борышым деп түсіндім, – дейді кейіпкеріміз.
Бұдан кейін, яғни 2004 жылы жаңғыртылған ПЖВ-2 пешін іске қосуға қатысты. Сөйтіп өндірістің жаңа белеске көтерілуіне өлшеусіз үлесін қосты.
Осы кәсіби білімі мен мол тәжірибесінің арқасында Нұрлан ағамыз шетелдерден шақырту алды. Мәселен, 2017 жылы Өзбекстан Республикасында ПЖВ пешін іске қосу жұмыстарына арнайы шақырылып, халықаралық өндірістік жобаның табысты жүзеге асуына атсалысты. Бұл оның шеберлігінің тек Балқаш көлемінде ғана емес, шетелдік өндіріс орындарында да жоғары бағаланғанын көрсетеді.
Өндірісте өткізген жылдарында Нұрлан Бөлеубекұлы салмақты жобалардың іске асуына белсене араласып келеді. Және кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіруді тоқтатқан емес.
Әріптестері металлургті өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары және жаңашылдыққа ұмтылатын маман ретінде құрметтейді. Бүгінде ол Балқаш мыс қорыту зауытында металл қорыту пешінің оператор-тәлімгері қызметін атқарып келеді. Тәлімгерлік жолында көптеген жас маманға бағыт-бағдар беріп, өндірістегі мол тәжірибесін бөлісіп жүр. Оның тәрбиесін көрген шәкірттердің арасынан бүгінде бас инженерлер, өндіріс шеберлері және білікті мамандар легі қалыптасып шықты. Бұл – ұстаздық қызметтің, кәсіби жауапкершіліктің және адамгершілік ұстанымның айқын көрінісі.
Металлург еңбек адамды шыңдайды деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған. Ол өз мамандығын әлемдегі ең жауапты кәсіптердің бірі деп біледі.
– Өз мамандығымды мақтан тұтамын және жақсы көремін. Осы уақытқа дейін металлург болуды таңдағаныма еш өкінген емеспін. Бұл жерде мен өндірістің дамуына ғана емес, жас металлургтер буынының қалыптасуына өз үлесімді қоса алғанымды зор мәртебе деп білемін, – дейді ағамыз.
Нұрлан Бөлеубекұлы өндірістегі ауыр еңбекті табыспен алып жүрген еңбеккер ғана емес. Отбасының да қамқорына айналған алып бәйтерек. Жан жары Алмагүл Манатқызымен бірге үш перзент тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немерелерінің қызығын көріп отыр. Өндірістің ыстығы мен суығын жылдар бойы қатар көріп, адал еңбегімен маңдай терін төккен Нұрлан Бөлеубекұлы өз ұрпағын да еңбекке баулып келеді. Балалары мен немерелеріне жұмыстан қашпауды айтып, ақыл-кеңесін беріп отырады. Осылайша ол металлургия саласында мықты маман даярлаумен қатар, еліміздің патриот азамттарын тәрбиелеуге үлес қосып отыр.
Манас АҚСАРЫ
