Болат болмыс

Оқырман бірден тақырыпқа көз тастап, «кітап атын қоя салған ба?» дейтініне күмәнім жоқ. Алайда бұл Қасымханның туындысына ғана емес өзіңе де берілген баға һәм атау екендігіне шүбә келтірмес ақиқат.

Журналист Қа­сымхан Ғалымның «Болат болмыс» атты кітабы жарық көрді деген хабарды бірінші болып естігендердің қатарындамыз.

Публицистикалық жинақ Қарағанды қаласының «Гласир» баспаханасында басылып шығып, 500 данамен тарап отыр.

Бірден көзге түскені кітаптың ішкі-сыртқы дизайны. Сыртқы мұқабасы да көзтартымды. Өзіңдік идеясы бар, талғамы бөлек жинақ. Дизайнер Жангелді Бекболатқа құрметіміз бөлек!

Идея авторы, кітаптың редакторы, ақын Ерқанат Кеңесбекұлы екенін тілге тиек ете кеткеніміз жөн.

Автордың қаламынан шыққан дүниелер, білімімен де мінезімен де еліміздің уығын ұстап тұрған тұлғалардың портреті дерсіз!

Қырықтан астам тағдыр, соншама адамның болат болмысы түйінделген жәдігер сынды. Жәдігер дегенде өткен заманнан қалған құнды затты елестетеміз, ол – рас. Бұл болашақтың жәдігері.

Асыра мақтағаным емес, ертеңгі күні, осы кітаптан болашақ ғалымдар өңіріміздің атын шығарған, мақтанышпен айтар тұлғаларды табады.

Еңбегімен елге танылған шебер, барын өзі жұта бермей, халыққа да үлес тарататын Атымтай да, ауылды тастамай қайта оны түлетуге өз жігерін аямаған жандар осы кітап кейіпкері.

Шәкірттердің жүрегіне жол тапқан ұстаз, тағдырдың мойнына ілген сынағына сынбай, қайта қайсарлана түскен жігерлі жан, болашағынан мол үміт күттіретін, қазірде жолынан жығылмай жалындап тұрып, алға ұмтылған жастар да осы кітапта.

Оқи отырып, жаяу жердүниені аралаған Асхаттың қажырына, ауылда театр ашқан Алдиярханның қадіріне, қу тақтайды сөйлеткен Аманжан ағамыздың шеберлігіне, адам жанына араша түскен Алмагүлдің мамандығына деген адалдығына, Арқаның атбегісі атанған Анатолийдің адамдығына, ауыл келіндеріне үлгі болған Арайлымның табандылығына, арнайы жасақтың абаданы Айтуардың күрескерлігіне, бесік тербеткен Аққайша анамыздың асылдығына, темір адам Алшынбай ағаның төзімділігіне, электрик Әлібектің сан қырлылығына тәнті боласыз.

Аңыз адам Бөрібай Ысқақовтың «Ақының ең қымбаты – адамның алғысы» деуі де осы кітапты  оқыған адамға ой салары хақ. Жолынан жығылмайтын Жолжақсыұлы Бақтыбай ағамыздың жомарт жүрегі (осы кітаптың қолыңызға тиюіне ықпалы тиген) елім деп соғатыны да осында айтылады.

Ауылына жанашыр Баршынның Боранбайы да Атымтай жомарт екен білгенге. Дархандығы даладан тараған Владимирдің де еңбегі ерек көкірекке түйгенге…

Бренді бөлек Гүлсім, жаны жомарт, қолы – алтын Дос, шаңғыдан марафонға қатысып, қармен-ақ қарсыласын «шаң» қаптыратын Думан, жас директор Думан (басқа Думан), кітап кемірген Еркебұлан, кен қазып, жыр жазған Ернат, түс көргіш Жанкелді, шипагер Жарқын, фотоны өнер деп қабылдаған, осы жолда жалындаған, осы кітапты шығарарда Қасымханның  қасынан табылған Жангелді, ауылына қарайласқан Қанат аға, дарынды бойға жинап, шеберлігімен әлемге мәлім Қылышбек аға, офицерлік шені бар, өлеңде өздік «мені» бар Қуаныш, театр тұйғыны Махмұт аға, қаһарман сақшы Медет, жүйрік мініп желмен жарысқан Мейір, ауылын жандандырған әкім – Нұрлан, әлеуметтік желі жұлдызы – шопан Нұрбек, қазақ келіні Наталья, жан-жағына нұр шашқан Нұргүл, көк трактормен жортқан Рымтай әже, ауылға бүйрегі бұрған Рамазан (осы кітаптың қолыңызға тиюіне ықпалы тиген тағы бір жомарт жан), аудан басқарған әйел әкім – Салтанат, қаланы далаға айырбастаған Саладин, қасқыр соққан Сәкүл апай, мектеп үшін жаны күйген Сәбира апай, «Тикток» арқылы топқа шыққан Тәттімбет, шапанымен шетел таныған Эльмира Қасымханның болмысы бөлек каһармандары.

Мақала басында «Қасымханның туындысына ғана емес өзіңе де берілген баға һәм атау екендігіне шүбә келтірмейтін ақиқат», дедім.

Соған аз-кем қосарым, Қасымханның бойына біраз қасиет ұялаған. Журналистігі бір бөлек, ақындық қыры тағы бар. Аз жазады, саз жазады. Ұйымдастыру қабылетіне де куәміз. «Мырс-мырс» атты кітабім шыққанда, алашапқын болып, жоғары деңгейде (өзі солай деді) өткізіп берген жүргізушім (көлікті де кешті де жүргізді)  болды.

Теледидардан да жүзін көріп, жас Абайға ұқсаттық (тақиясы өзіне жарасып тұр). «Орталық Қазақстан» газетінде тер төгіп жүруші еді, бүгінде «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі. Осыдан кейін оны да қалай болат болмыс иесі демеске?!

Бүркіттей жақсы жанның ұлы Қасымханға «Болат болмыс» артынан жазылар дүние көп, жолашары осы болсын, демекпіз.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ