Дарындар ғана жететін даңқ

Азуын айға білеген небір өнер саңлақтары «Телегей теңіз Марал еді…» деп еске алатын Марал Хасеннің қаламгерлігін былай қойғанда, аудармаларының өзі неге тұрады?! Нобель сыйлығының иегерлерінің туындыларын талмай аударған атамыздың қалам ұшының нұры тамған жастар өсіп келеді бүгінде. Онысы өлшеусіз еңбек болғанда, өзінің де әдебиет айдынында қалам тартпаған жанры жоқ десе болады. Қазақ зиялылары көбейген сайын ол кісінің есімін төбесіне көтереді әлі. Белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутайдың тілімен айтқанда, «Жүрек қанын сия қылған» қабырғалы қаламгердің туғанына 80 жыл толуына байланысты еске алу кештері қазір Қарағандымен қатар, Астанадағы Сәкен мұражайында, Ұлттық академиялық кітапханада, тағысын тағы басқа да мәдени ошақтарда өтіп жатқанын айтқымыз келеді.

Қаламгердің әдебиетте атқарған еңбектері, аудармалары, публицистикасы хақында том-том еңбектер шығып та жүр. Заманында, 22-ақ жасында Жаңаарқа аудандық газетінде жүргенінде «Ара» журналы сатира жанрында жариялаған республикалық бәйгеде Оспанхан Әубәкіровпен бірге бірінші орынды бөлісіп, жұртты жалт қаратқан талант өле-өлгенше қазаққа қызмет етіп кетті. Қазақ руханиятының туын көтеріп өтті. Сөз өнерінің байрағын биік ұстады. Аудандық газетте редактор, «Орталық Қазақстанда» бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарғанда, мақаланың майын тамызып қана қоймай, көркем дүниелер жазуды да ұмытпапты. Шағын әңгімелері мен сатиралары, пайымды публицистикалары жырдың күйі, жүректің нұрындай жалтырайды. Сексенінші жылдардан бері жазған саяси шолуларындағы өткір сөз, өзекті проблемалар, очерктеріндегі өнегелі тіркестер мен көркем суреттеулерді бүгінде бір-бір сілкіп, ұрпақ жадында жаңғыртып қойған абзал, әрине. «Әр елден шыққан 14 нобелианттың әңгімелерін аударып, тыныстап отырған жайым бар. Міне, олар: Бунин, Хемингуэй, Хименес, Камю, Кавабата, Солженицын, Белль Юнсон, Канетти, Г.Маркес, Махфуз, Оэ, Найпол, Памук (мен бұларды сыйлық алған жылдарына сай тізбелеп отырмын). Қайсы керек, мархабат! Ал Мо Яннің еш кітабы жоқ, егер жіберсеңдер, оны да көрейін. Әрі П.Коэльо (Алхимик) бастаған нобелиант болмаса да, өз алдарына ерен мықтыларды аудардым. Олардың ішінде Паустовский, Зощенко, Битов тәрізді әлді орыстар бар. Бірақ «осы дүниелерімнің (аудармаларымның) бағын жандыршы» деп ешбір баспаның есігін қаққан емеспін» депті өзі бір жазбасында. Бұған біз Марал Хасен шығармашылығына тоқталған әдебиетші ғалым Жансая Жарылғаптың мына сөзін қосқымыз келеді: «Орыстың протестік әдебиетінің басында тұрған, Ресейде жазған шығармаларынан саналы түрде бас тартып, Парижге барып жаңа шығармалар жазған Бунинді аударуы – қаламгер талғамы мен өресінің биіктігін білдіреді. Аудармаға да талғам керек. Қадыр Мырзалиев «Мен көрдім дүние деген иттің көтін» (Абай) дегенді қалай аударуға болады?» дейді. Яғни, аударма – шартты нәрсе. Түптеп келгенде, үлкен шығармашылық қуатты талап ететін сала. Талантты аудармашылар – бір мәдениет пен екінші мәдениет арасындағы алтын көпір, әдеби тасымалдаушылар. Әдебиеттегі абсурдизм деген үлкен бір бағыттың, ағымның негізін қалаған Камюді аударды бұл кісі. Камюға кімнің тісі батады? Латын америкалық, сюреалистік әдебиетті, неомифологизмді әкелген Пауло Коэльоны аударды. Бұл дегеніңіз – екінің бірінің тісі бата бермейтін жаңа дүниелер. Мәселен, Асқар Алтайдың «Киллер сауысқанын» орысшаға аударғанына тіптен қатты таң қалдым. Модерндік әдебиет өкілі саналатын Асқар Алтайларға баруы, Орхон Памуктың постмодернистік шығармаларын аударуы – телегей-теңіз білімді қажет етеді. Яғни, бұл кісі өз талғамымен қатар, қоғамның талғамын ойлағаны байқалады. Ал, мына Нұржановтан «Модерн мен Постмодернді» аударуы – өлшеусіз еңбек. Терминдерден аяқ алып жүргісіз ғылыми дүние қазақшалауға қаншама қажыр-қайрат керек десеңізші».

Зергер шеберлік, телегей-теңіз тереңдік Марал Хасен атамыздай үлкен дарынға тән қасиет. Құдай берген алапат қуат пен кітап оқудың арқасында, өлмес мұралар қалдырды. Бұл – дарындар ғана жететін даңқ! Аударма саласында өнімді еңбек еткен автордың артында қалған әдеби мұра уақыт сынына төтеп берер өміршеңдігімен ерекшеленеді. Құрметпен еске алатын халқы бар. Көз майын тауысып, ағамыздың қазынасын әйгілеуден жалықпайтын жары Рымбала апайдың еңбегінің өзі нағыз қайраткерлікке пара-пар. Осы кісі бастап қолға алмаса мынандай қаламгердің ғажайып еңбектері мен аудармалары өз деңгейінде насихатталып, кітаптары Ұлттық кітапхана сөрелеріне қаланар ма еді, ол қасиетті орыннан арнайы бұрышы болар ма еді, жоқ па еді, белгісіз. Авторды, руханиятты өлтірмейтін, жүрек жарығын жұртқа жеткізіп, ізгілік кенін ел ішіне тарата түсетін де осындай қайраткер тұлғалар емес пе, демек, Марал атаның еткен еңбек, төккен тері, сүйген жары, бәрі-бәрі елге, қазақ руханиятына қызмет етіп жатқанының айқын дәлелі.

«Барлық болмысымен, ақыл-санасымен, жан қуатымен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары аймақтағы қазақ көсемсөзінің қайта түлеуіне, ұлттық журналистиканың жаңа арнамен дамуына аса зор қызмет еткен қарымды да қара­көк қаламгер Марал Хасен жаны таза, көңілі дархан, тамырын тереңге тартқан тұлға еді. Ол өзінің қасаңдау көрінетін қасиеттерімен, шырмауықтай ширатыла өрілген өзіндік ойлау жүйесімен, санасының сергек, жан-жақтылығымен әуел бастан серке болуға, ерке болуға жаратылған жан болатын. Қым-қуыт тіршіліктің қат-қабат құбылыстарын көңіл көзімен көріп, танып, шым-шымдай шыжымдап әуелі жүрегіне, содан кейін қағазға түсіретін бейнетті кәсіп – қаламгерлікті өмірлік мамандық етіп таңдауының бір сыры да осы болса керек. Қалам ұстаған жандардың бәріне тән үрдіс – ол кісінің атын ең алдымен мерзімді басылым беттерінен танып білдік» деген інісі Жомарт Оспан қаламгердің кісілік келбетіне біт табан жақындағандай сезіледі.

Марал Хасен мектеп жасынан озық шыққан. Мектепті алтын медальға бітірген. Мәскеуде оқуды армандапты. Алайда оған қолы жетпеген. Тонның келтелігі, бәлкім қолдың қысқалығы, уақа емес. «Ол жөнінде әредік сараң сөз етіп қоюшы еді» дейді замандастары.

«Мәкеңнің адамшылық абзалдығы, мол ауқымды журналистік шеберлігі, қаламгерлігінің қырлары, т.б. жайында жазатын адамдар көп болар. Мен өзім сөзсіз мойындаған, қол қойған жеке қасиеттері жөнінде ғана айта кетсем бе деймін. Марал аға, ең алдымен, телегей-теңіз білім иесі еді. Көп, тым көп оқыған. Ертеректе текшелеп кітап жинау деген бір мәртебе болатын. Ол кісінің үйіндегі кітап қоры бес мыңнан асады деп естиміз. Және соның барлығын сән үшін жинамаған, санасына сіңірген, қилы ілім-білімді бойына молынан дарытқан. Сол зият білімдарлығы ағамыздың кісілік келбетінен мен мұндалап, өз-өзінен көрініп тұратын.

Екінші бір қыры – әмбебап аудармашылығы. Екі тілге бірдей жүйрік – қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға іркілмей, жеңіл аудара береді. Сол шеберлігінің арқасында анау-мынау кезекті, күнделікті аудармалар былай тұрыпты ғой, кесек-кесек көркем дүниелерді сәтімен тәржімалады. Олардың алды республикалық беделді баспалардан басылып шықты, оқырман олжасына айналды. Тегінде орысшадан қазақшаға аударатын адамдар жетіп артылады, ал қазақшадан орысшаға сонша дәлдікпен, шебер аударатын аудармашылар қазірде қаламызда саусақпен санап аларлықтай ғана, тіпті жоқ шығар-ау…

Үшінші бір қыры – қазақы қалжыңға, ауызекі әңгімеге шеберлігі еді. Халқымыздың арғы-бергі тарихына қатысты, ұлтымыздың ұлы тұлғалары, белгілі азаматтары турасындағы қилы қиямет, түрлі, тіпті, қызғылықты, күлкілі әңгімелерді көп білетін, әрі майын тамызып айта білетін, жалықтырмайтын. Сол себепті де ағаның төңірегін көп айналсоқтайтынбыз. Төртінші бір қыры – әдебиет өз алдына ғой, өнер атаулының барлығына дерлік жақындығы, бейімділігі, зейінділігі болатын. Осы тұрғыда көп оқығандығының, жан-жақтылығының тағы бір көрінісі – қала ішінде болып жататын, көпшілік бара бермейтін түрлі классикалық көркем кештер, симфониялық, үрмелі аспаптар оркестрлерінің концерттерінен қалмайтын. Алған әсерін әдемі әңгімелеп отыратын. Орындалған симфония, кантата, опус, олардың авторлары, оркестр мүшелерінің шеберлігі – бәрі-бәрі талғампаз жанның назарынан тыс қалмайтын. Өзі де өнерден қара жаяу емес. Анау айтқандай әнші болмаса да, редакциядағы отырыстарда әуелетіп ән шырқап жіберетін әдеті бар-ды. Және де айтатыны бір ән – «Ақылбайдың әні». Осынау жоғары диапазонды қажет ететін әнді ден қойып, аса шеберлікпен орындап беретін. Зиялы адамдарға тән бір қасиет – Марал аға атақ-дәреже дегенге сонша құштар болмады. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі сыйлық, жүлде, атақ, белгілерді әлдекімдер реті келсін-келмесін «коллекция» жасап, жинап жүргенде, Мәкең соның біреуін де алмады, ұмтылмады да» дейді інісі Жомарт Оспан. Демек, Мағауиннің өзі кісілігі төмен адамнан жазушы-қаламгерлік шықпайды. Өзіңде болмаса кімге үлгі боп, не айтқандайсың дегендей сөзі бар еді ғой. Ал Марал Хасен тумысынан дегдар екен. Бәрінен бұрын биік кісілігі һәм ерек жаратылысы менмұндалап тұрғанын аңғару қиын емес жоғарыдағы лепестен.

Бір анық нәрсе, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға барып, Марал Хасен деп іздеу салсаңыз, ол кісінің телегей-теңіз мұрасының ұшпағына ілігесіз. Осы кітапхананың порталы «Kazneb.kz»-тен іздесеңіз де небір ғаламат кітаптармен, аудармаларына қол жеткізесіз. Ұрпақтан ұрпаққа көшетін мәңгілік мұра, өшпейтін даңқ деген осы.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ 

           

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *