Адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Еліміздің Президенті: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды. Тынымсыз тірлік етіп жүрген еңбек адамдары үлкен құрметке лайық.
Кентімізде сондай еңбектері жанған адамдар аз емес. Солардың бірі ерлі-зайыпты Дайыровтар отбасы. Кезінде оқу орындарында білім алып, бір-бір мамандықтың иесі болып, мемлекеттік мекемелерде абыроймен жұмыс атқарып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып отырмай өздерінің кәсібін ашып ел арасында зор құрметке ие болып жүргені баршамызға мәлім.
Отағасы Берік Ермекұлы Шет ауданының Қайрақты кентінде (ол уақытта Рудник) 1952 жылы дүниеге келген. Қайрақты қорғасын – барит кеніші кезінде атағы бүкіл Кеңес Одағына белгілі ірі кәсіпорын болған. Ұлы Отан соғысы жылдары осы кеніштің алған өнімінен оқ-дәрі, басқа да қару-жарақтар дайындап, майдан шебіне жіберіліп отырған.
Әкесі Ермек Дайырұлы соғыс жылдарынан бұрын Балқаш қаласындағы №№ 1,2 кірпіш зауыттарында партком секретары міндетін атқарған. Соғыс басталысымен Қызыл Армияның Қиыр Шығыстағы резервтік әскеріне аттанады. Әскерде жүргенде взвод командирінің орынбасары, саяси қызметкер, партия хатшысы болады. Басынан аяғына дейін милитаристік Жапониямен соғысқа қатысып, майдан шебінде көрсеткен ерлігі үшін И.Сталиннің Алғысхатымен, «Жапонияға қарсы соғыста жоғары жауынгерлік көрсеткіштері үшін», «Жапонияға қарсы соғыстағы жеңісі үшін», басқа да жауынгерлік медальдармен марапатталған.
Еліне аман-есен келген соғыс ардагері партия органдарының шешімімен Қайрақты кенішіне комендант қызметіне жіберіледі. Кейін осы жерде учаскелік инспектор қызметінде болады. 1962 жылы 49 жасында қайтыс болады.
Анасы Жәміш Шәкенқызы, мамандығы мұғалім, бастауыш сыныптарға сабақ береді. Қайрақтыға көшіп келгенде сатушы болып істейді. Сүйген жарынан ерте айырылған соң, 5 баланы жалғыз өзі аяққа тұрғызып өсіреді.
Берік Ермекұлы жас кезінен қала типтес кеніштің ішін аралап, салынып жатқан құрылыс нысандарын қарап жүреді екен. Бір жерде кенішке керек қоймалар, басқа жерде тұрғын үй немесе әлеуметтік ғимараттар салынып жатады. Осының бәрі жас балаға үлкен қызығушылық туғызып, өскенде құрылысшы болсам деген арманды тудырады.
Қайрақты орта мектебін бітірген бетте Қарағанды политехникалық институтының құрылыс факультетіне оқуға түседі. 1975 жылы институтты тәмамдаған жас маман мемлекет жолдамасымен Ақадыр кентіндегі ПМК-1103 (жылжымалы механикаландырылған колонна) мекемесіне жіберіледі. Бас кезінде учаске шебері, кейіннен учаске, техникалық бөлімнің басшысы қызметтерін атқарады.
Құрылыс мекемесінде қызмет еткен жылдары туралы Берік Ермекұлы:
– ПМК мекемесінде қызмет атқарғанда аудан орталығы болған Ақадыр енді ғана көркейіп келе жатқан. Жаңадан салынатын құрылыс нысандары көп болды. Атап айтсам, аудандық сот (қазіргі кезде кафеге айналған), аудандық байланыс торабы, қонақүйі, тұрмыстық үй ғимараттарын, Ортау ауылындағы сауда орталығын, көптеген тұрғын үйді тұрғыздық. Сол қызу жұмысымыздың арқасында ондаған үйлер салынып, «ПМК», «Кооператив» ауылдарына айналды. Тоқетерін айтқанда, кенттің біраз жерлерінде біздің құрылысшылардың ізі қалған. Қазіргі тұрып жатқан Абай даңғылы, №50 үйімізді де мекемеміз салып, өзімізге арнайы берілген, – деп есіне түсіріп жатты.
– Құрылыста жүргенде қандай қызықты оқиғаларды бастан кештіңіз? – деген сұрағыма:
– Ұмытпасам, 1990 жылдың маусым айында Шығыс Қазақстан облысында 8 балдық жер сілкінісі болды. Өздеріңіз білетіндей, бұл оқиға еліміздің тарихында «Зайсан зілзаласы» атымен қалды. 9 мыңға жуық үй құлады, кейбіреулері жермен жексен болды.
Республикамыздың әр түкпірінен құрылысшылар сол жаққа көмекке барды. Көппен бірге біздің де мекеменің бригадасы қол ұшын беруге аттанды. Он адаммен барған біздерге «Бақасу» кеңшарында 150 шаршы метр құрайтын екіпәтерлі үйді салу керек болды.
Айта кету керек, бізбен бірге сол ауылда «Казмедьстрой», «Прибалхашстрой», «Металлургстрой», «Қайрақтытяжстрой», басқа жақтың ПМК-ларынан барлығы 30-ға тарта бригада болды. Ол дегеніңіз, сонша үйді-үйді жаңадан тұрғызу.
Арнайы іссапарға барған біздер күнмен, түнмен санаспай еңбек етіп, екі айдың ішінде сапалы үйді салып тастадық. Қатаң қабылдған мемлекеттік комиссиядан да аман-есен өтіп, салған нысанымызды елдің бәрінен бірінші тапсырып, үйге қайттық. Еңбегіміз бағаланып сол кездегі облыстық «Жезказганская правда» газетіне шығып, республикалық теледидарға түстік, – деп сөзін аяқтады.
Берік Ермекұлы кейін «Казглавводоснабжение» мекемесі бастығының орынбасары болып ауысады. Бұл мекеме Ақадыр, Шет, Ақтоғай аудандарының шалғайда жатқан ауылдарды, қыстақтарды, жазғы жайлауларды сумен қамту шараларымен айналысады. Әрі қарай «Қайрақтытяжстрой» тресінде прораб, Ақадыр жол дистанциясында (ПЧ-16) бас механик қызметінде болады. Осы соңғы мекемеден зейнеткерлікке шығады.
Бекеңнің өмірлік жұбайы Күләш Қабдолқызы Бектауата баурайында 1955 жылы өмірге келген. Бектауата облысымыздың Ақтоғай ауданында, Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 60 шақырым жерде, ұсақ шоқылы белесті жазықта орналасқан. Таулары солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырымға созылып жатыр, ені 3 шақырым. Таудың ең биік жері 1 213 метр.
Күләш Қабдолқызының әкесі Қабдол Ақыжанұлы байдың немересі болғандықтан Кеңес Үкіметі тарапынан көп қуғын көрген. «Байдың тұқымы» деп Балқаштағы ПЗУ шахталарына қара жұмысқа түсіреді. Ауасы лас, ауқымы тар шахталарда көп уақыт еңбек ету мүмкін емес еді. Ақыры аяғы, өкпеден целикоз науқасына ұшырайды. Әкесі өмірден озғанда отбасының кенжесі Күләш Қабдолқызы небәрі 5 жаста ғана екен.
Балаларды өсіру ауыртпалығын аналары Жетен Мәженқызы көреді. Жазғы айларда ауыл ішіндегі Демалыс үйінің асханасын басқарады. Қолда бар сиырларын сауып, балаларының аузынан сүтін, қаймағын, сары майын, ірімшігін, айранын, қатығын арылтпаған.
Балалық шағын Күләш Қабдолқызы былай еске алады:
– Мен Бектауата баурайында туғанымды әрдайым мақтан тұтып жүремін. Бала кезім әлі көз алдымда. Бектауатаның табиғаты керемет, оны шөл даланың ортасындағы оазис деуге келеді. Тау шатқалдарында орман-тоғайлар, емдік шипалы сулары бар бұлақтар көп. Көздің жауын алып, алқапта кестеленіп жатқан алқызыл гүлдерді көргенде қалай шаттанбайсың! Бектауата кереметінің ең күштісі – Әулие тас үңгірі. Осы үңгірге байланысты таудың өзін де қазақ «Әулиеата» деп атайды, Бектауата дегеннен көрі Әулие сөзін көбірек қолданады. Бала кезімде ол жерде 20-дан астам үй болды. Жаз айларында Демалыс үйі үлкендерді, 2 пионер лагерлері оқушыларды, бір балабақша 3 жастан 6 жасқа дейінгі кішкентай бүлдіршіндерді қабылдайтын. Жаз бойы ауылымыз көңілді, той-думан, шаттықпен өтетін.
Қазіргі кезде біраз жасқа келсем де, туған ауылыма көңілім ауып тұрады. Анамның берген қызыл күрең шайы, пісірген бауырсағы, бал қаймағы, сары майы, қою айраны есімнен ешқашан кеткен емес, – деп бір жағынан мақтанышпен, екінші жағынан күрсіне айтып шықты.
Күләш Қабдолқызы бес сыныпты Бектауата ауылында оқып шығады. Әрі қарай Балқаш қаласына барып, №3 мектеп-интернатында оқуын жалғастырады. Мектепті бітірген бетте сол қаладағы медициналық колледжіне оқуға түсіп, жалпы тәжірибе медбикесі мамандығына ие болады.
Колледжді ойдағыдай бітірген маманды жолдамамен Қарағанды қаласының онкологиялық ауруханасына жібереді. Жас маман енді оқу орнында алған білімін тәжірибелік жұмыста қолдана бастайды. Дәрігерлердің, өзінен үлкен әріптестерінің ақыл-кеңесін тыңдап, мамандығының қыр-сырын игере бастайды.
Әрине, жұмыс арасында өзінің қатарымен демалыс орындарына барып жүреді. Сондай бір кештің үстінде политехникалық институтының студенті, болашақ жары Берік Ермекұлымен танысады. Көңілдері жарасқан жұп отбасы құруға бел буады.
Үйлену тойлары өткен соң, жұбайының ата-анасы тұратын Қайрақты кентіне келеді. Сол жердегі ауруханаға медбике болып орналасады. Екі жыл бойы қаладан алған тәжірибесін енді ауылда іске асыра бастайды.
1977 жылы жас жұбайлар Ақадыр кентіне қоныс аударады. Жұбайы құрылыс мекемесінде, өзі аудандық ауруханада жұмыс істей бастайды. Басында хирургия бөлімшесінің мейірбикесі болса, кейін зертханада лаборант болып істейді. Ал енді 1985 жылдан бастап, арнайы курсты оқып келгеннен кейін рентген кабинетінің лаборанты болады. Осы жерден 2000 жылы жеңілдетілген (льготная пенсия) зейнеткерлікке шығады.
Күләш Қабдолқызы зейнеткерлікке шыққанымен аурухананың тамақтандыру бөлімінде (пищеблок) жұмысын жалғастыра береді. Осы кезде заманның ағымымен жеке кәсіпкер болуды мақсат етеді. Ол ойлары іске асып, кәсіпкерлік куәлігін алады. Пищеблокта жұмыс атқарып, енді ауруханадағы емделушілерге тамақ дайындайды.
2000 жылы бұрынғы теміржолдың сауда мекемесінің (ОРС-НОД-5) асханасын сатып алады. Асхана деген аты ғана. Есік-терезесі, ішіндегі бүкіл аспаздық қондырғылары мен құралдары сатылып, тоналып біткен, еден ағаштары шіріген, құр төрт қабырғасы ғана бар ғимаратты алады.
Асхананы қалпына келтіру үшін банкіден несие алуға тура келеді. Ол кездері кент ішінде арнайы жеке меншіктегі құрылыс бригадалары, қазіргідей Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келіп жұмыс жасайтын құрылысшылар жоқтың қасы. Қарағанды қаласынан жөндеу жұмыстарын жасайтын адамдарды шақыруға тура келеді. Бұл шаруада Берік Ермекұлының құрылыс маманы болғаны көп септігін тигізеді. Көп ұзамай қирауға жақын қалған асхана күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғырып, «Аэлита» тойханасына айналады. Пайдалануға берілгеннен бері 200-ден астам адам сиятын ошақта кент, тіпті жан-жақта орналасқан ауылдардың халқы той-домалағын, мерейтойларын, астарын, ата-бабаларын еске алу кештерін өткізіп тұрады.
Ерлі-зайыптылардың кәсібі өрге домалап, ендігі кезекте мал шаруашылығымен айналысуға бет ала бастайды. Оған ең алдымен мұрындық болған 22 жасында мезгілсіз дүниеден өткен Рауан ұлдары болады. Марқұм балалары «шаруашылық ашайық» деп әке-анасына ұсыныс бере берген екен. Бір күндері оның да сәті түсіп, бұрынғы «Жазира» қожалығын сатып алады.
Қожалық деп айтылғанымен тек жері ғана болады. Әбден ескірген қора-қопсысы да жаңартуды керек етеді. Мұндай жағдай ерлі-зайыптылар үшін таңсық емес екені анық. Шаруашылықтың құжаттарын реттеп алған соң, бастапқы кезеңде 65 бас асыл тұқымды сиыр мен 100 бас қой малын сатып алады. Иеліктерінде 2 жылқы малы болады. Он жыл бойы малдың басын текке жұмсамай өсірумен айналысады.
Қыстақ басына әрбіреуі 720 шаршы метр құрайтын 3 мал қораларын (баздар) салады. Онымен қоса қазіргі үлгідегі 2 тұрғын үй тұрғызады. Су алуға арналған 2 ұңғыма (скважина) қазылып, күннен электр қуатын беретін панель орнатады. Әрине, бұл жерде тағы да Берік Ермекұлының құрылысшы болғаны үлкен көмегін тигізгені айтпаса да түсінікті.
Бүгінгі таңда ауданымыздың бір ірі шаруашылығына айналған, марқұм ұлдарының есімімен қойылған «Рауан» шаруа қожалығының иелігінде 250 бас жылқы, 280 бас сиыр, 235 бас қой малы, қаз, тауықтары бар. Техникадан 3 МТЗ-82 тракторлары, тіркемесімен КАМАЗ автокөлігі, бір КУН (стогометатель), 2 шөп тасымалдайтын кассета, тырнауыш, шалғылар, «Нива-Патриот» жеңіл автокөлігі, мал қарауға арналған 3 мотоциклдері бар. Шаруа қожалығы сиыр малын Герефорд, қой малын Дегерес тұқымдарымен асылдандырып, мемлекет тарапынан субсидиялар алуда.
Кәсіпкерліктің иелігі Күләш Қабдолқызында болғандықтан, бүкіл сый-сияпат та, құрмет те сол кісінің атында. Еңбек еткен жылдары «ҚР Ауылшаруашылығы саласының Құрметті ардагері» төсбелгісімен, 2019 жылы 8 наурыз мерекесіне орай Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасы және бағалы сыйлығымен, облыстық Ассамблея Хатшылығы басшысының Алғысхатымен, Шет ауданы және Ақадыр кенті әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, Алғысхаттарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталған. 2020 жылы Шет ауданы бойынша «Ауылшаруашылық саласының үздік маманы», одан кейін Ақадыр кентінің «Үздік кәсіпкер» аталымын жеңіп алған.
Берік Ермекұлы мен Күләш Қабдолқызы 3 бала тәрбиелеп өсірген. Үлкен ұлдары Әнуар Балқаш тау-кен металлургия колледжін бітірген. Қазіргі кезде Қарағанды қаласының орман шаруашылығында орманшы қызметінде. Зайыбы Алма Қазақбайқызы, мамандығы экономист. Екеуінің Біржан, Мейіржан, Бауыржан, Әбілмансұр, Нұрмұхаммед есімді балалары бар.
Екінші ұлдары Асқар Целиноград теміржол көлігі колледжін техник-жолшы мамандығы бойынша тәмамдаған. «Рауан» шаруа қожалығын басқарып отыр. Зайыбы Қуаныш Қанатқызы, мұғалім. Саяжан, Ақылжан, Ғалымжан, Айбибі, Айжігіт есімді балаларын тәрбиелеп өсіріп отыр.
Еңбек адамына құрмет қай кезде де ерекше. Олардың орны қай кезде де биікте болуы керек. Ерен еңбегімен ел арасында бедел иесі бола білген, бүгінгі күні асқар тау әке, ардақты ата, асыл ана, мейірімді әже атанған Дайыровтар отбасына сәттілік, дендеріне саулық, әулеттеріне бақ-береке тілейік.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
Подпись на фото
4 вверх 1 ()
4 вверх 2 ()
4 вверх 3 ()
4 вверх 4 ()