Еңбек пен білімді өмірге айналдырған тұлға

Тонтаева Гүлсім. Бір кездері газет бетінен түспейтін есім еді. Оған да жарты ғасырдан астам уақыт өтіп барады…

Қазақ даласының қойнауында, маңдай терімен, табандылығымен және адалдығымен ел құрметіне бөленген жандар аз емес. Солардың бірі – Қарағанды өңірінде ғана емес, республика көлемінде танылған еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Тонтаева Гүлсім. Оның өмір жолы – қарапайым ауыл қызынан ел сеніміне ие болған қайраткер дәрежесіне дейін көтерілген қажырлы еңбектің айқын көрінісі. Әкесі Қарасу-Жылымсу аталатын жерде ауылшаруашылығына адал еңбек сіңірген, табиғатпен етене тіршілік кешкен жан болған. Осындай еңбекті қадірлеген ортада өскен Гүлсім жастайынан еңбекке, жауапкершілікке, табандылыққа тәрбиеленді.

1953 жылдың сәуір айында бабаларының атамекені саналатын жер жәннаты Қарасу-Жылымсу деген нулы жерде дүниеге келген. Әке-шешесінің «өте керемет жер, талай адамды асыраған, жері өте тамаша, мал баққанда да, далада  қысты күні өзінде де, қыстап шыға беретін еді» деп айтып отыратыны есінде қалыпты. 1932 жылдың аштығында ел ішерге ас таппай тентіреп жүргенде, қарасулықтар қыстан қысылмай шығып, жазда өзен бойымен шұбырған халыққа көмек жасағаны жайлы жазушы К.Жүністегі «Құба белдер» трилогиясында айшықтап жазған болатын.

Балалық шағы 4-5 жасқа дейін Қарасуда өтті, жазда сиыршы ауылда, қыста колхоз орталығында қыстады. Анасы Әбілдақызы Бибікен сауыншы болып еңбек етті, әкесі Тыныбекұлы Тонтай өте еңбекқор жан болған. Әкем де, шешем де жаңағы атамекен Қарасуда сол жердегі ағайындармен бірге жер-жыртып, егін-егіп, ауылдың ұсақ-түйек малын бағып, уақытында еңбегі сіңген ауылдың бейнетін көп көрген адамдар еді. Сол Қарасуда «Тонтайдың тоғаны» деп аталатын тоғаны бар. Негізгі сол тоғанның айналасына  жоғарғы сортты қожа бидай егілді. Оны суаратын да, құстардан, жануарлардан қоритын да Тонтай ақсақалдың өзі болатын. Су ішуге келген малдардың да жыраны бұзып кететіні болушы еді. Су кеткен жерді  қолмен, күрекпен, кетпенмен жырып қалпына келтіру де оңай жұмыс емес-ті.

Гүлсім айтады: «Сол Тонтайдың тоғаны деген сөзді мен алғаш рет үлкен қадірлі азаматтардың бірі – Қарағанды облысы бойынша еңбегі сіңген Шет ауданында, сол Қарасуда туып өскен Қасымбек Медиевтің аузынан естідім. Қанша айтқанмен есті кісі ғой, жас кезіндегісін ұмытпапты. «Тонтайдың тоғаны деген, сенің әкеңнің атындағы тоғаны бар. Ол кісінің еңбегі еліне өте сіңген, жас кезімізде көргенбіз. Әкеңнің еңбекқорлығы саған дарыған екен, еңбек ер атандырады, батыры көп ауылдың қызысың, намысыңды қайрап, ел алдында жүруге тырыс» деп айтқаны есімде мәңгі жатталып қалды».

Мектепті аяқтаған соң ол Қарағанды облысы, Шет ауданындағы «Ақшатау» совхозында құрылған қыздардан құралған трактор бригадасына жұмысқа орналасты. Бұл – сол кезең үшін сирек әрі ерекше құбылыс еді. Ауыл қыздарының ауыр техника тізгіндеп, егістік пен даланың жұмысына араласуы нағыз батылдық пен ерік-жігерді талап ететін.

Гүлсімнің ағалары Нығмет пен Нығыбай да механизатор болып, ауылшаруашылығына қызмет еткен білікті мамандар еді. Осындай отбасылық еңбек дәстүрі оның қалыптасуына үлкен ықпал етті. Гүлсімнің трактор бригадасындағы еңбегі көп ұзамай жоғары бағаланды. Ол бірнеше мәрте түрлі деңгейдегі конференцияларға қатысып, озат еңбек адамы ретінде танылды. Орталық Комитеттен алған марапаттары оның еңбекқорлығын, ұйымдастырушылық қабілетін, жауапкершілігін айғақтайды. Ол Мәскеу қаласында болып, КПСС-тің XIV съезіне қатысты. Бұл – сол дәуірде санаулы еңбек озаттарына ғана бұйыратын үлкен сенім мен мәртебе еді. Сонымен қатар Гүлсім облыс көлемінде бес жыл бойы тексеру комиссиясының мүшесі болып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. Оның еңбегі «Құрмет» орденімен марапатталуы – осы жолдағы адал қызметінің заңды нәтижесі. Гүлсім Тонтаева республика көлемінде де танылды. Пионерлер жинаған металлом есебінен алынған ДТ-75 тракторы оның атына жазылып берілуі – соның бір дәлелі. Бұл – жастарға үлгі болған еңбек ерлігінің, ел сенімінің нышаны еді.

Ол Кәмшат Дөненбаева, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев сынды елге белгілі еңбек саңлақтарымен таныс болып, тәжірибе алмасты. Мұндай тұлғалармен бірге жүргені оның да биік деңгейдегі қайраткер екенін көрсетеді. Өмірдің бір кезеңінде Гүлсім еңбекпен қатар білімнің де маңызын терең түсініп, Жезқазған педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны табысты аяқтайды. Ол география пәнінің мұғалімі болып, кейін мектеп директорының орынбасары қызметін атқарды. Ұстаздық қызметінде де ол еңбек жолындағыдай табандылық пен жауапкершілік танытып, жүздеген шәкіртке білім мен тәрбие берді. Ауыл балаларының көкірек көзін ашып, болашаққа сеніммен қадам басуына ықпал етті.

1980 жылы Алматы қаласында өткен салтанатты жиында Гүлсім Тонтаева КСРО басшысы Л.И.Брежнев пен атақты академик В.Ф.Шаталовтың қатысуымен өткен ресми шараға қатысты. Бұл – оның сол кезеңдегі қоғамдағы орнын, беделін айқындайтын тағы бір маңызды дерек.

 

Гүлсімнің жазбасынан

Шешеміз бізді асырап-сақтап жеткізді. Жазда сиыр сауды, сиыр саууға көмектесіп, бұзауын байлап әліміз келгенше көмектестік. Жалпы әке-шешемізден біз жеті ағайындымыз – төрт ұл, үш қыз. Ең кіші бауырымыз жас кезінде ертерек шетінеп кетті. Екі ағам, сіңілім Бақытгүл дүниеден өтті.

«Ақшатау» совхозындағы сол Карл Маркс атындағы орта мектепті 1970 жылы бітіріп шықтық. Оқуға түсетіндер түсті, түсе алмағандар құлап қайтып келді. Ауылда еңбекке араластық. 10 сыныпта оқып жүрген кезімізде ауылда тракторшылар курсы ашылды. Сол жылдары «Қыздар, келіңдер, техниканы меңгерейік, трактор рөліне отырайық» деген ұран болды. Бір топ қыз шақыруды қолдап, шаруашылық ісіне араласуды жөн көрдік. Енді бір аймақтарда мал шаруашылығына үндегендер шығып жатты.

Екі жыл жұмыс істеп, содан кейін жоғары оқу орнына жеңілдікпен түсу шарты сол кезден бастау алған болатын. Біздер мектеп қабырғасында жүргенде-ақ курсқа жазылып, бітірген кезде «3-ші класты тракторист-машинист» куәлігін алып шыққан болатынбыз. Содан еңбекке араластық.

Үлкен ағам Нығмет әскери міндетін Солтүстікте Мурманск қаласында атқарды. Қазіргідей емес, ол кезде әскер 3 жыл болатын. Бір жылдан кейін  Нығыбай ағам да кетті.

Шешеме көмектесу үшін жұмыс істеуге тура келді. МТМ-гараж мекемесіне слесарь болып орналастым. Мотор жуудан бастап, агрегат жинау жұмыстарына араласа бастадым. Облыс бойынша алғашқылардың бірі болып, біздің ауылда «Комсомолдың 50 жылдығы атындағы тракторшы-қыздар бригадасы» құрылған болатын. Көктем шыға бригадаға мүше болып қабылдандым. Ауыл қыздары Қамзабаева Жәкіжан, Сембаева Раушан, Уәдиева Қарлығаш, Баймурзина Сайлаукүл, Сағынбековалармен бірге шабындыққа шығып, жаз бойы мал азығын дайындадық. Аты аталған қыздардың көпшілігінің жолы болып, Қарағанды педагогикалық институтының дайындық курсына түсті, сол арқылы оқуларын жалғастырды.

Қыс бойы жазғы шөп шабу науқанына техника дайындайтынбыз. Шөп жетілгенше төл алу науқанына көмектесу парызымыз сияқты еді. Ауыл жастары толықтай мал төлдетуге, қой қырқуға,  қырманда жұмыс істеуге жіберілетін.

Ен далада, жайқалған шабындықта еңбек ету деген түсінген адамға жанның рақаты. Оны айтып жеткізу қиын, көзбен көріп, қолмен істеген ләзім. Біздің бригадиріміз Исин Талғат деген азамат болды. Мақанов Әһіл есепшіміз, зайыбы Бибаш апа аспаздық қызмет атқарды. Шыжыған ыстықта, тоңазытқышы жоқ жерде тамақ істеп, оны сақтау деген кез келген адамның қолынан келетін жұмыс емес. Міне осы кісілер кереметтей аяулы жандар еді, Талғат аға сол кездегі біздің әкеміз, ағамыз есебінде қорғайтын қорғаушымыз саналатын. Жұмыс арасында ақылын айтатын, балалармен ойнап-күліп әңгімелесіп жүретін. Өте ғажап жан болатын. Сол кісіні еске алып рақметімді айтып отырамын. Жалпы «Ақшатау» совхозында трактор рөліне отырған қыздар өте көп болды. Тек №1 фермада Қаппанова Шәкетай, Әбенова Рымтай, Ақылбекова Қамария, Қалкеева Нұрғайша, Күйкенова Райхан, Смағұлова Сәуле, Сағымбекова Нәскен сынды аруларымыз еңбек етті. №2 фермада Байжанова Сәуле, Махметова Оркен ерлермен қатар трактор руліне отырды. Қысқы мал азығын дайындау жұмысы өте күрделі болатын. Ақдала алқабына бір бригада, шөбі қалың шығатын аудан шаруашылықтарына бір бригада аттандырылатын. Ауылда шалажансар техника қалатын. Соған қарамастан, алға қойған мақсат үдесінен шығып жүрдік. Ол да бір аласапыран қызықты кезең еді.

Кейін бригадир болып Қалиақпаров Шәкен істеді. Шаруашылықта науқанды жұмыстар еш толастамайтын. Мүмкіндігінше соның бәріне араласып, қол ұшын беруден арланбайтынбыз. Әрине, еңбегімізді бағаланды, жергілікті кеңеске депутат қылып сайлады. Аудандық кеңестің депутаты болдым. Ақадыр аудандық оқу бөлімінің бастығы Халенов Жамбыл ағамен бірге депутат болдым. Пленум, жиналыстардан қалмадым, қажет болған жағдайда пікір айтудан да тартынбадым. Ауыл, мектеп, жастар мәселесін үнемі көтеріп отырдым. Партком мүшесі ретінде арыз-шағымдарды талқылауға қатыстым, ауылдағы жолдастық соттың жұмысына араластым. Одан кейін Жезқазған облысы болып бөліндік. Жезқазғанға барып тұрдық. Әлі есімде, Жезқазған облысынан бөлініп, Ақадыр ауданы құрамында конференция жұмысына барғанда, кәдімгі шопандарға арналған вагондарда түнедік. Бұл жағдай мен үшін үйреншікті болатын. Кейінде еске алып, сондай бір жарқын күндерде өмір сүргенімізге тәубешілік етемін. Ақадыр кішкене ғана станса болатын, көшелерінде сары желетке киіп, велосипедпен кетіп бара жатқан теміржолшы әйелдерді көріп таң тамаша болғанымыз бар.

Бірде Жезқазған қаласына жиналысқа баратын болдық. Ақадырға автобуспен барасың, танитын адамымыз жоқ. Содан вокзалда түнеп шыққан кездер болды. Қазіргідей емес, ол кездерішын мәнінде  қиыншылық болды. Алайда жастардың жүзінен жарқылдаған жастық рух білініп тұрушы еді. Талай адамдармке таныстық, пікірлес болдық. «Кеншоқы» совхозында «Жас қанат» атты шопандар бригадасы құрылды. Басшысы Түсіпбеков Орынбай деген азаматпен бірге жиналыстарға барып жүрдім. Жақсы қызықты күндер бүгінде естелік болып қалды.

Әлі есімде, «Құрмет» орденін аяулы азамат, Жезқазған облысы КП екінші хатшысы Кәкімбек Салықовтың қолынан алдым. Орденді кеудеме тағып тұрып: «Қызым, еңсеңді түсірмей кеудеңді шалқақ ұста, мына ел қазақ қызының қандай марапатқа ие болып жатқанын көрсін» деп еді. Естен кетпес елеулі күндерім көп болды.

Одан кейін Жеңістің 30 жылдығында Жезқазған облысы бойынша Мәскеу қаласына бардық. Бүкіл Қазақстан бойынша бүкіл облыстан барды. Әрине, бұл да маған көрсетілген зор құрмет болатын. Қазақстан коммунистік партиясының 14-ші съезіне Қарағанды облысы бойынша делегат болып қатыстым. Сонда 5 жылға Қарағанды облысы бойынша кейін, Жезқазған облысы бойынша тексеру комиссиясы мүшелігіне 5 жылға сайландым. Енді облыс бойынша бір адам сайлану деген өте үлкен сенім артып отырғаны, үлкен құрмет деп ойлаймын.Содан бес жыл бойы Алматыға жылына 1-2 рет барып тұрдым, талай еңбек адамдарымен таныстым, пікірлес болдым.

Механизатор Кәмшат Дөненбаева, Құндызай Ыбраева деген қызбен танысып,  бір бөлмеде жатып сырласқанымыздың өзі неге тұрады. Қызылордалық шопан қыз Рәбиға Іздіқұлова, алматылық Аябаева Мариям, Ыбрай Жақаевты, Жазылбек Қуанышбаев секілді көптеген еңбек адамдарымен танысып дәмдес болғаным тағы рас. Бұл ерен еңбегімнің еңбегімнің арқасы деп ойлаймын. Әрине еңбек етсең, адал істесең жеңіске жетесің.

Павлодар трактор зауытынан маған аты-жөнім жазылған ДТ 75 тракторы табыс етілді. Облыс бойынша екі адамға берілді. Бұл мен үшін үлкен құрмет болатын. Ол Қазақстан пионерлерінің жинаған металл қалдықтарының қаржысына жасалды.

Сол трактормен Әбдіраев Табылды, Смирнов Григорий үшеуміз кезектесіп жер жыртып, топырақты тегістедік. Алып К700 тракторын жүргізгенім де бар. Жоғарғы оқу орнына бармағанымда, шаруашылықтар жекеленгенше механизатор болып жүре берер ме едім.

Еңбегім еленіп жатқан шақта еңбек ұжымдары мүшелерімен, мектеп, училище оқушыларымен кездесулерім жиі болып тұратын.  СПТУ-174, Алтынсарин атындағы оқушылармен қызықты, мнді тақырыптық кездесулер өткіздім. Қошаметтеп қарсы алып, құрметтегендері еңбегімнің ақталғаны ғой деп қуанатынмын. Шет ауданы партия комитетінің алдында аты-жөнім жазылған портретім ілулі тұрғаны көңілге жұбаныш еді.

Дәм жазып Жезқазған педагогикалық институтутының география-биология факультетінің студенті атандым. Институтта да қадірлі болдым, озат студент атандым. Практикамыз Жезқазған қаласында болды. Кейін ауылға келгенде демалыс каникул кезінде совхоз жұмыстарынада араласып, еңбек еттім. Қыстақтан жайлауға көшіру, күзді күні жайлаудан қыстаққа көшіру бұл жұмыстардың бәріне белсене қатыстым. Жалғыз өзім трактор жүргізіп жүре беретінмін. Алла сақтаған шығар, көлігім бұзылмапты. Ол да қызықты кезеңдер, еске алып балаларға айтып отырамын. Одан кейін мектептегі мұғалімдік жұмысым басталды. Мектепте мұғалімдікпен қатар, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін қоса атқардым. Шыны керек, маза көрмедім. Кейіннен денсаулығыма байланысты зейнеткерлікке шықтым.

 

Өшпес өнеге

Бүгінде Гүлсім Тонтаева өмірден өткен. Бірақ оның артында қалған еңбегі, шәкірттері, игі істері – жарқырап тұрған мәңгілік мұра. Ол тек трактор тізгіндеген еңбеккер ғана емес, елге адал қызмет еткен, білім мен парасатты ұштастырған нағыз азаматша еді. Оның өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі, еңбек пен білімнің қатар жүргенде ғана биікке шығаратынын дәлелдейтін тағылымды тағдыр. Осындай тұлғаларды ұмытпай, есімдерін жаңғырту – бүгінгі және келер ұрпақтың парызы.

1974 жылы университет қабырғасында Тонтаева Гүлсім жайлы еркін тақырыпқа шығарма жазып, 5/4 деген баға алған едім. Кейіннен кемітіліп қойылған баға екенін естідім. Менің шығармамды тексерген оқытушы Шет ауданынан болып шықты. Содан сескеніңкіреп осындай баға қойғандығын айтыпты.

Енді тура 52 жылдан кейін сол кейіпкерім жайлы қалам сілтеп отырмын. Өкініштісі сол, ерен еңбектің екпіндісі, қазақтың қара нардай жүк көтерген қайсар қызы бүгінде өмірде жоқ. Артында жарқыраған жақсы аты, ұмытылмастай айта жүрерлік естелігі қалды. Естелік демекші, қаладағы М.О.Әуезов атындағы кітапханадағы кездесулерге жиі барып тұрамын. Кітапхана қызметкері Төлеуханова Айткүл институтта Тонтайқызы Гүлсіммен бірге оқып, жатақханада бірге жатқан екен. Менің ақшатаулық екенімді білгеннен кейін бір кездегі сырлас құрбысы жөнінде жақсы естеліктер айтты. Алла жазса, таяуда Ақадырда болатын жылдық асына қатыспақшы.

«Еңбек түбі – береке» екенін айтқан аталарымыз еңбек адамының игілікті істерін үнемі жадында ұстап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. Біз де сол үрдісті пайдаланып, халыққа пайдалы ақпаратпен бөлісіп отырмыз. Гүлсімнің өз қолымен жазып кеткен естелігін сол қалпында беруді жөн көрдім.

 Аңғар СМАҒҰЛ,

ҚР журналистер

одағының мүшесі