Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің қатары жас сарбаздармен толықты. Олардың қатарында Көкшетау қаласынан келген егіз ағайындылар – Константин Судя мен Федор Судя да бар.
2007 жылғы 2 маусымда дүниеге келген егіздер бала күнінен бірге өсіп, бірге білім алған. Олар Ақкөл қаласындағы №2 мектепте оқып, кейін Көкшетау қаласындағы колледжде ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша білім алған.
Судя әулетінде үш ұл тәрбиеленген. Константин мен Федордың тағы бір бауыры бар. Алайда денсаулық жағдайына байланысты ол әскери қызметке шақырылмай, үйде қалған. Ал егіз ағайындылар Отан алдындағы борыштарын өтеуді азаматтық парыз деп санап, әскер қатарына бірге қосылуға шешім қабылдаған.
Өмір жолдары ұқсас ағайындылар әскери қызметті де бірге өткеруге шешім қабылдады. Осылайша олар көктемгі шақырылым барысында 6505 әскери бөліміне келіп, Отан алдындағы азаматтық борыштарын орындауға кірісті.
Бүгінде жас сарбаздар әскери өмірге бейімделіп, алғашқы әскери дайындық сабақтарына қатысуда. Олар әскери тәртіпті меңгеріп, күнделікті қызметтің қыр-сырын үйреніп жатыр.
Константин мен Федордың айтуынша, әскери қызмет – әр азамат үшін үлкен жауапкершілік пен өмірлік мектеп. Егіз ағайындылар бұл кезеңнен абыроймен өтіп, елге адал қызмет етуді мақсат етеді.
Егіз сарбаздардың әскери бөлімге бірге келуі – бауырластықтың, ауызбіршіліктің және Отан алдындағы ортақ жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Олар алдағы әскери қызметтерін табысты атқарып, өздеріне жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде орындайтынына сенім мол.
ҚР ІІМ ҰҰ «Орталық» ӨңҚ баспасөз қызметі
