«Екі дене – бір рухпыз!»

Ақпан айы – ақындар айы! Ертең арда ақын, сырлы сазгер, жампоз журналист, ғажап азамат, ғаламат аға Ерқанат Кеңесбекұлы «қамал» алатын жасқа келеді!

Кемел болмысты, кең жүректі Ерекеңнің бойына осыншама талант қалай сыйды екен деп әлі таң қаламын. Шығармашылық қырының алуандығын ел-жұрт етене біледі. Одан бөлек, газетке қажет коллаж, инфографика дегенді түрлендіріп жасағанда, онысы сөйлеп тұрады. Ал кітап безендіру, баспа ісі дегеннің нақ майталманы. Қазір шетел ақындарын тәржімалап жатыр. Былтыр жаңа поэмасын жазып шықты. Қараңызшы, мұншама қабілетке қалай бас шайқап, қайран қалмаймыз?!

Бізді туысжан қылған «Орталықтың» босағасы. Тәжірибелі журналист газетке келгенінен-ақ, құлаш-құлаш материалдар жазды. Газеттің әр санында кемі екі-үш материалы жарыққа шығады. Редакцияның жетекші саласы экономика, өндіріс, ауылшаруашылығындағы сараптамалар, едел-жедел ақпараттар мен өзекті мәселелер Ерекеңнің қуатты қаламымен оқырмандарының кәдесіне жарап отыр. Керек десеңіз, мақаласына қажетті коллажды да, инфографиканы да өзі әзірлейді. Иә, әмбебап маман. IT жадысы жан-жақты журналшы.

Жан-жағына жанашырлығы да азаматтық асқақ қалпын айғақтайды. «Орталыққа» келгелі ақын, қаламгер бауырларының кітабын жинақтап, шығармашылығына шуақ сыйлап жүр. Мәселен, біз шығарған «Болат болмыс» кітабының идеясын ұсынып, редакциялап, баспадан шыққанға дейінгі ісін қадағалап, енді міне соның таныстырылымына мығым дайындықпен жүр. Осындай абзал ағадан қалай айналмайсың?!

Ерекеңнің әндерін де өзінен кем сүймейміз. Қазақ жатқа соғып кеткен «Мейірбан Алласын» өз орындауында тыңдаған сайын жұмыр жүрегіміз терең тыныстап қалады. «Береді Алласын» тыңдап, тал бесік пен жер бесік арасындағы ғұмырдың мәнін ұғынасың. «Ләйлә» әнінің әуені сезіміңді тербеп, махаббаттың ғажабы мен азабын тарттырады.

…Біздер сөйтіп жүріп сырбаз сырласқа, жанымыз туысқа айналғанын аңғармай қалыппыз. Менің саз көңілді Салтанат жеңгем екеуінің шаңырағына ән әуелеп, өлең сіңген! Еркелеп барғанымда күні-түні оқитынымыз – өлең, талдайтынымыз да – тағы өлең!

Аллаға шүкір дейік, бақытты ақындар! Осыдан екі-үш жыл бұрын ақынның қос кітабы мемлекеттік тапсырыспен жарыққа қатар шыққан еді. Тағы да екі-үш жинаққа жүк болатын өлеңдері бар! Сиясы кеппеген мөлдір поэзияның оқырманымен қауышатын күні де алыс емес. Осындай парасат ғұмыр кешіп жатқан қос ақынның жауһар жыры да, жан-дүниесі де, махаббаты да кітапқа айналып кетіп жатыр.

Ерекемнің мені «Екі дене – бір рухпыз, екі дүние – бір кілтпіз» деп еркелететіні бар. Рухымыз да, кілтіміз де – риясыз сыйластықта! Соған сызат түспесін!

Қасымхан ҒАЛЫМ,

журналист