Елдік ту көтерген күн

Осыдан тура 34 жыл бұрын қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл жерде «әй, қойшы соны, КСР деп тұр ғой» деп кергуге болады. Алайда, сіз Мемлекеттік егемендік деген сөзге мән беріп, қайыра бір ойланып көріңіз. Белгілі бір деңгейде таңдау құқы бар, қолындағы затын қалай бағыттау құзырына тиген, толық болмаса да халықаралық аренада сипаты бар қалыпты таңдауға ие үкіметі бар деген ұғымды білдірмей ме?  

Қарапайым түрде айтқанда, есі кіріп, етек-жеңін жиюға қауқарлы балаға «не істейсің, мына затты қолыңа беріп тұрмыз» дегендей мүмкіндік. Демек, бұдан былай таңдап, шешім шығара аласың деген сөз. Азаттыққа алғашқы қадам да осы жерден басталмай ма? Ептеген еркіндік тиген соң ойланасың ғой. Қай жағына шығу керек, не істеу керегін байыптайсың. Басқаны былай қойғанда, дәл осы сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастағаны туралы деректер аз емес. Олай болатыны, бұл күні Қазақ КСР-нің декларациясы қабылданып кетті ғой. Өзді-өзі болып декларация қабылдау – тәуелсіз ел болудың көрінісі. Қазақстанның тәуелсіздігінің іргетасының қадасы қағылғанымен пара-пар. Тарихи құжаттың қабылдануымен елдің егемендігінің бірден бір белгілері – жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл дегеніңіз енді сөз жоқ еркіндік пен дербестіктің басты қағидаттары емес пе? Республикалық негізгі ұстындарың бар, енді үкіметіңді құрып ал да, ептеп еңбек ете бер деген осы құжат болып шығады. Міне, Республика күнінің көп белгілерінің бірі. Жетпіс жылдан соң алдыңнан жарқ етіп көрінген жарық сәуле. Ақыл-есің болса, жетпіс жыл бойы көрмеген, көрсетпеген жарыққа таман жүгірмейсің бе? Әуелі аңтарылып тұрып қалуың да кәдік. Алайда көрінген жарыққа ентелемей не көрініпті? Елдікке жол ашылып, ол шақырып тұрған соң, қай ел болсын таңдауын жасайды.

25 қазан күні осы декларация қабылданбағанда, 1991 жылы 16 желтоқсанда жариялаған Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін АҚШ пен Канаданың мойындауы да неғайбыл емес пе еді? 1990 жылғы декларацияда Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелгенін айтады саясаттанушылар. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Демек, жаңа мемлекеттің сипатын қалыптастыратын елдік пен дербестік құшағын айқара ашқаны. Бұған дейін аштық пен қастықта, соғыс пен қырғында, желтоқсанның ызғарында беті-басын қан жауып үскіріктің өтінде қалған Қазақстанға Құдайдың оң көзі түскені емей не? Ендеше той осы күннен басталады. Құдайға құрбандық шалып, разылығыңды білдір. Елдігің мен теңдігіңнің ақысына! Осыншама Отаныңа қызмет қыл, ұлттық тұтастығыңды құрметтеуді осы күннен баста. Мемлекеттік мереке екен деп тойлап кет деген ешкім жоқ. Еліңнің ел, жұртыңның жұрт, халқыңның ұлт болып тұтасып тұрғанын түсін де, тамшыдай болса да үлесіңді қос. Ол қолыңнан келмесе ештеңесін бүлдірме. Тым құрыса, өзіңе жамандық жасама. Сонда өзге де саған құрметпен қарайды. Ал өзіңде бардың қадіріне жетпей, берген бақты басқа теуіп, адырайып аспаннан күтсең қолдағыдан қағылып, ауыздағыдан айырылмай қайтесің? Сондықтан Алаш арыстары аңсаған азаттыққа із салған Қазақстан Республикасының декларациясы күнін қадірлеп, қастерлеп, жас ұрпақтың санасына құюдан артық бақыт жоқ.

Төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей асқақтап, мұртымыз көкке шаншылып, алқалы жиында бұрын да сөйлесек, азаттықтың, дербес ел болғанымыздың арқасы, әрине. Елдің басына осынша берген дәулетті Қазақстан Республикасы деп жаһанға жария еттік.

1990-1991 жылдары туған менің құрдастарым дүниеге Қазақстан Республикасымен бірге келіпті. Азаттықтың таңы қылаң бере бастағанда туған ұрпақ. Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің де дәл осы тұста ғарышқа ұшқаны тегін емес. Айға қонып, Абайдың әнін шырқап, елімен есен де сау қауышқан мерейлі тұста қазақ басынан қандай ғаламаттар өткеріп жатқанын байқамай қалуы да мүмкін. Айға жетіп, Абайдың әні шырқалғанда, қайтсе бір құбылыс тууы керек еді ғой мұнда. Дүниеге Алаш ақыл-ойының көрсеткіші (эталоны) Абай келмесе, Қазақ топырағына азаттық та келмеуі мүмкінді. «Абай тумаса, Әлихан көтерген Алаш идеясы да болмас еді» дегені сияқты. Осындай дерексіз құбылыстардың бәрі біртіндеп түзіле-түзіле дүниеге Қазақстан Республикасын әкелді. Алланың қалауы, атаның тілеуі, бабаның судай шашылған қаны мен ананың көз жасының өтеуі шығар, кім біліпті. Бәрін айт та, бірін айт, бізге бұдан қымбат, бұдан қастерлі, бұдан асқан құндылық жоқ әлемде. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Қазақтың Қазақстаннан басқа ешкімге керегі жоқ. Ал, Қазақстан жерінің асты-үсті байлығы мен сұлу табиғаты кімге керек жоқ дейсіз? Жан-жақтағы жұрттың бәрі иемденгісі келеді. Үндістерді қырып тастап жерін иеленген ағылшындар сияқты. Қазақстан Республикасының Ата Заңы, Қарулы Күштері, білімді азаматтары – бәрі жабылып соны қорғауға күш салуы тиіс. Ол үшін, әрине, ұлтты біріктіріп, басын қосатын тіл тұтастығы керек. Ауызбіршілік деген сол. Осы үдеден толық шығуға жазсын, ендеше.

Ерзат Ермағамбет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *