Электр энергетикасының болашағы бар ма?

Қарағанды облысында 2027 жылға дейін жұмыс істеп тұрған ЖЭО-да үш жаңа қазандық пен бес турбина салу жоспарлануда. Сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту міндеті шешілуде.

Жабдықтардың тозуын азайту және энергетикалық қауіпсіздікті арттыру шаралары туралы аппараттық кеңесте баяндалды.

– Облыста жеті энергия көзі жұмыс істейді, олардың негізгі жабдықтары орта есеппен 70% тозған. 2027 жылға дейін төрт станцияда: Қарағанды ЖЭО-3, «Qarmet» АҚ ЖЭО-2, Топар ГРЭС және Балқаш ЖЭО – үш қазандық пен бес турбинаны іске қосу жоспарланған. Бұл жылу энергиясының қуатын 430 Гкал/сағ, электр энергиясының қуатын 310 МВт-қа арттыруға мүмкіндік береді, – деді энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ербол Төлеуов.

Сонымен қатар, облыста «жасыл» энергетика дамуда. Қазір жалпы қуаты 232 МВт болатын жеті ЖЭК қондырғысы жұмыс істейді: бес күн электр станциясы, биогаз қондырғысы және шағын ГЭС. 2023 жылы 383,6 млн кВт/сағ немесе облыстың жалпы электр энергиясын өндірудің 2,7%-ы өндірілді. Болашақта тағы алты жоба жоспарланған.

Энергетикалық қауіпсіздікті арттыру үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны жайлы Қарағанды және Теміртау әкімдері баяндады. Қарағанды әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, облыс орталығында жұмыс істеп тұрған қосалқы станцияларды жаңғырту және жаңаларын салу жалғасады. 2028 жылға жоспарланған ЖЭО-3-те жаңа энергия блогының құрылысы қосымша қуат береді.

Теміртау әкімі Ораз Тәуірбеков қаланың электр желілерінің проблемалық учаскелері бойынша алты жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын хабарлады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, иесіз желілерді балансқа қабылдау бойынша Жол картасын әзірлеу қажет.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *