Еркін және әйелдер күресінен Красноярскіде (Ресей) өткен «Иван Ярыгин кубогы» халықаралық турнирінде қарағандылық Эльмира Сыздықова 76 кг салмақта алтын медаль жеңіп алды. Енисей жағалауында орналасқан қалада жарысқа әлемнің 17 елінен ең мықты палуандар қатысты.
Эльмира Сыздықова финалда Париждегі Олимпиадаға қатысушы моңғолиялық спортшымен бақ сынасты. Қарағандылық спортшы қарсыласынан басым түсті.
– Біз үшін алдағы басты жарыстар – биылғы әлем чемпионаты және келесі Азия ойындары, – дейді спортшының жаттықтырушысы Владислав Сутормин. – Эльмираның өте ауыр жарақат алғаны оның Париж Олимпиадасына өтуіне кедергі болды. Бірақ қазір ол толығымен қалпына келді. Жақын арада біз Халықаралық күрес федерациясынан Олимпиада ойындарына іріктеу бойынша өзгерістер күтеміз. Салмақ санаттары өзгертіліп, дзюдодағыдай рейтингтік жүйе енгізілуі мүмкін. Жаңа жағдайларға сүйенетін боламыз. Бірақ Олимпиадаға қатысу – біздің басты мақсатымыз.
Өмір БАЙБОСЫН