Қазақтың кең байтақ атамекені ата-бабамыздың терімен суарылған, қанымен құнарланған. Бабадан мирас болған осы жазиралы өлкеге көз алартатындар табылып тұрады. Қазақ баласын ата-баба аманатына әрдайым адал бол деп тәрбиелейді. Ұрпағының бойына батырлық, қаһармандық қасиеттерді сіңіруге тырысады.
Бала кезімізде әскер формасын киген адам көрсек, соның маңына үйіріле қалатынбыз, бейне бір батырлар жырындағы Қобыланды, Алпамыс батырлардың ерлігін жасап келгендей көрінетін. Сондағымыз әскери міндетін орындап келген қарапайым солдат еді. Киіміне, әдемі күнқағары бар қалпағына, кеудесіне таққан белгілері, әсіресе күнмен шағылысып тұратын белдігіндегі бесбұрышы бар доғабасы қатты қызықтыратын. Сондықтан да болар, тезірек ержетіп, солдат болуға асығатынбыз, ағасы бар қатарластарға қызығатын едік. Германияда қызмет өтегендер үш батареясы бар фонарик әкелетін. Оны ұстаған бала бақытты, түн ішінде кезектесіп ұстап көретінбіз. Шіркін балалық-ай десеңші!
Осыдан 60 жыл бұрын Отан қорғауға аттанатын жігіттер топ болып үй-үйді аралайтын. Туыстарының, үлкені бар үйлерден нан ауыз тиіп, баталарын алатын. Реті келгендері тамақ алып ішерсің деп, үш сом, бес сом ақша беріп жататынын көруші едік. Бұл жағдай мен әскерге барғанға дейін жалғасты. Жексенбай әкем 14 шақырым жердегі Нұрабек қыстағына апарып, Амантай ағатайдың анасынан бата алғызды. Оны түсініп жатқан мен жоқ, шығарып салу кешін жасап, ертеңіне Жезқазғанға аттанып кеттім. Одан пойызбен Қарағанды барып, ұшақпен Қиыр Шығысқа жеттік. Екі жылғы әскери міндетті өтеген шақта мен көрген ең үлкен шенді офицер майор еді. Бүгінгі күнге дейін сол кездегі офицерлерге деген құрметім шексіз. Бізді әскер ісіне үйретумен қатар, үйге аман-есен қайтуымызға керектінің бәрін жасап, күнделікті ескертіп отыратын. Әкеміздей, ағамыздай қамқорлық жасайтын. Ұлтқа бөлу мәселесі болмағандығын айта кеткенім де дұрыс шығар. Әр атыраптан келген қаптаған орыс, украин, чуваш, армян, шешен ұлттарының ішінен Шет ауданынан барған үш қазақты бөлімше командирі етіп тағайындады. Үшеуміз де бір ротадан едік. Мектепте жақсы оқысам да, ауызекі орысшаға шорқақ едім. Басқалардан гөрі біздің артықшылығымыз, әскерилердің міндетін жетік білетін едік. Мектеп программасында «Әскер ісі» пәні оқытылатын. Сол біздің қажетімізге жарады. Екі жыл ішінде бір де бір қазақ офицерін көрмедік, бізге қамқор болып жүрген офицерлер өзімізден 2-5 жас қана үлкен жас жігіттер екен. Бірақ жас та болса, аз уақыттың ішінде әскер ісіне машықтанып алғаны көрініп тұратын. Тіпті 6 ай сержанттық курстан өтіп келгендердің өзі білімді болатын. Қанша міншіл болсақ та, кеңес әскери қызметінің жақсы болған кезін естен шығармау керек шығар.
Біз көрген жақсылардың соңғы легі бүгін 70 жасқа толып отырған әскери қайраткер, отставкадағы полковник, Қарағанды қаласының «Құрметті азаматы», Ауғанстан жерінде арнайы барлау басқармасында рота командирінің орынбасары болған, ауғанстандық жауынгерлердің даңқын асқақтатып, өшпес ерліктерін кітапқа түсірген ардақты ағамыз Жантасов Амангелді Теміржанұлы деп есептейміз. Асырып айтқандық емес, бүгінгі күннің көзі тірі батыры осы кісілер. Батыр – ел қорғаны, батырлық қазақтың қанында, ол оқығаннан немесе біреудің үйреткенінен болмайды, ел тағдырын өз тағдырынан биік қоя алған адам ғана батыр болып есептеледі. Ол үшін табанды мінез тағы керек, туған, өскен, қызмет еткен ортаның да әсер ететінін ұмытуға болмайды. Амангелді ағамыздың өмір жолдарына көз жіберсек, ғибрат алар істері жеткілікті екенін көреміз. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де игілікті істен тартынбай, жауапкершіліктен қашпай, қоғамдық қызметке белсене араласып келеді. Бұл жеке басының дара қасиеті ме, әлде нағыз офицерлік сипат па? Әйтеуір өзін әрдайым саптағы жауынгердей сезінетіні айқын көрінеді. Оған айтар мысалымыз да жеткілікті.
Мектеп оқушыларымен «Әскери патриоттық айлық» аясында өткен шараға қатысқанын білеміз. Дөңгелек үстел басында оқушылардың бойына ерлік, Отанға деген сүйіспеншілікті насихаттау мақсатында тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтылды, аты аңызға айналған Борис Керімбаев туралы бейнетаспа көрсетілді.
Батылдық, ұстамдылық, табандылық, қайсарлық, өжеттікті бойына жинаған Амангелді Теміржанұлы не айтса да турашылдық деңгейінде айтады, қандай жағдайда болсын рухын жоғары ұстайды, қоғамдық мәні бар істерден шет қалып көрген емес. Бұл дегеніңіз адамның азаматтық қасиеттерінің берік көрсеткіші. Қазіргі таңда әскери міндетін өтеуден жалтаратын жастардың барлығы жасырын емес. Оған себеп – дүниеде болып жатқан жақсылы-жаманды оқиғалардың өріс алуы. Жастарға патриоттық тәрбие беру ісінің осалдығы да себеп. А.Т.Жантасовты жастар арасынан жиі көреміз. Әскерге аттанып бара жатқандар алдында Отаншылдыққа, ерлікке шақырған терең мағыналы, ой саларлықтай мазмұнды әңгімелер айтқанының куәсіміз.
2024 жылғы 22 желтоқсанда Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 114 жыл толуына байланысты Сораң тауы етегінде «QARLY TAUSERUEN» қысқы тау спорты бойынша бұқаралық жарыстар мен ойындар өткізілді. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне отставкадағы полковник А.Т. Жантасов шынайы еңбек сіңірді. Ол 1942 жылы соғыс өтінде болған, әлі де қорғаныста қолданылатын 76 мм зеңбіректі жарыс алаңына апартты. Бұл зеңбірекке майдан даласында снаряд жарқыншақтары тиіп, жамалған жерлері бар екен. Жарысқа қатысушылар осы зеңбіректі сүйретіп, жарысты. Көпшілік оған қатты қызықты. Зеңбіректің жарықшақ тиген жерлерін сипалап көріп, жанында суретке түсті. Жарыс барысында Ұлттық Ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының командасының бірінші орынды иеленуі ауған соғысы ардагерінің мерейін өсіргені тағы бір шындық. Б.Момышұлының құрметіне далалық жылжымалы асханадан жиналған жұртқа ас берілуі де күтпеген жаңалық болатын. Осының бәрі ауған соғысының ардагері А.Т.Жантасовтың ұсынысымен іске асқан шаралар еді. Дәл сол күні қыс та қаһарына мініп, аязын да күшейтті, боранын да үдетті. Алайда ешкім тоңдым деп шағынбады. Жұрт ерекше рухтанып жүрді. Амангелді ағаларын алға сала жүріп, Бауыржан батырдың рухын дәріптеген Төлеген Әшімов, Сергей Шемякин, Болат Сыздық, Мейрам Искаков, Сергей Федоренко, Мәди Сатыбалдин, Жаннұр Рахметов сынды азаматтар көпшіліктің ықыласына бөленді.
Мемлекет және қоғам қайраткері А.Т.Жантасовтың тағы бір айтулы қыры – қаламгерлігі. Басын қауіп-қатерге тіге жүріп, қарулас жауынгерлердің батырлық істерін қойын дәптеріне жазып қоюды әдетіне айналдырған. Елге оралғаннан кейін «Жартасты жастанған жасақ» кітабын екі тілде жазып шықты. Дала командирінің батырлығы сол, жергілікті халықпен қарым-қатынас орната жүріп, өз әскерінің аман-есен Отанына оралуы, елдегі ата-анасының ұлдарын жоқтамауы жолында аянбады. Қаһарман Баукең айтқандай, әдебиет ефрейторлары «Қорқыныш дегеннің не екенін білместен, панфиловшылар тұңғыш ұрысқа құлшынған еді…» деп жазады. Ал қан майданда болған адамға соғыс туралы сөйлеу оңай емес. Қауіп-қатері зор болған ауған соғысы туралы сыр толғаған полковник Амангелді Жантасовтың жазбалары өзінің шынайылығымен баурайды. Еске алуға ауыр сол күндер туралы жазу екінің бірінің қолынан келмейтіні рас. Жазушылық еріккеннің ермегі емес, Жаратушының берген асыл қасиеті. Қазақ әдебиетінде майдангер қаламгерлер аз емес. Бүгінде солардың ізін жалғастырушы, А.Т.Жантасов – сөз сапыруды сүймейтін нақты істің адамы. Көп жылғы еңбегінің өтеуі болар, бүгінде ҚР Журналистер одағының мүшелігіне өткен.
Батыр адам, бүгінгі күннің батыры. Қандай дәреже, қандай атақ берсе де көтеріп жүре алатын нар тұлға.
Аңғар СМАҒҰЛ,
Қазақстан журналистер
одағының мүшесі