Көкпарды рухы мықты адамдар ойнайды

Ұлттық спорт күнін мерекелеу аясында Қарағандыда көкпардан қала әкімінің кубогына және жаппай көкпардан ашық облыстық турнир өтті. Командалық көкпарда жеңіс пен ақшалай сыйлықтар үшін төрт команда,  жаппай көкпарда  таласқа 200-ге жуық шабандоз түсті.

– Жүлде қоры 500 мың теңге болатын командалық көкпар және жүлдесі миллион теңге болатын жаппай көкпар Ұлттық спорт күнін мерекелеу аясында өтті. 200-ге жуық шабандоз жаппай көкпарға қатысты. 40 жастан асқан ардагерлер тобы керемет нәтиже көрсетті. Ақшалай сыйлықтардан басқа, ең епті шабандоздар үшін Республикалық ұлттық спорт федерациясының екі арнайы белбеуі қарастырылған, – дейді Қарағанды облысының ұлттық және ат спорты федерациясының президенті Нұржан Шайхин.

Ойындардың қорытындысы бойынша командалық көкпарда бірінші орынды ардагерлер құрамасы иеленді. Екінші орында – Шет ауданы, үшіншіде – Ақсу-Аюлы командасы, ал төртінші орын Ақтоғай ауданына бұйырды.

– Шет ауданынан ардагерлер ойынына екі команда – Ақсу-Аюлыдан және аудан құрамасы келді. Мен 50 жастамын. 1990 жылдан бері – 16 жасымнан бастап көкпар тартамын. Жаппай көкпардың командалықтан айырмашылығы – оған 200-ден астам адам қатыса алады және әрқайсысы өзі үшін ойнайды. Көп нәрсе атқа және онымен шабандоздың өзара әрекеттесуіне байланысты. Атымның аты – Қостанай. Ол қазір 14 жаста. Оны інім Нұрлыбек Ақышбек жаттықтырады. Бүгін біз ардагерлер көкпарымен маусымды аштық, алда көптеген ойын бар. Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын, жаңа жыл бақытты, берекелі және табысты болсын! – дейді Шет ауданы командасының капитаны Манарбек Ақышбек.

Жаппай көкпардың қорытындысы бойынша бірінші салымды қарағандылық Еркебұлан Әлмен соқты. Ол 50 мың теңге алды.

– Қарағанды қаласының «Тұран ел» командасында ойнаймын. Көкпарды рухы мықты адамдар ойнайды, бұл бәріне бірдей бағына беретін ойын емес. Жаппай көкпарда сіздің атыңыз да өте маңызды рөл атқарады. Атымның аты – Торайғыр. Бұл оның алғашқы ойыны, – деп бөлісті Еркебұлан Әлмен.

Бұқар жырау және Шет аудандарының қатысушылары Дархан Көрпебаев пен Марғұлан Исақ басты салымдарды (100 (баруын) және 200 (қайтуын) мың) соқты. Оларға ақшалай сыйлықтардан басқа республикалық федерацияның белбеулері табысталды.

Әділ БЕК

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *