Көктем қамын қыс ойла

Қарағанды облысында су тасқынына дайындық барысында 180-ге жуық шара орындалды. 65 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылды және бекітілді, 26 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды, сондай-ақ 18 километрден астам өзен арналарына санация жүргізілді. Автожолдардың 75 учаскесінде су өткізу қабілеті ұлғайтылды. Жанар-жағармай және инертті материалдар, қаптар мен азық-түлік қоры құрылды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша атқарылған жұмыстар туралы жауапты ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдері баяндады.

– 1 наурыздан бастап азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің күштері мен құралдары жоғары әзірлікке келтіріледі, – дейді ТЖ департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев. – Бұл ТЖМ бөлімшелерін, әскери қолбасшылық органдарын және полиция департаментінің жеке құрамынан 4 125 адам және 1 754 бірлік техника.

Бүгінгі таңда жағдай тұрақты: өзендер қысқы режимде, қар деңгейі облыс аумағын 100% қамтиды. Судың толып кетуiн болдырмау үшiн Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан суды санитарлық ағызу жүргiзiледi.

Қазгидрометтің мәліметінше, қардағы су қоры Нұра өзені бойынша нормадан асып түседі, бірақ Шерубай-Нұра мен Тоқырауын бойынша нормаға жақын қалып отыр. Топырақтың қату тереңдігі өткен жылғы көрсеткіштен аз, бұл су басу қаупін төмендетеді.

– Туындауы мүмкін кез келген тәуекелдер егжей-тегжейлі пысықталуы тиіс. Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек, – деп атап өтті өңір басшысы. – Бізде шаралар жоспары бар және ол бойынша су тасқыны кезінде облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қызмет нақты жұмыс істеуі тиіс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *