Тұрғын үй мәселесі қалай шешіледі?

Қарағанды облысының әкімдігінде Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы жұмыс нәтижелері туралы есеп берді. Мамандандырылған ұйым шатыры мен коммуникациясы тозған, лифтілері жұмыс істемейтін, бірақ жөндеуге өз қаражаты жетпейтін үйлердің тұрғындарына көмек ретінде құрылған. Орталық арқылы 15 жылға дейін пайызсыз несие алуға болады.

Өткен жылы кімге көмек көрсетілгені туралы аппарат отырысында Қарағанды облысының Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсембаев баяндады.

Қарағандының Шахтер кентінде 30 жыл бойы орталық жылу жүйесі болмаған, 30 көпқабатты үйдің ішкі құбырлары қалпына келтірілді. Биыл тағы 29 үйді іске қосу қалды.

Теміртауда 10 лифт ауыстырылды. Қарағанды, Абай және Теміртаудағы төрт көп қабатты үйге күрделі жөндеу жүргізілді.

Бұдан басқа, Қарағанды мен Теміртаудың 315 жеке меншік үй иелері бөліп төлеу арқылы газға қосыла алды.

Бағдарламаға қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісу үшін аппараттық кеңеске шақырылды.

– Біздің үй 1980 жылы салынған. Шиферден жасалған шатырдың тозығы әбден жеткен еді. Біз шамамыз жеткенше өз күшімізбен жөндеу жұмыстарын жасадық. Өз үйімізді қараусыз қалдырмадық. Осындай бағдарлама бар екенін білгеннен кейін ПИК төрағасының кеңесімен Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына жүгіндік. Біздің өтініміміз мақұлданды. Нәтижесінде біз шатырды, жертөлені жөндедік. Кіреберістерде жылыту қалпына келтіріліп, пластикалық терезелер орнатылды. Енді пәтерлер де, кіреберістер де жылыды. 15 жылға бөліп төлегендіктен, бұл соманы қалтамыз көтере алды: менің 3 бөлмелі пәтерімнен айына 7 600 теңге алады. Бұл ақша өзін-өзі ақтайды. Оның үстіне бізде қазір бәрі жөнделген. Кіреберістерде біз өзіміз жөндеу жүргіздік. Енді бізде бәрі жақсы және жайлы, – деді Теміртау қаласының тұрғыны Марина Зайцева.

Ол басқаларды өз үйінің тұрғындарынан үлгі алуға шақырды.

Қарағанды қаласының тұрғыны Серік Мұхметов жұмыс істемейтін лифт мәселесімен облыс әкімінің қабылдауына келді. Кейін Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына жүгінуге бел буды.

– Біздің тоғыз қабатты үйде лифт 30 жыл бойы жұмыс істемей тұр. Қазіргі уақытта жұмыс аяқталуға жақын. Ақпан айында жаңа лифтімен жүреміз. Көршілердің бәрі риза. Осындай бағдарламаның болғаны жақсы, – деп бөлісті Серік Мұхметов.

Күмісай Жүнісова Шахтер тұрғындары атынан көпжылдық проблемаларын шешуге нақты көмек көрсетілгені үшін алғыс айтты.

– Қосылу шарттары өте қолайлы болды. 15 жылға бөліп төлеу кезінде пәтерден ай сайынғы төлем 5 мыңнан 10 мың теңгеге дейін құрайды. Бұл орталық жылуға қол жеткізуімізге мүмкіндік берді. Біздің өміріміз шынымен де жайлы бола түсті, – деп атап өтті Күмісай Жүнісова.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қала және аудан әкімдеріне тұрғындармен жиында тұрғын үй мәселесін шешу жолдары туралы айтып, бағдарламаның шарттарын түсіндіруді тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *