Header Banner

Көмірлі өлкеде жұмыссыздар азайды

Облыста былтыр жұмыссыздық деңгейі республика бойынша ең төменгі деңгейлердің біріне түсті. Еңбек нарығындағы 2025 жылдың IV тоқсанындағы негізгі индикаторларға сүйенсек, өңірде еңбек етуге қабілетті 516,4 мың адам бар. Оның 495,7 мыңы жұмыспен қамтылса, жұмыссыздар саны 20,7 мың адам болды.

Бүгінде облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды көрсетіп отыр. Бұл ел бойынша орташа көрсеткіш – 4,6 пайыздан төмен. Осылайша, Қарағанды облысы халықтың жұмыспен қамтылуы ең жоғары аймақтардың қатарына енді.

Ал өзге өңірлермен салыстырсақ, ең жоғары жұмыссыздық көрсеткіші Маңғыстау облысында тіркелді – 5 пайыз. Бұдан кейін Павлодар облысында – 4,9 пайыз және Жамбыл облысында 4,8 пайызды көрсетті.

Жалпы, былтыр аймақта 32 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды. Оның үштен бірі жаңа жұмыс орындарына орналасты.

Өңірде жастарды және әлеуметтік осал топтарды қолдауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұған өңірлік жұмыспен қамту картасы ерекше ықпал етіп келеді. Карта шеңберінде мемлекеттік бағдарламалар мен «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімі», «Күміс жас», «Алтын жас» жобалары, кәсіби оқыту мен қайта даярлау бастамалары жүзеге асырылуда.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға кәсіби бағдар беру мен оқытуға айрықша мән беріледі. Мәселен, «JUMYS TAP» жобасы аясында Қарағанды мен Теміртауда кеңес беру орталықтары жұмыс істейді. Мұнда тұрғындарға мамандық таңдау мен жұмысқа орналасу бойынша көмек көрсетіледі. Жобаға қатысушылардың жартысы дәнекерлеуші, сантехник, тігінші және шаштараз сияқты мамандықтар бойынша колледждерде оқып шықты.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев атап өткендей, жұмыспен қамту – халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан мамандарды нарыққа қарай қайта бейімдеу басты міндет.

– Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне кешенді әрі жүйелі түрде қарау қажет. Кәсіби оқытуды жалғастырып, зейнеталды жастағы азаматтарды жұмысқа тарту үшін кәсіпорындарды ынталандыру қажет. Сондай-ақ «Алтын жас» пен «Жұмыс тап» сияқты жобаларды дамыту және әлеуметтік осал топтарға қолдауды күшейту маңызды. Өңірдің әлеуетін барынша тиімді пайдалануымыз керек, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ өңірде кәсіпкерліктің негіздеріен үйрету қолға алынған. Былтыр «Бастау – Бизнес» бағдарламасы аясында тұрғындардың жеке ісін ашуға немесе ісін бұған дейін кәсіпкерлерге бизнесін кеңейтуге 225 грант берілді. Бұл бастама өз жемісін берді. Аймақта ательелер, дүкендер, шеберханалар мен өндіріс цехтары ашылды.

Гранттар иесін анықтауда адами фактор барынша кемітілген. Мұнда өтінім беру және есептілік процесі толық автоматтандырылған.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерінің біріне айналды. Тек былтырдың өзінде осы іс-шаралар арқылы 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Өңірдегі жұмыспен қамтудың артуына өнеркәсіптің дамуы да айрықша ықпал етіп отыр. Былтыр 15 жаңа өндіріс іске қосылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұл кәсіпорындарда технологиялық желі операторлары, кран машинистері, электрмонтерлер және басқа да мамандар еңбек еуде. Мәселен, «Тэмпо Казахстан», «Тау-Кен Темір», «Qaragandy Power Silicon» секілді кәсіпорындар базасында шамамен 600 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жалпы, биыл да бұл бағыттағы жоспар ауқымды. Жаңа кәсіпорындардың арқасында мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру көзделген. Ал келесі жылы 600-ден астам тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Манас АҚСАРЫ