Әр ел экономикасының драйвері – жергілікті тауар өндіру, нарыққа шығару. Мемлекет басшысы Жолдауында да отандық өндіріске тоқталып өтті. «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл – «Қазақстанда жасалған» деген брендке деген сенім.
Ал, осы отандық өнім шығарушылардың бірі де бірегейі Қарағандыда орналасқан «KazPlast» компаниясы – сапалы бұйымдарымен нарықта өз орнын алған зауыт.
2011 жылдан нарықта «KazPlast» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – еліміздегі полипропиленнен гофрленген құбыр мен полиэтиленнен ыдыс шығаратын қарағандылық кәсіпорын. Осы компаниямен қатар заманауи технологияларды әлемде Біріккен Араб Әмірліктері, Германия, Италияда ғана қолданады.
2013 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметі делегациясының қатысуымен Қарағандыда еркін ағыс үшін дәнекерленген полипропиленнен жасалған екі қабатты «OPTIMA» гофрленген құбырлар шығаратын зауыт іске қосылды.
Кәріз, жауын және дренаж жүйелері, сондай-ақ, ауаны желдетуге арналған құбырлар бұл. – Зауыт 2011 жылдан бері Қазақстан нарығында жұмыс істейді. Екі жылдан кейін полипропилен құбырларын шығару желісі іске қосылды. Биыл тағы да бір желі сатып алдық. Кеңейіп жатырмыз. Бұрын құбырымыз 125 тен 500 диаметрде болса, еңді 125-тен бастап, 1200 диаметрге дейін. Соның арқасында еліміздегі ішкі сұранысты 100 пайыз игереміз деп отырмыз. Құбыр бұрын қолданыста болмаған шикізаттан ғана жасалады. Шикізат Корея мен Араб әмірлігінен алынады. Өйткені осы екі мемлекетте әлем бойынша сапалы шикізат шығаратын екі ірі зауыт орналасқан. Мысалы, Ресей немесе Орталық Азия мемлекеттерінде осыған ұқсас шикізаттар өндіреді, бірақ сапалары біршама төмен, – дейді «KazPlast» ЖШС директоры Александар Иванов.
Экспортқа да шығады Зауыт өнімдерінің 90 пайызы Қазақстанның түпкір-түпкіріне жөнелтілсе, қалғаны Ресей мен Орталық Азия елдеріне жеткізіледі. Атап өтсек, «BI Group», «BAZIS-A», «Символ» сынды ірі құрылыс компаниялары, су каналдары «Қарағанды Су», «Астана Су», «KazPlast» өнімдерін пайдалануда. Александар Сергеевичтің айтуынша, жылдан-жылға өнім көлемі артып келеді. – Жыл сайын шыққан өнімді 20 пайызға көбейтеміз. 2021 жылы біз 1500-1700 тонна өнім өндірсек, 2022 жылы бұл сан 2 000 тоннаға жетті, 2023 жылы 2500 тоннаға өсті–дейді ол.
Олар жақында 5 гектар жері бар «Сарыарқа» экономикалық аймағындағы жаңа желіні іске қосты. Осының арқасында бұйым түрімен қатар өнімі де сан жағынан арта түстік.
– «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында 2021 жылы жаңа зауыт құрылысын бастадық, 2023 жылы аяқтадық. Сол экономикалық аймақ жақтан тағы да жер учаскесін алдық. Жалпы – 5 гектар жеріміз бар. Бұл – өндірісті ұлғайту үшін зор мүмкіндік. Сол жерде жоғары құбыр зауытын салуды да жобалап қойдық. Аумақ жеткілікті болғандықтан басқа да өндіріске қажетті бұйым санын көбейтуді жалғастырамыз, – дейді зауыт басшысы.
Тек қана құбырмен шектелмейді Зауыт 200 литрден бастап, 4 500 текше сыйымдылыққа дейін полиэтиленнен жасалған ыдыс шығарады. Бұл ыдыста сүт өнімдерін тасымалдайды. Мысалы, «KazPlast», «Eurasian Foods» компаниясымен тығыз байланыста. Таза суды да сақтауға болады. Алыс ауыл, ауданға немесе құрылыс алаңдарына да жеткізе аласыз. Сонымен бірге, мұнай өнімдеріне де пайдаланады. Сонымен қатар, зауыт шығаратын балалар ойын алаңына арналған кешендерге де сұраныс артқан. Соңғы үш жылдың өзінде тек қана облыс бойынша 350 ойын кешені жасалып, қойылған. Ойын алаңына арналған кешендер облыста ғана емес, басқа аймақтарға да тарауда. Оңтүстік облыстар көп алады, тапсырыс берушілер санаты Астанада да баршылық, кейінгі уақытта батыстан да сатып алушылар шыға бастаған. Бұл – сапалы дүниеге сұраныс бар деген сөз. «Зауыт толық автоматтандырылғандықтан өнімдеріміз 100 пайыз сапалы. Өйткені бүкіл бағдарламаны компьютер өзі жасап шығарады. Бұл – өнімге 50 жылға дейін кепілдік», – дегенді айтты зауыт басшысы.
Жаңа аймаққа көшкен компанияның бүгінде сапалы дүниесіне қызығатындар саны артқан. Сатып алушылар 5 мыңдық межедан асып кетті. 25 мыңнан аса жоба жүзее асты.