AYAU, Sadraddin, «Ирина Кайратовна», Zivert және отшашу – Қарағанды облысында Кеншілер күні ерекше аталып өтті.
Қарағандыдағы Тәуелсіздік алаңында Qarmet компаниясы ұйымдастырған концертке 120 мыңнан астам адам жиналды.
Эстрада жұлдыздарының өнерін көруге тек жергілікті тұрғындар ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінен келген көрермендер де арнайы келді.
Мерекені ұйымдастырушылар денсаулығына байланысты әуенді толық сезіне алмайтын көрермендерді де ескерді.
Қарағандылық Айдана Жапарова әндердің мазмұнын ым-ишара тіліне шебер әрі эмоциямен аударып, әртістерден кем түспейтіндей мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Кеш соңында көрермендер аспанды жарқыратып, ерекше әсер қалдырған отшашуды тамашалады.
Кеншілер күні қарсаңында Кеншілер мәдениет сарайында салтанатты жиналыс өтіп, үздік жұмысшылар мемлекеттік наградалармен және құрмет грамоталарымен марапатталды.
Бұл – аймақ пен елдің өндірістік әлеуетін нығайтып жүрген кеншілер еңбегіне көрсетілген құрмет.
Қарағанды
31 тамыз күні қала мерекелік көңіл-күйге бөленді. Орталық саябақта Кеншілер күні таңертеңнен кешке дейін аталып өтті: байқаулар, концерттер, фестивальдар ұйымдастырылды. Концерттік бағдарламалар Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау мәдениет үйлерінде және барлық кеншілер қалаларында өтті.
Саран
Саран қаласында өткен мерекелік концертке 7 мыңнан астам адам жиналды.
Қала тұрғындары мен қонақтарына қазақстандық эстрада жұлдыздары Айқын Төлепберген, ALEМ және Мақпал Исабекова өнер көрсетті.
Сондай-ақ Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік әртістері мен жергілікті ұжымдар да өз шығармашылығын тарту етті.
Мереке жарқын отшашумен аяқталды.
Шахтинск
Шахтинск қаласында мерекеге 5 мыңнан астам адам қатысты. Кеншілер күні жәрмеңкемен басталып, қазақ күресі турнирі, гір спорты, армрестлинг, арқан тарту және күштік экстрим бойынша жарыстармен жалғасты. Сондай-ақ қала әкімі кубогына арналған футбол матчы өтті. Шахан ипподромында аламан бәйге, құнан жарыс және тай жарыс ұйымдастырылды.
Қалада күні бойы музыка ойнап, Шахтинсктің шығармашылық ұжымдары мен Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртістері өнер көрсетті.
Кешті әйгілі қазақстандық әртістер Айқын Төлепберген, ALEМ және Мақпал Исабекова қатысқан гала-концерт пен мерекелік отшашу қорытындылады.
Абай
31 тамыз күні Абай қаласы да Кеншілер күнін атап өтті. Балалардың әсерлі өнері, сурет және мүсін бойынша шеберлік сабақтары, асфальтқа салынған суреттер, мерекелік сауда жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Күш пен төзімділікті қажет ететін тартыл-фест, армрестлинг және арқан тарту сайыстары өтті.
3 мыңнан астам абайлықтар мен қала қонақтары қазақстандық эстрада жұлдыздарының концертін тамашалады.
Мерекенің шарықтау шегі – аспанды жарыққа бөлеген отшашу болды.
Кеншілерді кәсіби мерекемен қала әкімдері, «Qarmet» АҚ басқарма төрағасы Вадим Басин және Көмір департаментінің басшысы Жақан Мұхамеджанов құттықтады.
– Құрметті кеншілер қалаларының тұрғындары, қадірлі кеншілер мен ардагерлер! Кенші еңбегі – ерекше алғыс пен терең құрметке лайықты. Кеншілердің қажырлы еңбегі мен жанқиярлығының арқасында Qarmet компаниясы даму стратегиясын құрып, шахталарды жаңғыртып, жаңа цифрлық қауіпсіздік және байланыс жүйелерін енгізіп келеді. Осы мерекелік күні барша кеншілерге мықты денсаулық, әріптестер мен жақындарының қолдауын, көтеріңкі көңіл-күй тілеймін. Жер астына түсу саны әрдайым көтерілу санымен тең болсын, еңбектеріңіз қауіпсіз, өмірлеріңіз қуаныш пен бақытқа толы болсын! Сіздердің қажырлы еңбектеріңізге рақмет! – деді Вадим Басин.
Qarmet ұйымдастырған Кеншілер күні қалалар мен ұрпақтарды тоғыстырған мерекеге айналды.
Ол дәстүр бойынша жаздың соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Биыл ол 31 тамызға дөп келді.
Әділ БОТПАН