Осакаров ауданында ауыз су мәселесі кезең- кезеңімен шешімін тауып келеді. Биыл алты ауылда су құбырын салу басталады. 6 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Осы және басқа да мәселелерді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданының тұрғындарымен кездесу барысында талқылады.
– Өткен жылы Пионерское, Озерное, Ералы ауылдарында су құбыры желілері салынды, Николаевкада, Сенлкосное, Садовое, Трудовоеда құбыр салу басталды. 10 елді мекенде сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, — деді Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов. – Биыл тағы алты ауылда су құбырын салуға жобалық-сметалық құжат әзірленді. Жақын арада жұмыс Нияз ауылында басталады.
Кентішілік және аудандық жолдардың жай-күйі — Осакаров тұрғындарының жыл сайын көтеретін тағы бір маңызды мәселесі.
– «Ауыл — Ел бесігі» арнайы жобасы аясында біз Батпақ және Озерное ауылдарының жолдарын жөндейміз. Онда су құбыры желілерін салу жұмыстары аяқталды. Осакаровкада кентішілік жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Биыл облыстық маңызы бар — Осакаровка-Нұра жолын салу аяқталады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Тұрғындарды сапалы ауыз сумен және жақсы жолдармен қамтамасыз ету – біртіндеп шешетін басты міндеттеріміз.
Өңір басшысы өткен кездесуде аудан тұрғындары 43 проблемалық мәселені көтергенін, олардың жартысынан көбі шешілгенін атап өтті. Олардың қатарында білім беру, мәдениет нысандарын жөндеу, Молодежныйдағы Абай атындағы мектеп жанындағы аумақты абаттандыру, Осакаровкадағы спорт алаңдары мен бағдаршам орнату бар.
Биыл Озерныйдағы мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталып, Ақбұлақтағы мектепті жөндеу аяқталып, қосымша құрылыс салынады. Молодежный ауылында қыркүйек айында тұрғындар көптен сұраған алғашқы музыкалық мектеп ашылады. Ол үшін бұрынғы сот ғимараты күрделі жөндеуден өтеді.
Ермағанбет Бөлекпаев азаматтарды жеке қабылдауын да өткізді.