КОФЕ. КІТАП. ҮНСІЗДІК

Ерқанат Кеңесбекұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық TÜRKSOY ұйымының арнаулы төсбелгісінің иегері. Газет бетіне сөз иесінің кейінгі жылдары хатқа түскен өлеңдері топтастырылды.

 

Үнсіздік

Кофе.

Кітап.

Жалғыздық.

Жіберетін кей уақытта «арсыз» ғып.

Телефонды «дыбыссызға» қаңтарып,

Әредікте әлдилейді мәнсіздік.

 

Кофе.

Кітап.

Тыныштық.

Кірпік қақпай мүлгігенде ырыс-құт.

Пәруана пенделіктен арылып,

Өз-өзіңді үлгергенде «дұрыс» қып.

 

Кофе.

Кітап.

Сағыныш.

Жанымызды бұлттан биік алып ұш!

Жан нұрыңның дақ түсірмей реңіне,

Тағдырыңның табын іш!

 

Кофе. Кітап. Үнсіздік.

Жіберетін кей уақытта

«мұңсыз» ғып.

Күлді-бадам сұрқай күннен

жырақтап,

Күллі адамға жымиыспен күрсіндік.

 

Кларнет

Қош айтуда біздің уақыт

қатарымыз сиреді.

Көз ұшында күзгі бақыт –

қарға айналып биледі.

 

Ат қып мінген талшыбықты.

түймедақты үзген кез.

Жанға үйріп олқылықты

ғайып болды бірден

тез…

 

Шартабақ күн жасырынды

арқасына шыңдардың.

Ұзатып сап ғасырымды

айдың әнін тыңдармын.

 

Өткен шақтың бағасы артып,

терезеге телмірдік.

Қыркүйекті аласартып

желтоқсанға жеңдірдік.

 

Біздер өстіп жоғалармыз

сіңіп барып орманға.

Бір күрсініп қабарар күз

түймедақтар

солғанда…

 

Уақытқа наз

Әлдекімге айтамыз деп ән ізгі.

Әлденеше тоздырғанмен дәлізді.

Әлдеқашан өтегенмен қарызды.

Тағдыр бізді елемейтін тәрізді…

 

Жыл құсындай

жылдар ұшып не түрлі.

Дос та көп еді.

Сетінеді.

Не тынды?

Балапаның қанат қақты.

Бекінді.

Уақыт

беттен сүймей-тұғын секілді.

 

Ғұмыр бақи дәлелдеумен бағаңды.

Өзің емдеп,

өзің жазып,

жараңды.

Серіппедей сергіткенмен санаңды.

Қас қарайып,

түседі екен қараңғы…

 

Шұлығында тығылсақ та тұрмыстың.

Жұмырында жұтылсақ та жұмыстың!

Жүзінде ойнап жүгірсек те

қылыштың.

Көлге барып қайтайықшы

бір үш күн!

 

Өткеріп ап,

елегіңнен өткенді.

Кімдер сатқын.

Кімге жаның кектенді.

Кешірумен.

Кешуменен өткелді.

Саумал демін

жұтайықшы көктемгі!

 

Қамыстай боп су бетінде көктеген.

Әне кетті.

Міне кетті.

Кетті Өлең!

Сәбидей боп еш қасірет шекпеген.

Бала болып ойнайықшы отпенен.

Әне кетті.

Міне кетті.

Кетті Өлең!

 

Жырлар мен жылдар

Омыртқасы он бөлек –

жылдарымның тәсбісі.

Ескерсе егер ел демек,

жырларымның дәс күші.

 

Жазбаханам қаңырап,

күл-күл болды ошағы.

Ақжүрегім аңырап:

ақбөкендей жосады.

 

Жырлар, жылдар қайрылып,

адамнан да ақылды.

Айран таң қып майырылып,

терең ойға батырды.

 

Мінезі тік ұлың ем:

жылдар етті емендей.

Тым өзгемін бүгін мен,

кете бердім тереңдей.

 

Назданғаным намаздай

Қабыл болып кетеді.

Өлең бітіп ол аздай:

лағыл болып жетеді.

 

Қамдануым қажет-ақ,

Жылдар жейді жанымды.

Өлеңдерім өжет-ақ,

Еселейтін бағымды.

 

Қаусаған қарт көкірек,

тағдырымнан деймін мен.

Ал жырларым жетімек –

жан нұрымнан деймін мен.

 

Тауысқансып төзімді,

жылдар қашып жатады.

Мен емес-ау өзімді

жырлар жазып жатады.

 

Сіңіп кеткен мың жылға,

Арман, арман, арман-ай.

Қазық болған бір жырға

Елең-алаң жалған-ай!

 

Әке

Бұйығы күн кешетін,

қайран менің қарт әкем.

Жүрегімді сезетін,

есіл жаның жалқы екен.

 

Әр күніңді там-тұмдап,

тірнектеген асқарым.

Албарың да –

алтын бақ,

аяқталмас дастаным.

 

Қартаймағын әкешім,

салма мені сарсаң ғып.

Ғұмырымның қатесін –

кеше салар дарқандық.

 

Өлместіктің дәрісін,

саған тауып берейін.

«Әкем, әкем, әкем!» деп:

бүлкілдеп тұр көмейім.

 

Қасыңа кеп жайландым.

Көз алдымда –

суретің.

Қасиетіңнен айналдым,

ілуде бір күлетін…

 

Сәкішке

Секундтардың сыбыры,

кідіріссіз күндер-ай.

Күйкі тірлік күбірі

миығынан күлген –

Ай.

 

Қар қонақтап иыққа,

сұрамайды ол менен.

Сапарым –

жерұйықта, –

дүдамалдау жолменен.

 

Кеше тірі болған ем:

бүгін өліп барамын.

Мойын бұрып сонда әрең,

Жәудіредің қарағым!

 

Жүрек тоқтап қалады оқыс.

Алмасса да күз бен қыс.

Уақыт деген –

парадокс

Бақыт деген –

Сіз бен Біз.