Әлихан – Алаш көсемі

Қарағандының Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінде елге белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері Сүйіндік Жанысбайдың «Әлихан – Алаш көсемі» атты шығармашылық кеші салтанатты түрде аталып өтті. Шара Қарағанды қаласының 90 жылдығына орай ұйымдастырылып, зиялы қауым өкілдері мен әдебиетсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырды.

Кеш Сүйіндік Жанысбайдың шығармашылық әлеміне терең бойлатты. Шараның басында «Нұрби» үлгілі хореографиялық ансамблінің орындауындағы «Сағым дала» биі көрермендерді қазақ руханиятының көркемдігіне шақырды. Салтанатты фанфардан кейін сахнаға кеш жүргізушісі, Бекболат Мәжит шығып, шараны ресми түрде ашты. Жүргізуші жазушының әдеби және журналистік жолы туралы кеңінен тоқталып, оның қазақ руханиятына қосқан үлесін атап өтті.

Кеш барысында Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Күлекеев пен жазушының өзі сахна төріне шақырылды. Сүйіндік Жанысбай шығармашылық жолына қатысты сұрақтарға жауап беріп, «Әлемге әйгілі Әлихан» атты жаңа кітабы туралы толымды мәлімет берді. Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхан туралы тың деректерге негізделген бұл еңбек қаламгердің тарихи тақырыптарға тереңнен бойлайтынын көрсетті.

Салтанатты сәт ретінде жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі ерекше мәнге ие болды. Тұсаукесерге белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты. Арнайы шақырылған қонақтар арасында профессор Зарқын Тайшыбай, «Аманат» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, «Сарыарқа Ақпарат» медиахолдингінің директоры Қайрат Жүніс, басқа да танымал тұлғалар болды.

Кештің сәнін сахна төріне шыққан өнер жұлдыздары келтірді. ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жақсыкелді Кемалов пен Дәуренбек Әркенов, жас әншілер Гүлдана Мақшонова мен Наргиза Асқар тамаша әндерімен көрермен көңілін көтерді. Ал «Нұрби» хореографиялық ансамблінің «Құрбылар» биі мен Медет Төлеухановтың «Мәңгілік ел» әні ерекше әсер сыйлады.

Сүйіндік Жанысбайдың өзі сахна төрінде оқыған өлеңдері кештің шырайын аша түсті. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген халық даналығы дәл осы шараның мазмұнына сай келді. Оның қазақ әдебиеті мен журналистикасына қосқан үлесі, жазушылық еңбегі, тың ізденістері көрермендердің жүрегіне терең ой салды.

Кеш соңында жазушыға арналып дайындалған концерттік бағдарлама жалғасын тапты. Бұл кеш Сүйіндік Жанысбайдың елге танымал қаламгер ғана емес, қазақтың ұлттық руханиятының адал қызметшісі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қаламгердің рухани мұраларын дәріптеп, оның шығармашылығына арналған кешке жиналған жұртшылық Сүйіндік Жанысбайға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін арнады. Жазушының тың туындылары әлі талай оқырманның жүрегіне жол табары сөзсіз.

Қарағанды қаласы руханиятқа сусындаған тағы бір кешті өткізді. «Әлихан – Алаш көсемі» шығармашылық кеші қазақ рухының мәңгілігін паш етті.

Өмір БАЙБОСЫН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *