Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында: «Мемлекет адам үшін қызмет ету керек. Мен жастарға зор сенім артамын. Елімізде ел игілігі үшін қызмет етуге дайын дарынды, талантты жастар көп. Экономикада, мемлекеттік қызметте немесе басқа секторда жұмыс істеп жүрген жастарымызға қолдау білдіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Уақыт келгенде сіздерге жол береміз. Орнымызға Сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ Сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет» деп атап өтті.
Жастар – мемлекеттің стратегиялық әлеуеті және прогресшіл күші, олардың мәселелерін шешу (білім, жұмыспен қамту, тәрбие) – ұлттық қауіпсіздік пен дамудың негізі. Ұлтқа қызмет ету – тек біліммен емес, көркем мінез, намыс және бабалар аманатына адалдықпен, мемлекеттілікті нығайтумен өлшенеді.
2026 жылдың наурызында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Н.А.Қоңырова С-25-3 тобында «Қазақ тілі» пәнінің В2-1 деңгейінен «Ұлтқа қызмет ету». «Деп біледі, деп атап өтті құрылымдары, себеп үстеулері, табыс септігіндегі есімше» тақырыбына ашық сабақ өткізді.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік – білім алушыларды сауатты жазуға, мәнерлеп дұрыс оқуға, мәтінді қысқаша мазмұндауға үйрету.
Дамытушылық – Ұлтқа қызмет еткен ұлы тұлғалар мен қазіргі жастардың ұлтқа қызмет ету туралы ойларын саралай және салыстыра, студенттердің танымдық қабілетін дамытып, өз бетінше қорытынды жасауға, ізденуге дағдыландыру.
Тәрбиелік – білім алушыларға ұлт зиялыларының тарихимәдени мұралар туралы ақпараттармен таныстырып, қазіргі заманғы түсінік, көзқарас туралы білімдерін жетілдіруге, жан-жақты шығармашылыққа, мәдениетті сөйлеуге тәрбиелеу.
Жастар мәселесі және ұлттық құндылықтар:
- Рухани құндылықтар: Жастардың дәстүрлі мәдениет пен тілді меңгеруі, ұлттық кодты сақтауы басты міндет.
- Мінез-құлық: Ұлтқа қызмет ету – білімді ғана емес, тәрбиелі, көркем мінезді, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуден басталады.
- Тарихи сана: Ұлттық намыс пен рухты жаңғыртып, бабалардың аманатын арқалау.
Ұлтқа қызмет етудің бағыттары:
- Білім мен ғылым: Пайдалы білім алып, оны ұлттың дамуына жұмсау.
- Еңбекқорлық: Жасампаздықпен елдің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыру.
Хакім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дейді Алаш көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан.
Ұлтқа қызмет етудің тағы бір маңызды қыры – ана тілімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді құрметтеу. Тіл – ұлттың жаны. Тілімізді сақтап, дамыту арқылы біз ұлттық болмысымызды қорғаймыз. Сонымен қатар, жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, оларды отансүйгіштікке баулу – әр отбасының міндеті.
Қорытындылай келе, ұлтқа қызмет ету – тек сөз жүзіндегі ұран емес, ол – күнделікті өмірдегі нақты әрекет. Әр азамат өз елін сүйіп, оның өркендеуі үшін еңбек етсе, мемлекетіміздің болашағы жарқын болмақ. Ұлтқа адал қызмет ету – нағыз патриотизмнің белгісі.
Қарлығаш НҰРЖАНОВА,
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті»
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
