Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығы әскери полиция басқармасының бастығы полковник Берік Сүлейменов және 6505 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы жауынгер Али Шакенов қызметтік міндеттерін орындау барысында ерлік көрсетті.
Олар Қарағанды қаласы Новорадская көшесі бойындағы Бұқпа көлінің маңынан өтіп бара жатқан кезде, көлдің ортасында қайығы жарылып, суға батып бара жатқан балықшыны байқап қалған. Әскери қызметшілер еш ойланбастан көлікті жағаға тоқтатып, көлікке арналған тросты пайдаланып, азаматқа лақтырып, оны жағаға тартып шығарып, өмірін аман алып қалды.
«Азаматты жағаға шығарып алғаннан кейін, үсті-басы су болғандықтан. Дереу жылыту керек болды. Киімін шештіріп, көлікке отырғыздық, көлік ішіне жылытқыш қосып, сол жерде жағдайын бақылап отырдық. Медициналық көмек ұсынғанымызда, өзін жақсы сезінетінін айтып, үйіне жеткізіп салуды өтінді», – дейді қатардағыдағы жауынгер Али Шакенов.
Құтқарылған азамат әскери қызметшілерге шын жүректен алғысын білдіріп, — Айғайлағаныма ешкім келмеді, сіздер келмегенде аман қалмас едім деп, бірнеше рет ризашылығын жеткізді.
Қатардағы жауынгер мен офицердің бұл ерлігі — Ұлттық ұлан сарбаздары мен әскери қызметшілерінің кез келген уақытта көмек қолын созуға және төтенше жағдайларға дайын екенін көрсететін жарқын мысал. Олар өз әрекеттері арқылы ерлік пен кәсіби шеберлікті ұштастыра отырып, азаматтардың қауіпсіздігі үшін аянбай қызмет атқарып жүргенінің тағы бір дәлелі.
ҚР ІІМ ҰҰ «Орталық» ӨңҚ Баспасөз қызметі