Ұлттың ұлы құндылығы тілінде тұр

          Тіл – қоғамдық құбылыс. Адамдар арасындағы байланысты, қарым-қатынасты реттейтін дәнекер дүние. Сонау адамзат  жаралғалы өмірдің мәні мен мағынасына айналған тілдер тарихын түбегейлі зерттеп жүрген ғалымдар баршылық. Тілдер тарихы жөнінде талай еңбектер де жарыққа шықты. Тіл өзінің нәзік те сыршылдығымен ұлтқа қызмет етеді және сол елдің ең керемет құндылығы болып саналады.

Адам жанының небір қалтарыстарын ақтарып, жүрек түкпіріндегі бар асыл қасиеттерді шығаратын, мидағы орасан ойларды ортаға салатын да осы тіл екендігі даусыз. Ендеше, әлемде қанша тіл болса, соның бәріне құрметпен қарау керек. Жойылып кетпеуге басты назар аудару қажет. Осы тұрғыдан келгенде, біздің қазақ тіліне, ұлттық тілімізге қатысты біраз мәселелер бар. Біріншіден, ғұлама ғалым, ойшыл суреткер Мәшhүр Жүсіп Көпеевтің айтуы бойынша: «Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең тазасы, ең көркемі», басқа да өзге ұлт өкілдерінің тұлғалары қызыққан, таңқалған қазақ тілі бүгінде аянышты жағдайда. Мысалға, жер бетінде 200-ден аса мемлекет болса, соның бәрі өз тілдерінде ойлайды, сөйлейді. Өкінішке қарай, біздің елде ғана ғой деймін, екі тілде сөйлеу hәм іс-әрекет ету. Қазақша-орысша (бұрындары көбінесе орысша, аз ғана қазақша болушы еді…). Барлық елдердің  Конституциясында мемлекеттік тіл біреу деген жазу бар және сол қағиданы ұстанады. Ал бізде ше?.. Тәуелсіздік алғанымызға да 33 жыл болыпты. Осынау уақыт шеңберінде ұлттық тілдің көсегесін көгертуге болар еді ғой. Ең әуелі мемлекет тіл туралы заңды қайта қарап, күшейту керек. Балабақша мен мектепте, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында оқу қазақша жүргізілсе, соны қадағалайтын ұйымдар құрылса қандай жақсы болар еді. Мемлекеттік кеңселердің бәрі қазақ тіліне көшсе, басқа тілдерден аудармалар жүйелі жұмыс жасаса, мемлекеттік тілді қорғауға және дамытуға жобалар мен гранттарды көбейтсе бұл тығырықтан шығар жол ашылар еді. Сосын қалалық жерлердегі әр үйдің ауласындағы балалар ойнайтын алаңдарға қазақ тілін үйретудің механизмдерін орнатып, не еріктілер тобын ұйымдастырып, жас толқынға ұлттық тілдің нәрін сіңіріп, дәнін еге білсек, нұр үстіне нұр болмай ма?!  Бұрындары бала кезімізде ақын Қадыр Мырзалиевтің: Ана тілің – арың бұл,

Ұятың болып тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! – дейтін өлеңін жаттап өсіп едік. Бүгінгі жастар, әсіресе, балалар осындай рухани азықтарымызбен сусындап, ұлттық тілімізге жанашырлық танытып, құрметпен қараса екен деп тілеймін.

Тілдер мерекесі құтты болсын! Ұлттық тіліміз, Ана тіліміз жасасын!!!

 

Аяулым Оралқызы Мұратова,

Қарағанды қаласы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *