Ұлттық өнер жанашыры

Қылышбек Құрмантегі – ұлттық өнердің жанашыры, ұрпаққа мұра қалдырушы шебер. Оның еңбегі арқылы қазақтың қолөнері жаңғырып, жас ұрпаққа құндылық жолын көрсетіп отыр. Ал оған ізет пен құрмет көрсетіп, ұлықтауға келгенде, енжарлық танытатынымыз неге екен?

Жуырда өмірінің талтүсіне иек артқалы отырған шеберге сый-құрметіміз болсын, облыстық музейде көрмесін ұйымдастырайық деп, руханият жанашырларына сауын айтқанбыз. Алдымен үн қосқан Рымбала Смаилова апайымыз болды. «Қылышбекке меценат керек деп жазыпсыңдар. Мен өзімнің беретін аздаған шашуымды əлден жібере берсем, қажетке жаратасыңдар ма, əлде өзім барғанда ұсынайын ба? (20 000 теңге ғана)» деген хабарламасы келіп түсті.

Апайымыздың көлдей пейілі мен жуанмәрттігі тәнті етті. Қарағандыда «Атамұра» ұлттық қолөнер орталығын ашып, балаларды ағаш және темірден бұйымдар жасауға үйретіп жүрген өнерлі азаматқа қолдау көрсететіндер қарасы көбейе түссе екен дейміз.

Далиған даламыздай кең арқа өңірінің дарқан азаматтары әлі де болса Рымбала апайымыздың қатарынан табылар деген үміттеміз. Қазақ халқының ұлттық қолөнері – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра ғой. Қамшы, астау, домбыра сынды бұйымдарды жасау – тек шеберлікті ғана емес, терең білім мен рухани байлықты талап ететін өнер. Осы дәстүрді сақтап, жаңғыртып жүрген шеберлердің бірі – Қылышбек Құрмантегі. Ол ғұмыр бойына ұлттық қолөнермен айналысып келеді.

Өткенді бір кездесуде оның қолынан шыққан күміспен күптелген қамшы мен қорабын көрдім. Көмкерілуі көркем-ақ. Бедеріндегі ою-өрнегі ескіден сыр тартатындай. Мұны этнограф Төрехан Майбас, Аңғар аға Смағұл, тарихшы Темірғали Аршабековтер атап өтті. Осы жөнінде мен де өз ойларыммен бөліскім келеді.

Халықтың рухани өсу деңгейі жазу-сызуымен де өлшенеді десек, қадым замандарда әріпті тасқа шапқымен ойып, мал терісіне темірмен қарып жазған көңілі жүйрік бұрынғы ата-бабаларымыз соңына аз мұра қалдырмаған. Сөз жоқ, осы ұшан-теңіз мәдени байлықтың туу төркініне сырын білу шаң басқан тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің бір парасын анықтауға себі тиері анық.

Осындай орайда, еліміздің бағзы тіршілігінен, рухани өмірінің әр кезеңінен кеңінен мағлұмат берер аса құнды саланың бір алуаны – дана да шебер халқымыздың бесаспап қолынан туған зергерлік өнері деп білеміз. Апа-әжелеріміз таққан шашбау-шолпылары, сыртқы киім түймелері, сақина-білезік, сырға-жүзіктері, олардың әр қилы стильмен көмкерілген ою-өрнектері тылсымнан сыр тартып, көкейге неше түрлі әдемі ойлар ұялататындай. Дегенмен, осындай әшекей-айшықты, зібі-зіннәт бұйымдардың атын бабалар мирасынан, дағды-дәстүрінен қол үзіп кеткен, урбанизацияланған қазіргі буынның біле бермейтіні орны толмас өкінішті жайт. Мұндай мұралы өнерді шын мәніндегі ұлттық кәсіпке айналдыра білсек, көп нәрседен ұтарымыз кәдік. Осы тақылеттес ұлтымыздың ерекше бұйымдарын сырттан келген қонақтарға ғана сый-сияпат ретінде тықпалай бергенше, күнделікті қолданылар тұрмыс салтымызға енгізсек, нұр үстіне нұр болар еді. Бұлар басқасын былай қойғанда, суалып бара жатқан тілдік қорымыздың бір арна-көзі емес пе?! Мәселен, алтын мен күміс құйған байырғы шебер зергерлеріміздің есте жоқ ескі кезеңдерден бері алтынның салмағын өлшейтін жеті өлшемі бар таразы-аспабы болған дейді. Таразыдағы жеті өлшемнің ең кішісі, ең ұясызы «мысқал» аталған. Кәдімгі Естай ақынның қыз нәзіктігін жыр қылып «салмағың білінбейді бір мысқалдай» дейтіні осы мысқал. Бүгінгінің жастары да, жасамысы да тіпті жиі сөз болатын, бір өзі жүз қанша бұйымнан құралатын киіз үйдегі заттардың атауын тап басып, дәл атай алатынына үлкен күмән келтіреміз.

Сөзіміздің іләмі боп отырғаны — әшекей бұйымдарда, сәндік заттарда көрінетін ен-таңбалар. Ал бұл ен-таңбалардың пайда болу сыры неде? Есімі беймәлім шеберлер жүзік сақина көзіне ен-таңбаларды неге ойып салған? Шындығында бұл белгілер халқымыздың шаруашылық есебінде, саяси өмірінде мәні зор, ерекше маңызды қызмет атқарған. Бізше, оның шығу тегін пиктографиялық-сурет жазуынан және оның жоғарғы сатысы – ұғымды білдіретін идеографиялық жазудан іздеген ләзім. Бұлар негізінен Орталық Азия мен Қазақстан жеріндегі ілгі қауымдық тіршілікте дүниеге келген ой мен ұғымды білдіретін алғашқы жазу үлгілері болды. Бұл жазу түрлері біздің жерде ұзақ уақыт бойы сақталып, келе-келе түркі және қазақтың рулық ен-таңбаларына, тіпті кейіннен меншіктікті көрсетер белгіге айналып кеткен. Бұған қазақтардың ежелден бері ірі қара малы мен жылқы санына күйдіріліп басылатын көз таңба, айыр таңба, балта таңба, бақан таңба, тарақ таңба, шөміш таңба, шылбыр таңба іспетті рулық таңбалар мен ұсақ мал құлағына салынатын тілік ен, сота тілік ен, көз ен, жүрекше ен, солақ ен, қиықша ен, қиық ен, ойық ен, құмырсқа ен, кесік ен, сыдырғыш ен секілді меншіктікті көрсететін ен-таңбалар куә. Бұл белгілі ұғымды білдіретін идеографиялық жазудың бір түрі. Ұланғайыр қазақ даласында көне дәуірлерден қалған таңбалар молынан кездесіп отырады. Біздің топырақта бұларды бір ізге түсіріп жүйелеу жұмыстары тым аз. Осындай қалың жазуы бар жердің бірі – Тамғалы тас қой. Онда қазақ өлкесін қоныстанған тайпалардың тасқа қашап түсірген мыңдаған таңбасы, ел басшыларының қол қойған аттары, ұрандары, әдемі өрнектер нақышталған. Осы «Тамғалы тас» жазуына ерте кезде толық мән берген ғалым А.И.Шренк болды. Академик Ә.Марғұлан өзінің «Тамғалы тас жазуы» атты мақаласында: «Қазақтардың қария сөзі бойынша ислам дәуірі басталатын кезде бұл жердің көп тайпалары осы арада бас қосып, ұлы мереке жасаған. Барлық тайпаның ұлыс басқаратын адамдары, атақты билері, асқан ерлері жиналып, кеңес құрып, қай тайпа қай жерді қоныс ету мәселесін шешкен. Әрбір тайпаның өзіне арнап таңба беріп, ол таңбаның суретін осы тасқа қашап түсірген» – дейді. Мәшһүр ғалым келтірген осы Таңбалы тастағы қазақ ру-тайпаларының таңба-белгілеріне назар аударар болсақ: Үйсін таңбасы – үш әліп, Қыпшақ таңбасы – екі әліп (қос көсеу), Арғын таңбасы – көз таңба, Қарпық таңбасы – көзілдірік, Қоңыраттікі – босаға, Найман таңбасы – бағана, Керей, керейіт, кіші жүз кетелерінің таңбасы – ашамайлы, Адай таңбасы – жебе, Әлім төртқараларынікі қос әліп т.б. болып келетінін көреміз. Ал өр Алтай өңірінің таңбасы Орхон-Енисей бойындағы руна жазуының «д» әрпіне үйлеседі. Қазақтың түйме танакөздеріндегі перезе тасқа күміспен салынған таңбалар сол Тамғалы тастағы қазақ руларының таңбаларына мейлінше ұқсас келеді.

Бұдан шығатын қорытынды, әр ру-тайпаның қолынан өнері тамған зергері өзінің шыққан тегін әйелдер бұйымында, музыкалық аспап әшекейлерінде, ағаш және былғары ыдыс-аяқтарында, қару-жарақ, ер-тұрмандарда көрсетіп, келешек буынға із қалдырып отырған-ау. Бұндай бедерлі заттарды соққан шеберлер үш жүз руларынан шыққан өнершілер болуы әбден мүмкін.

Қылышбек ұста Құрмантегі осыны да қаперіне алады деп білем.

Елеужан СЕРІМОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *