Машина жасаудағы маңызды белес

Осыдан екі жыл бұрын, қазан айында Қарағандыға келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының ел экономикасындағы ролі зор екенін атап көрсеткен еді. Жұртшылықпен кездескен Мемлекет басшысы «Облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінде өңдеу секторының үлесі 80 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ көш бастап тұр», – деді. Бүгінде кенді өлке еңбеккерлері Президент берген бағаға лайық болуды көздеп, тынбай еңбек етуде.

Халықпен кездескен Мемлекет басшысы облыстың экономикалық әлеуетімен қатар рухани көкжиегін жоғары бағалады. «Қарағанды табиғи байлығымен ғана қазыналы деп аталмағаны анық. Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан аймақтың рухани қазынасы да орасан зор. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған шежірелі аймақтан қазақтың көптеген біртуар тұлғалары шыққан. Қарағанды өңірі – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер», – деген Президент өңдеу секторын дамытуға назар аударуды тапсырды. «Сондай-ақ өңдеу секторы бағытын одан әрі дамыту үшін облыстың мүмкіндігі мол. Биылғы шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңдеу саласындағы инвестициялық жобалардың пулын жасақтау жұмыстарына баса мән беру қажеттігі туралы айттым. Күрделі геосаяси ахуалға және әлемдік экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызы одан әрі арта түседі», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша облыс республикада 4-ші орынға тұрақтады. Өнім көлемі 6 трлн теңгені шамалап, республикалық көлемнің 7 пайызын еңсерді. Ал жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 2022 жылғы кезеңмен салыстырғанда 7,6 пайыз өсіммен 5 млн теңгені құрады.

Өткен жылы экономиканы дамытуда өңдеу өнеркәсібі салаларындағы белсенділік қолайлы әсер етті. Мәселен, машина жасауда өсім 42,6 пайызға жетті. Облыста машина жасау саласында ондаған кәсіпорын қызмет көрсетеді. Солардың бірі – Қарағанды құю-машина жасау зауыты.

Зауыт 1940 жылы құрылған. Кәсіпорын өңірдегі, жалпы Қазақстандағы ірі машина жасау ошағы болып табылады. Зауыт цехтары заманауи еуропалық жабдықтармен жасақталған. Айына 500 тоннадан астам өнім шығарады.

Пайдалануда 53 сандық бағдарламалық басқарылатын станоктар – CNC және 230 қосалқы жабдықтар мен өлшеу құралдары бар.Үш негізгі цехта 800-ден астам персонал қызмет атқарады.

Зауыт бүгінде отандық машина жасаушылар арасында ең алдыңғы қатарға шықты. Тоқырау тұсында тұралаған шаруашылықты түзеп, еңсе тіктеген кәсіпорынның жұртқа жария қылар жетістігі баршылық.

Зауыт тау-кен, металлургия саласына қажетті жабдықтарды өндіреді. Көмір таситын вагонеткалар, шахта түбіндегі суды соратын насостар, жүздеген тонна топырақты ұстап тұратын анкерлік бекітпелер, кеніштердегі ауыр техниканың бөлшектері, заулаған пойыздардың тежегіштері сынды мыңдаған бұйым жасалады. Барлығы 12 мың түрлі өнім бар. Әсіресе пандемия кезінде зауыттың қуаты артты. Бір жылда өнім көлем 40 пайызға өсті. Яғни 9,4 млрд. теңгені еңсерді. Осылайша зауыт басшылығы пандемия жағдайын ұтымды пайдаланды.

Жаһандық пандемия ешкімге оңай тиген жоқ. Отандық алпауыттар да қиын жағдайға түсті. Жасыратыны жоқ, барлық құрал-жабдықты шет елден сатып алатындар көп. Ал, коронавирустың кесірінен көптеген импорттаушылар жұмыстарын тоқтатты немесе өндіріс көлемін қысқартты. Тиісінше, отандық өндірушілер қажетті техникадан айырылды. Зауыт осы тұста өз әлеуетін танытты. Шетелдік зауыттармен бәсекеге түсе алатынын  көрсетті. Тапсырыстар қабылдап, қазақстандық өнеркәсіптің сұранысын қанағаттандырды.

Зауыттың өз конструкторлық-технологиялық басқармасы бар. 60 адам еңбек етеді. Барлығы – конструкторлар мен технологтар. Кез келген жаңа бұйымның сызбасы осында сызылады. Төлқұжаты түзіліп, кепілдігі де беріледі.

Зауыттың Қарағандыдан тыс, Балқаш, Жезқазған қалаларында кәсіпорындары бар. Үш қалада 2 мыңға жуық адам еңбек етеді. Металлургия мен тау-кен саласынан бөлек, зауыт жаңа бағыттарды да игеруге күш салуда. Мұнай-газ саласына қызығушылық зор. «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ның құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын тапсырысын жеңіп алды. Яғни, мұнай алпауытына ұңғыма бөлшегін әзірлеп берді.

Зауыт жұмыскерлері ресурс үнемдеуге, еңбек үнемділігін арттыруға баса көңіл бөледі. Бұл бағытта басшылық ынталандыру жобаларын қолға алды. «Идеялар генераторы» жобасын ерекше атап өтуге болады. Аталған жоба аясында кез келген жұмысшы немесе ұжым өзінің соны ойын ортаға салады. Яғни, күнделікті атқарып жүрген жұмысын жеңілдету, материалдық шығынды азайту тәсілдерін ұсынады.

Идеялар генераторының» арқасында еңбек өнімділігі 2,8 есе артты. Және ресурс шығыны азайды. Мысалы, жылдар бойы белгілі бір бұйымға станокпен тесік салу үшін төрт ауысым кететін. Жұмысшылар газ арқылы тесуді ұсынды. Яғни, төрт ауысымда істейтін жұмысты жарты-ақ ауысымда бітіріп тастамақ. Бұл – күнделікті жасалатын жұмыс. Жаңа әдістің арқасында бір жылда 30 млн теңге үнемделді. Осы 30 млн теңгенің 10 пайызыөнертабысты ұсынған ұжымға бөліп берілді.

Сондай-ақ, жұмысшылар қыстың жылы күндері жазғы керосинді жарату, өнімді қаптауға ағаш емес, қатты полиэтилен пайдалану, станоктан түскен техникалық майды ұстахана пешіне тұтыну сынды елуден астам идея ұсынған. Бұл ұсыныстарды екшеумен арнайы құрылған техникалық кеңес шұғылданды. Қазіргі уақытқа дейін бірнешеуі мақұлданып, авторлары үнемделген соманың 10 пайызына иелік етті.

Зауытта заманауи технологияны енгізуге айрықша көңіл бөлінеді. 2014-2018 жылдары ауқымды модернизациялау жұмыстары жүргізілді. Лизинг арқылы механикалық өңдеу блогы жаңартылды. Жаңғырту нәтижесінде еңбек қауіпсіздігі жоғарылады. Жұмысшының мүмкіндігі артты. Бір адам төрт станокта қатар жұмыс істейтін жағдайға жетті. Инженер-технолог автоматтандырылған дәнекерлеу машиналарын басқарады. Ол контрукторлық-технологиялық басқармадан электронды желімен түскен сызбаны машинаға енгізіп, іске қосады. Болды. Автомат жұмысын аяқтағанын күтеді. Егер, инженер жақындап, қауіпті қашықтыққа барса, «ақылды» станок қалт тынады.

Осыған ұқсас станоктар №2 цехта жеткілікті. Учаске шеберлерінің айтуынша, бұл цехта кез келген бұйымды дайындауға мүмкіндік бар. Мәселен, вагонетканы алайық. Шикізатпен қамтушы «КарМет» АҚ-нан темір табақтар жеткізіледі. Бұл табақтар конструкторлар сызған сызба бойынша кесіледі. Бұрынғыдай табанын бөлек, қорабын бөлек, қиып жатпайсыз. Лазермен кесетін «Ванад» машинасына саласыз. Мұндай машина цехта екеу. Темірді қалың-жұқасына қарай кеседі. Дайын бөліктерді дәнекерлеушілер дәнекерлейді. Дөңгелек-білігін токарлар станокта жонып шығады. Соңында бөлшектер құрастырылып, тиісті түске боялады. Сыры кепкен соң вагонетка тапсырыс иесіне жол тартады.

Зауыттың маңызды блоктарының бірі – металл балқыту цехы. Мұнда дайын модельдер бойынша түрлі бұйымдар құйылады. Металдан бұйым жасау үшін алдымен модель қажет. Бұл модельді полистеролдан жасайды. Яғни, ұнтақ түріндегі полистеролды ваннаға салып, белгілі температурада «пісіреді». Қант тәрізді ұсақ ұнтақтың әр түйірі «піскенде» тарыға жетеғабыл түрге енеді. «Тарыны» қысымдағы қалыптарға ыстық ауаның көмегімен үрлеп толтырады. Қалыптан қажетті форманы алып шығады. Алынған модель ыстық бөлмеде бір тәулік бойы кептіріледі. Кептірілген соң боялып, тағы да кептіру бөлмесіне жөнелтіледі. Ал, бөлмеден бірден ұстаханаға жол тартады. Ұстаханадағы жігіттер модельдерді кварц құмы толы жәшіктерге салады. Жәшіктің жан-жағын полиэтиленмен қаптап, вакуумды насоспен сорып алғанда әлгі құм тасқа айналады. Әлгінде ғана алақаныңызда үлпілдеп жатқан құмға енді саусағыңызды батыру мүмкін емес.

Жәшіктің үстіне 1700 градусқа дейін балқытылған металды құяды. Сол уақытта метал полистеролды жағып жіберіп, кварц құмының арасымен ағып барып, бұйым қалыбын ұстап қалады. Үш сағат суиды, дүние – дайын.

Балқыту пешіне қажетті темір зауыт аумағындағы цехтардан жиналады. Яғни, станоктардан қалған қалдық. Бір ауысымда бір пеш төрт шөміш балқыма береді. Бір шөміштің салмағы – 250 келі. Сегіз сағатта бір тонна өнімді қоймаға жөнелтеді. Әрине, 1700 градустың пештің жанында сегіз сағат байланып тұру жеңіл жұмыс емес. Әйтсе де, жүздерін жалын шарпыған азаматтар металл балқытуды кәсіптің төресіне балайды.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *