2026 жылдың 6 наурызында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ-ның «Жоғары математика» кафедрасының техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры Г.С.Шаихова АиУ-25-1, ВСУ-25-1 топтарында «Бірінші ретті дифференциалдық теңдеулердің әр түрлі типтері» тақырыбында ашық мастер-класс өткізді.
Дифференциалдық теңдеулер – математикадағы маңызды бөлімдердің бірі. Олар табиғаттағы және қоғамдағы әртүрлі процестің өзгеру заңдылықтарын сипаттауға мүмкіндік береді. Дифференциалдық теңдеулердің ерекшелігі – олар функцияның өзімен қатар оның туындыларын да қамтиды. Сондықтан олар уақыт бойынша немесе басқа айнымалыларға байланысты өзгеретін құбылыстарды зерттеуде кеңінен қолданылады.
Ашық мастер-класс барысында оқытушы дифференциалдық теңдеулердің техника мен инженерия саласында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Инженерлер түрлі механизнің жұмысын, машиналардың қозғалысын, электр тізбектерінің жұмыс істеуін талдауда осы теңдеулерді кеңінен қолданатынын айтып, дифференциалдық теңдеуге келтірілетін есептердің мысалдарын талқылады.
Сонымен қатар дифференциалдық теңдеулер биология мен медицина салаларында да кеңінен пайдаланылады. Мысалы олар халық санының өсуін, бактериялардың көбеюін, эпидемиялардың таралуын зерттеуде қолданылады. Оқытушы осы тақырыпқа байланысты есептерді қарастырып, студенттермен бірге олардың шығарылу жолдарын талқылады. Сонымен қатар көптеген құбылысты сипаттау үшін математикалық модельдер құруға болатынын, ал олардың негізінде дифференциалдық теңдеулер жататынын түсіндірді.
Сабақ барысында тақырып түсінікті әрі жүйелі түрде түсіндіріліп, қатысушыларға көптеген пайдалы мәліметтер берілді. Ұстаздың кәсіби шеберлігі мен пәнге деген сүйіспеншілігі айқын байқалды.
Бұл мастер-класс өте пайдалы әрі қызықты өтті. Қатысушылар жаңа білім алып қана қоймай, есеп шығару дағдыларын да жетілдірді. Сабақта қолданылған әдіс-тәсілдер мен көрнекі материалдар тақырыпты терең меңгеруге мүмкіндік берді.
Қорыта айтқанда, дифференциалдық теңдеулер – ғылым мен техниканың көптеген саласында қолданылатын әмбебап математикалық құрал. Олар табиғаттағы және қоғамдағы күрделі процестерді түсіндіруге, болжауға және басқаруға мүмкіндік береді. Сондықтан дифференциалдық теңдеулерді меңгеру қазіргі заманғы ғылым мен технологияны дамыту үшін өте маңызды.
Қарлығаш НҰРЖАНОВА,
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
