Медиа-мәдениет және тіл

Жұрттың сауатты болғаны игі ғой әрқашан. Оның ішінде әріптестеріміздің сөз саптауы мен стилистикалық қателікке жиі ұрыну қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Қалыпты демек, қауіпті. Осыған байланысты Қасым үйінде Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері арасында бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл мәдениетін дамыту, кәсіби мамандардың іс-тәжірибесімен бөлісіп, әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Медиа-мәдениет және тіл» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Түсінген жанға семинардың маңызы зор. Шараға жиналған газет пен телеарна өкілдері, жас журналистер, редакторлар, корректорлар және жоғары оқу орындарының студенттері мұны жақсы түсінгендей.

Бұл жөнінде Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы – Қойлыбай Асанов «Сөз (тіл) мәдениеті және журналистика», әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиа-зерттеуші, «Astana aqshamy» республикалық қоғамдық-саяси газетінде шеф-редакторы – Төлен Тілеубай «Тіл – адам санасына ықпал ету құралы, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты – Ерсін Мұсабеков «Мерзімді басылымдардағы тіл тазалығы» жайында сөз қозғады.

Қойлыбай Асанов: «Әр халықтың тілі, сол халықпен бірге жасап, әлеуметтік-тұрмыстық, қоғамдық-саяси жағдайларға бейімделіп дамып, өсіп, жаңарып отыруы табиғи заңдылық. Тілдің тоқырауы, ұлттық сана, ой сезімнің күйреуіне алып келеді. Бүгінгі БАҚ-та істейтін көптеген журналистің «орысша ойлап, қазақша сөйлеуі» жақсы нышан емес. Бұл көрініс, әсіресе, өздерін тәуелсіз арна, коммерциялық баспасөз санайтын ақпарат салаларында жиі байқалады», – деп сыни пікірін жеткізді.

«Сөзден күшті нәрсе жоқ» деген сөз қалыпты ежелгі грек драматургы Менандрдан. Қазір кез-келген адам аузына келген сөзді айтып-жазып, басқалардың тағдырына сөз-қарумен қауіп төндіріп, кейбір жағдайда кибербуллинг арқылы өмірмен қош айтысуына себепкер болғанын аңдамайды. Broadband Search зерттеу ұйымының мәліметтері бойынша, жер шары тұрғындарының 40 пайызға жуығы әлеуметтік желілерді ар-намысына тиетін іс-әрекеттерге тап болады екен. Жасанды интелллект технологиялары қарқын алған кезеңде бұл үрдістің ұлғая түсетіні даусыз. Әр адам бұл мәселеге өзінің ой-зердесімен қарап, саналы түрде өзін-өзі қорғаудың жолдарын назарда ұстағаны абзал», – деп өзекті мәселелердің біріне тоқталды Төлен Тілеубай.

Ал Ерсін Мұсабеков: «Мерзімді басылым беттеріндегі өрескел қателерге ұшыраса қалғанда, кемшіліктердің басты себебін біз сол басылымдардағы редакторлық талаптың төмендеп кеткендігінен іздейміз. Әрине, солай. Өйткені, шығармашылық жолын енді ғана бастаған тәжірибесіз маманға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін беретін редакторлардың бүгінгі біліксіздігі тұтас ұлтты құндылығынан айыруы мүмкін. Дабыл қағатындай мәселе болған соң, ащы айтпасқа болмас», – деп тағы бір мәселеге тоқталды.

Сондай-ақ, спикерлер тақырып аясында сөйлеу және жазу мәдениеті, әлеуметтік желідегі этика мәселесі, мәтіннің стилистикасы, әлеуметтік желідегі тілдік агрессия тәрізді өзекті мәселелерді көтерді.

Медиа-мәдениетті қалыптастыруда журналистердің үлесі басым болғандықтан, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тапса деген ұсыныстар айтылды.

Шара соңында семинар материалдары жинағы таратылып, қатысушыларға сертификат табысталды.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *