ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС…
(Ұлағатты ұстазым Иісжан апайдың 80 жылдығына бірер үзік сөз)
Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұғу.
В.СУХОМЛИНСКИЙ
Жасың ұлғайып өткен өмір белестеріне көз жүгірткен сайын кіндік қаның тамып, топырағына аунап өскен туған жерің, алақандарына салып, аялап өсірген ата-анаң, баталарын беріп, ақыл-кеңестерін айтқан ауыл ақсақалдары, ардақты ағаларымыз, көбі бұл дүниеден озса да еске түсіп, сонау балалық, жастық шағыңның қызықты кезеңдеріне бір сәт болса да қайтып оралуыңа мүмкіндік береді екен.
Міне, осындай ой жетегіне ілескен сәтте, әрине, осы толғаныстың бел ортасында ата-анаңмен қатар үлкен өмірге жолдама беріп, білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаздарыңның тұлғасы ерекше тұратыны сөзсіз. Менің бұл пікіріммен ұстаз алдынан тәлім-тәрбие көрген кез келген адамның келісетініне күмән келтіруге болмас.
Қазақтың ұлттық дәстүрінде, қалыптасқан өмір салтында баланы ұстазға сеніп тапсыруда үлкен өнеге жатыр. Ата-анасы баланы ұстаз алдына бергенде зор үмітпен, тілекпен «сүйегі менікі, еті сенікі» деп айтады екен. Яғни баласының болашағы, оның азаматтық болмысының қалыптасып, шыңдалуы осы бір тілекте, сенімде жатса керек. Біздің заманымыздың ұрпақтары да осы үмітпен мектеп табалдырығын аттап, ұстаз алдына имене басып келгенде осы ниетте болдық. Ұстаз туралы ұлағатты сөз: «ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» біздер үшін жүрегімізге білім нұрын себетін ұран сияқты қабылданды. Осы бір жүрекжарды лебіз менің кейінгі еңбек жолымда, ұстаздық қызметімде, өзім болашақ ұстаздарды дайындау жұмысымда жаңадан жаңғырып, зердеме жеткендей әсер береді.
Осы бір ой толғауын жазған себебім – мақаланың кейіпкері Иісжан апайымның, ол кісінің замандастары, басқа да ұстаздарымның тұлғаларының, білікті де биік келбетінің мен үшін қаншалықты қымбат, құрметті екенін бейнелеуге тырысу еді.
Мен және өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында мектеп бітірген менің замандастарымның, сыныптастарымның ұшқан ұясы қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданы, Жарылғап батыр атындағы шағын ауылдың орта мектебі еді. Кезінде, кеңес өкіметінің алғашқы уақытында «10-ауыл», колхоздастыру кезеңінде «Карл Маркс атындағы колхоз», одан кейін «Ақшатау совхозы» аталған елді мекен, менің туып-өскен ауылым тек тәуелсіздік кезеңінде ғана сонау XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы заманында елін, жерін қорғаған батыр бабамыз Жарылғаптың атымен аталды. Осы бір жүрегімізге ыстық ауылда туып-өстік, мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алдық. Қазір ойлап отырсам, онжылдық мектеп мәртебесіндегі алтын ұямызда мен оқыған жылдары әр сыныпта 10-15 баладан, барлығы 100-ден сәл астам балалар оқыған екен. Бірақ оқушылар санының шағындығына қарамай біздің мектебіміз аудан бойынша алдыңғы қатардағы орта оқу орны болды.
Мектебіміздің мәртебесінің жоғарғы деңгейге көтерілуіне себепкер болған, әрине, ұстаздарымыздың еңбегі еді. Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасына қарай ауылымызға Қарағанды, Алматы қалаларындағы педагогикалық жоғарғы оқу орындарын бітірген білікті жас оқытушылар келе бастады. Сол жас ұстаздардың бел ортасында бүгінде мерейлі 80 жасқа келіп отырған Иісжан апайымыз да бар еді. «Апай» дейтін себебім, ол кісі менің шешемнің шешесі Дәрия әжем жағынан нағашы болып келеді. Қазір ойласам, біздің шағын ауылымызда тұрған, туып-өскен адамдардың барлығы бір-бірімен туыс болған екен. Яғни, барлығы Керней бабадан тараған, тармақталған «қарға тамырлы қазақтың» ұрпақтары болды. Алайда біз балалық шағымызда қарым-қатынасымызды туыстық жағынан емес, үлкенге ізет, кішіге құрмет жолымен қалыптасуға тәрбиелендік.
Айтпағым, Иісжан апайдың мен үшін жарқын бейнесі, тұлғалық келбеті туыстығынан гөрі ұстаздық қасиетімен қалыптасты десем артық болмас. Иісжан апай бізге математикадан (алгебра, геометрия) сабақ берді. Мен өзім нақты ғылымдардан гөрі гуманитарлық пәндерге бейім болсам да, Иісжан мұғалімнің (неге екенін білмеймін, біздің мектепте «апай», «ағай» деп атаудан гөрі ұстазға «мұғалім» деп сөйлейтінбіз) сабақтарына зор ықыласпен, үлкен жауапкершілікпен қатысушы едім. Мен сол бастауыш 4 сыныпты бітіргеннен соң, жоғарғы сыныптарды бітіріп, мектеп тәмамдағанша Иісжан мұғалімнен тәрбие алдым. Оқушының есінде ұстазының сыртқы кескін-келбетінен бастап, ұстаздық қасиеті, терең білімі сақталып қалатыны сөзсіз. Менің жадымда Иісжан ұстазымның осы келбеті сақталып қалыпты. Апайымыздың әдемі жүзі, келісті киім киісі, салмақты мінезі өзіне тартып тұратын. Апайдың сабақ беру барысында оқушыға қатты зекіп немесе ауыр сөздер айтып, ұрысқанын естімеппін. Сыныбымызда небір бұзық, қайыру бермейтіндер болды. Солардың өздерімен де Иісжан апай салмақпен, өзіне тән сабырлы мінезбен тіл табысатын. Қазір оны педагогика ілімінде «педагогикалық такт» деп дәріптеп, озық тәжірибе ретінде ұсынып жүр. Ал оны Иісжан апайымыз сонау 60-шы жылдары шебер пайдаланған екен.
Міне, бүгінгі заманның ұстаздарына озық тәжірибе, үлгі боларлық сабақ. Әрине, заман өзгеруде. Бүгінгі жас жеткіншектер жөнінде әртүрлі кереғар пікір айтуға болады. Бүгінгі мектеп ұстаздарының құқықтық мәртебесін қорғау туралы мұғалімдердің тамыз Кеңесінде Президент Қ.Тоқаев жақсы айтты. Олай болса өткен кезеңдерде «Ұлағатты ұстаз» атын жоғары көтерген Иісжан сынды ұстазымыздың жарқын келбеті, бойымызға сіңірген білімі, аналық тәрбиесі мен сияқты шәкірттері үшін еш уақытта ұмытылмақ емес.
«Өткен күнде белгі жоқ» дейді халқымыз. Дегенмен де ой елегі туған жерге, балалық шаққа ойысқанда көңілге оралатын, ризашылық сезіммен айтқым келетіні – Иісжан сынды ұлағатты ұстаздарымыздың еңбегі еленді. Менің туып, өскен шағын ауылымнан белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалым, журналистер, өнер майталмандары, өз салаларының білікті мамандары шығып, елімізге белгілі азаматтар ретінде ел тарихынан көрнекті орын алды. Ұстаз мерейі деген осы емес пе!
Бұл күндері Иісжан апайымыз аяулы ана, ардақты әже. Балалары мен немерелерінің ортасында, бақыттың базарында өмір сүріп отырған үлкен кейуана. 80 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын, құрметті ана, ардақты ұстаз!
Құрметпен, шәкіртіңіз:
Тілеген САДЫҚҰЛЫ,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор,
ҚР Тарих және қоғамдық
ғылымдар академигі,
«Құрмет» орденінің иегері
БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ
Ұстаз… Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі.., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ.., жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп… қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.
Әбу-Насыр әл-Фараби
Біз ол кезде бір отбасының тату-тәтті жандары едік. Әкеміз бен шешемізден бөлек бәрімізге ақыл айтатын Айсұлу апамыз бен әкеміздің туған қарындастары Иісжан мен Қарлығаш (Тиішбала), өз әпкем Рымкеш, сіңлім Зәуре — бәріміз бір шаңырақтың астында ғұмыр кештік. Айсұлу апам, әкем мен анам біздің үйдің қыздарының оқу оқып, білім алуларына ерекше мән беретін. Отбасындағы есею жолы Иісжанның оқуға түсуі, жоғары оқу орнының студенті атануы мектептегі ұстаздық жолынан басталған. Кейіннен осы эстафетаны Қарлығаш, Рымкеш, мен, Зәуре жалғастырғанда үйдегі үлкендердің қуанышында шек болмайтын. Үлкен шешеміз бен әкеміздің еркелете айтатын жылы сөздері, шешемнің қайын сіңлілеріне деген құрметі естен кетпес естеліктер болып қалған. Әсіресе, әкем еркелететін «Иішкеннің», біз атын атамай ерекшелейтін «Ишаның» жөні бір бөлек еді. Оның студенттік күндері мен мектептегі қызметін әкеміз бізге үлгі-өнеге ретінде айтып отыратын.
3-4 жас шамасындағы кішірек кезімде үйдегілердің «Ишаларың оқу оқып жатыр» жатыр деген сөздерін еститінмін. (Бұл кез Иісжанның Саран қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеде оқып жүрген шағы екен). Апайымыз анда-санда үйге келгенде, сіңлілеріне тәттілер таратып, кәмпит жеп, мәз болушы едік. Арада біраз уақыт өтіп, 1965 жылы мен де мектеп табалдырығын аттап, бірінші класқа бардым. Бұл уақыт Иісжанның педучилищені бітіріп келіп, мектептегі еңбек жолын бастаған шағы. Бір үйдің жандары мектепке барамыз, мектептен үйге қайтамыз. Сондай сәттерде «менің Ишам – мұғалім» деген қуанышты сезім бойымды баурайтын. Балалық көңілмен мақтанғаным да жасырын емес. Мектептен үйге келіп, ертеңгі сабаққа дайындалу Иісжан апайым үшін де, біз үшін де үйреншікті әдетке айналған. Балалық сезіммен Ишама іштей сүйсінетінмін. Жүріс-тұрысына, іс-әрекетіне, сабырлы да салмақты мінезіне қарап, «сондай болсам» деп, еліктеп өскеніміз рас.
Сөйтіп, өмір- өзен өз ағысымен өтіп жатты.
1969 жылы Иісжан ауылдың Естай атты азаматына тұрмысқа шығып, өз отбасын құрды. Иә, дәл қазір Ишамның тұрмысқа шығатын күнгі біздің үйдегі көрініс менің көз алдымнан көлбеңдеп өтіп жатқандай. 10-11 жастағы кезім. Көршінің балаларымен ойынның қызығына кіріп кетіп, кешірек, кешқұрым мезгілде үйге қарай келе жатып, үйіміздің жанына жақынырақ жерде тұрған Естай ағамызды көзім шалды. Менімен ақырын ғана басын изеп амандасты. Мен де «сәлеметсіз бе?» дедім. (Осы ағайдың кейінірек кезде біздің үйдің маңайын торуылдап жүретінін жиі көретінмін). Бізден сәл әрірек жерде жеңіл көліктің жанында 2 ересек адам бір-бірімен күбірлесіп сөйлесіп тұр. Үйге кірсем, Айсұлу апам кешкі жайылған дастарханның басында үнсіз отыр. Жайшылықта жарқылдап сөйлеп қарсы алатын апамның мына қылығы біртүрлі екен. Ауыз бөлмеден төргі бөлмеге қарай өттім. Қарсы алдымда Ишам орындықта отыр, сыртқы киімін киіп алған. Дәл қасында үлкен қоңыр чемоданы бар. Мен үшін тағы да тосын құбылыс. Ештеңеге түсінбей, ауызғы бөлмеге қайта келіп, апамның қасына жайғаса бергенім сол еді, Ишам бөлмесінен чемоданын ұстап шығып, сол үнсіз қалпында бізге қарамастан, сыртқа шығып кетті.Сол мезетте Айсұлу апам «бақытты бол, құлыным!» деп, жылап жіберді. Ештеңеге түсінбеген менің «апа, неге жыладың, не болды?», дегеніме: «Ишаң күйеуге тиіп кетті, көршілерге барып айт»,-деді. Мен де жылап жібердім. «Апа, енді біз не істейміз?»-дей бердім. Ишамды қимағандаймын. Дәл сол сәтте алғаш рет бауырдың бауырға деген қимастық сезімінің бойымды баурап алғаны анық. Көп кешікпей, далаға шықтым. Түн мезгілі басталыпты. Көрші үйге барып, «Ишамды күйеуге алып кетті» дегенім бар. Көрші-қолаң жиналып, апама басу айтып жатты. Иә, сол күні Иісжан Естай атты өмірлік қосағын тауып, Кәріпжан атаның үйіне келін болып түсті.
Естай мен Иісжан өте бақытты жандар еді. Ерлі-зайыптылардың ерекше сыйластығы мен сүйіспеншілігі олардың бір-біріне қараған жылы қабақтары мен үнсіз түсінісетін көздерінен көрініп тұратын.
Естай иманжүзді, қараторы, ойлы қара көзді, қасқа маңдайлы, сымбатты жігіт болатын. Біз жездемізді жатсынбай, жақсы көріп кеттік. Жезде деп емес, ағамыздай сыйладық. Естай ақжарқын, ақ көңіл мінезімен айналасындағы алыс-жақын ағайын туысқа, ауыл-аймаққа да қадірлі болды. Әкеміз Жұмақаспен күйеу баладан бөлек, інісіндей сырласып, қолдау көрсеткен ерекше жан болатын.
Естай жездеміз 1973 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түсіп, «материалдық–техникалық жабдықтаудың экономикасы мен жоспарлануы» мамандығы бойынша жоғары білім алып, аталған оқу орнын 1978 жылы бітіріп шықты. Тынымсыз тер төгіп, еселі еңбек етуінің арқасында Естай Кәріпжанов Ақшатау совхозының партиялық комитетінің секретары, бірнеше жылдар бойы Ақшатау ауылдық советінің председателі қызметтерін атқарған айтулы азамат.
Естай балаларына да ерекше мейірімді әке болды. Балапандарын беттерінен қақпай өсірді. «Менің өмірімдегі бар бақытым – осы балаларым ғой!» деген сөзді аузынан тастамай, өле-өлгенше айтып кетті. Олай дейтінім, өкінішке орай, балаларының қызығын енді көретін шағында жұбайы Иісжанмен 20 жыл отасқаннан кейін, 44 жасында ауырып, өмірден өтті.
1970 жылы Естайдың отбасында алғашқы перзенттері Серік дүниеге келді. Кәріпжан ата алғашқы немересінің іңгалаған дауысын естіп, құшағына қысып, сәбидің тәтті иісін иіскеді. Одан кейінгі балаларды ол кісі көре алмады. 1971 жылдың наурызында, Орынғазы дүниеге келерден бір ай бұрын бақилық болған еді. Кешікпей дүниеге келген нәрестенің атын атасының орнын басқан бала деп, «Орынғазы» қойған екен.
Өмірге Жадыра, Руслан, Жасұландар келді. Үйдегі балалардың үлкен шешелері Рахима әжеміздің де қуанышында шек болған жоқ. Осы жылдары Естайдың отбасымен жиі аралас-құралас қарым-қатынаста болдық. Олай дейтінім, біздер ауылдың «төменгі ауыл» дейтін жағында тұрдық. Естайдың үйі мен біздің үйдің арасы онша алыс емес болатын.
Иісжан ана атанып, балалары дүниеге келген соң, көп ұзамай жұмысқа шығып кететін. Оның себебі сол кездегі Кеңес үкіметінің еңбек туралы заңы бойынша әйел адам нәрестелі болып, баланы қырқынан шығарған күннен кейін, дереу жұмысқа шығатын болған. Заңның аты – заң, Иісжан мұғалім де осы ережеге сәйкес еңбек етуін жалғастырып жатты. Алла берген бес баланы бағып-қағу, тамақ істеу, үй шаруасы, мектептің жұмысы – таусылмайтын ауылдың тіршілігін атқару әйел адамға оңай болмасы анық. Иісжан да осындай қайнаған тіршіліктің қақ ортасында, зырылдап жүріп, бар шаруасын бітіретін. Арасында үйге қонақ келеді. Қонақ күтетін кезде Иісжан апамыз жұмыстан келе сала ас мәзірін дайындаудың қамымен таңға дейін жүретіні бар. Қонаққа арнаған дастарханын жайнатып, балалар тиіспесін деп, қонақ бөлменің есігін кілтпен жауып, мектепке кетеді. Сабақтарын өткізіп келіп, кісілерін қарсы алатын. Көзге көрінбейтін күйбең тіршілікке еш мойынсынбаған осындай жан мектепте ұстаздық қызмет атқарып жүріп, өмірінде бірде бір рет сабақ босатпаған екен! Иә, дәл солай.
Сол жылдары Рымкеш екеуіміздің жоғары кластарда оқып жүрген кезіміз. Мектептен үйге келген соң, кейде екеуіміз бірге, кейде кезектесіп, Иісжанға қол ұшын беріп, көмектесуге жиі барып тұратынбыз. Кейде сол үйге түнеп, ертеңінде мектепке баратынбыз. Қыз баламыз ғой, бірге туған апайымыз бен Рахима әжемізге қолымыздан келгенше көмектесу-біз үшін міндет болатын.
Ендігі ойымды Рахима әжеміз туралы еске түскен естеліктермен жалғастырайын. Иісжан жұмысқа кеткенде, үйдегі кішкентай балаларға Рахима әжелері бас-көз болатын. Сол үйге барғандағы мына бір жайт ойыма оралып отыр. Бірде Рымкешпен бірге үйге кіргенімізде, немерелерінің ортасында бір қолымен бесікті тербетіп, «әлди-әлди-әлди-айды» айтып, бір қолымен екінші немересін құшағына қысып, бесікпен қоса тербетіліп отырғанының, үшінші немересінің әжеміздің кимешегінің астынан басын қылтитып қарап тұрғанынының куәсі болдық. «Әже-әжелеп», бірі сүт сұраса, бірі ойыншыққа таласып, әжелері орнынан тұрайын десе, бірі көйлегінің етегіне жармасып, біресе күліп, біресе жылап, улап-шулап жатқан кішкентай сәбилердің қылықтарына «қыңқ» демей отырған әжені көрдік. Рахима әжемізге қарап, әрі сүйсініп, әрі күлгеніміз бар. Бізді көрген кейуана «көмекшілерім келді» деп, қуанып қалатын. Осы орайда, Рахима әженің немерелеріне қарап айтқан мына бір сөздері де есімде қалып қойыпты: «Түрім-ұсқынсыз, бетім-қап-қара, көзім-ала, мұрным-пұшық, белім-бүкір. Осылар менің қай жерімді жақсы көреді екен?» деген сөзіне ішек-сілеміз қатқанша күлген едік. Сонда Рымкеш тұрып: «Әже-ау, сізді осы түріңізбен немерелеріңізбен бірге бәріміз де жақсы көреміз!» деген болатын. Немерелерінің тіпті түн мезгілінде де әжелерімен «бастасып», «аяқтасып», бірге ұйықтайтынын қайтерсің?! Сөйткен Рахима әжеміз балалардың кенжесі Жасұлан алты жасқа келгенде дүниеден озды. Бүгінде есейіп, ел қатарына қосылған немерелері сүйікті әжелерін сағына еске алады.
1972 жылы Иісжан мұғалім ҚарПИ-дің математика факультетін тәмамдап, жоғары білім алды. Мектептің жоғары класс оқушыларына геометрия және алгебра пәндерінен сабақ жүргізді.
Иісжан мұғалім класқа кіріп келгенде, әншейінде улап-шулап жүретін оқушылар, әсіресе ұлдар жағы, тып-тыныш отыра қалатын. (Оқушылар арасында мен де бармын). Иісжан мұғалімнің түрі суықтау болғанымен, оқушыларға тым қатал немесе тым «жұмсақ» болған жоқ. Мұғалім мен оқушы арасындағы этикалық байланысты орынды ұстанатын. Ешбір оқушының жеке басына өтпейтін, субординациядан асып кетпейтін, өзін бір қалыпты ұстайтын, шәкірттерін тым «қыспайтын» мұғалім болды. Бағаны әділ қоятын. Есепті өтірік шығара алмайтының анық. Жалқаулыққа салынбай, еңбектеніп оқысаң, жақсы баға аласың, оқымасаң, керсінше. Есеп шығарудың түрлі тәсілдерін шебер меңгерген ұстазымыз кез-келген тақырыпты жеңіл әдіспен түсіндіре білді. Өз пәнінің майталман маманы Иісжан мұғалімнің өзі оқытқан оқушылары алдындағы беделінің биік болуының бір себебі осындай адамгершілігіне байланысты болар.
Иісжан мұғалім туыстық қарым-қатынаста да әділдікті жақтаған жан. Бірде Иісжан мұғалім мектептен қайтып келе жатып, жолай біздің үйге келгені бар. Дастархан басында өзімізге қатысты әңгімелер айтып, шүйіркелесіп шай ішіп отырғанбыз. Әңгіме арасында Айсұлу апамның Иісжанға қарап: «Мына Ркен (Рымкеш) мен Сәукенге (Сәуле) өз сабағыңнан есеп шығартып, бастарын қатырмай-ақ, еселеп «бес» деген бағаны қоя бермейсің бе? Сіңлілеріңнің онсыз да оқитын басқа сабақтары жеткілікті», — деп, төтесінен қойып қалмасы бар емес пе? Сонда Иісжан мұғалім: «Жоқ, апа, сіз айтты екен деп, өтірік баға қоя алмаймын. «Бес» деген бағаны өз еңбектерімен алсын. Бағаға туыстықтың еш қатысы жоқ!» деп жауап берген еді. Иісжан мұғалімнің жауабын біз де қостап, Айсұлу апамның осындай «қожанасырлығына» күліп жатырмыз.
Иісжан мұғалім ұстанған әділдікті жақтап, апайымның сенімінен шығуға тырысып, үнемі сабаққа дайындалатынмын. Мектептің 8-сыныбын бітіретін жылы геометрия сабағынан ауызша емтихан тапсырғаным бар. Билетте берілген барлық сұрақтарға жауап бердім. Емтиханға қатысып отырған комиссия мүшелері маған бірінен соң бірі жарысып, (мені сынаған түрлері екенін артынан білдім), бірнеше сұрақтар қойды. Мен де еш мүдірместен жауап бере бердім. Мұғалімдердің риза болғандары соншалық, ду қол шапалақтап жіберді. Иісжан мұғалімімнің жүзінен де разылықтың белгісін байқадым. Сөйтіп, өзімнің шынайы бағам «бесімді» алып шыққаныма қатты қуандым.
Иә, бүгінгі күні Иісжан мұғалім 80-нің сеңгіріне келді. Өмірінің саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнау барысында түрлі марапаттарға ие болды.
Жоғары санатты мұғалім еңбек жолында жетістіктерге жетіп, мектепішілік, аудандық сайыстарға қатысып, мектептің абыройын көтерген.
Оқушылары бірнеше рет аудандық олимпиадалардан жүлделі орындар мен алғыс хаттар иеленген. Ұлағатты ұстаздан дәріс алған шәкірттері бұл күндері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мамандық иелері атанып, басшылық қызмет пен бизнес саласында жемісті еңбек етуде. Бұл – ұстаздың тер төккен еңбегінің жемісі.
Мектептегі кәсіподақ өмірі, әр жылдары өтетін түрлі деңгейдегі сайлау науқанының ортасында жүріп, үгіт-насихат жұмыстарына белсенділік танытты. Аудандық партия конференцияларына, облыстық мұғалімдер съезіне делегат болды.
Иісжан Шахина жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін облыстық білім беру бөлімі тарапынан құрмет грамотасымен марапатталады.
Иісжан мұғалім мектепте өз бойындағы еңбекқорлығымен, білім беруге деген адалдығымен, жаңашылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен, өте ұқыпты, тыңғылықтылығымен ерекшеленеді. Сол себепті, 1973 жылы аудандық білім бөлімінің «СОЦИАЛИСТІК ЖАРЫСТЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ» белгісімен, 1987 жылы ұзақ жылғы адал еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан Жезқазған облыстық халық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің шешімімен «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» медалімен марапатталды.
Иісжан Шахина бес баланың анасы болғандығы үшін де, 1978 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Ана» медалімен марапатталды.
1999 жылы 34 жыл еңбек өтілінен кейін құрметті демалысқа шығады. Ал 2017 жылы ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі бағаланып, «Алаш ұстазы» республикалық ғылыми-педагогикалық әдістемелік журналының Қазақстан Республикасы Білім беру үлесіне қосқан үлесі үшін «Алаш ұстазы» медалімен марапатталады.
Иісжан Шахинаның ұрпақтарға білім беру жолындағы үздіксіз еткен еңбегі мен төккен тері текке кеткен жоқ. Биік белестерді бағындырып, түрлі басшылықтар тарапынан жоғары бағасын алды. Иісжан мұғалімнің ел алдындағы абройы асқақ, тұғыры биік.
«Бір кем дүние»… Иісжанның балаларының қызығын көрер шағында аяулы ұлдары Руслан мен Орынғазының мезгілсіз өмірден өтуі апайымыздың қабырғасын қайыстырды. Қос қайғыны көтеру ана үшін оңайға түскен жоқ… Әйтсе де өзін сабырға шақырды, Жаратқаннан жақсылық күтті, бүгінгі күніне шүкіршілік етті, ұрпақтарының тілеуін тілеуден жалыққан жоқ. Жақында үйленіп, шаңырақ көтерген немересі Ермұқанның тойының төрінде отырып, зор қуанышқа кенелді.
Аса қымбатты, Иісжан апайым! Мәртебелі мерейтойыңыз құтты, денсаулығыңыз мықты болсын! Туған-туыс, құда-жекжат, бала-шағаңыздың қызық қуаныштарына бөленіп, ұзақ та ғибратты ғұмыр кешуіңізге шын жүректен тілектеспін
Сәуле Жұмақасқызы ШАХИНА,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
Ұлттық зерттеу университетінің
қауымдастырылған профессоры
ҚҰТТЫҚТАУ-ЕСТЕЛІК
Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.
А.Байтұрсынұлы
Ардақты ұстаз, аяулы ана, асыл әже, Шахина Иісжан апай!
Өзіңіздей абзал жан туралы құттықтау-естелік жазу – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп білемін. Өйткені Сіз – бар саналы ғұмырыңызды жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнаған ұлағатты ұстаз ғана емес, сондай-ақ алты баланы тәрбиелеп өсірген ардақты ана, ақылдың кені, мейірім мен парасаттың иесісіз.
Сіздің өмір жолыңыз – адалдық пен еңбектің, қайсарлық пен төзімнің жарқын үлгісі. Жас күнінен-ақ ұстаз болуды армандап, сол арман жолында аянбай еңбек еткен Сіз, қиын да жауапты ұстаздық жолда мыңдаған шәкірттің жүрегінен орын алдыңыз. Ізденімпаздығыңыздың, жауапкершілігіңіздің, жаңашылдығыңыздың арқасында абыройлы ұстаз атанып, ауыл-аймаққа сыйлы болдыңыз. Қарапайым мұғалім бола жүріп, білім берудің үздік әдіс-тәсілдерін меңгеріп, озат тәжірибеңізбен талай шәкіртке бағыт-бағдар бердіңіз.
Шәкірттеріңіз бүгінде еліміздің әр өңірінде түрлі салада қызмет етіп, өз кәсібінің білікті мамандары ретінде ел дамуына үлес қосып жүр. Бұл – Сіздің өлшеусіз еңбегіңіздің, жүрек жылуыңызды аямаған ұстаздық парызыңыздың нәтижесі.
Сіз – тек ұстаз ғана емес, ұлт болашағына алаңдайтын, елдің ертеңі үшін тер төккен азаматсыз. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, партия конференцияларына, облыстық мұғалімдер съезіне қатысып, білім саласының дамуына өз үлесіңізді қостыңыз. Осынау ерен еңбегіңіз мемлекеттік марапаттармен де лайықты бағаланды. «Социалистік жарыс жеңімпазы», «Еңбек ардагері», «Алаш ұстазы» медальдары – соның айғағы.
Сіз өмірде де, отбасында да теңдессіз тұлғасыз. Ұзақ жыл серігі болған жұбайыңыздан ерте айырылсаңыз да, балаларыңызға ана да, әке де болып, ештеңеден тарықтырмай, адал еңбекпен қатарынан қалдырмай өсірдіңіз. Бүгінде балаларыңыз – елге сыйлы азаматтар, немере-шөберелеріңіздің қызығына кенеліп отырған берекелі әулеттің ақылманысыз.
Қымбатты Иісжан мұғалім!
Сіздің өмір жолыңыз – әр қазақ анасына, әр жас маманға үлгі боларлық тағылым. Ұстаздық пен аналықты қатар алып жүріп, бір әулетті ғана емес, тұтас бір ұрпақты тәрбиелеген Сізге шексіз алғыс айтамыз.
Жарық дүниенің 80-ші белесін еңсерген Өзіңіздің деніңізге саулық, жүзіңізге күлкі, шаңырағыңызға шаттық тілейміз. Еңбегіңіздің жемісін, перзенттеріңіздің мейірімін, немерелеріңіздің құрметін көріп, аман-сау ұзақ ғұмыр кешіңіз!
Ізгі ниетпен,
Азамат Алдашұлы ДҮЙСЕМБАЕВ,
Ж.Алтайбаев атындағы орта мектептің,
Академик Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің,
Джордж Вашингтон университетінің (АҚШ)
түлегі,
Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор,
«Болашақ» Халықаралық бағдарламасының екі мәрте стипендиаты,
ҚР ЖОО Үздік оқытушысы
ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК
Іске деген сүйіспеншілігі бар мұғалім жақсы мұғалім болады. Егер мұғалім шәкіртін әкесіндей, шешесіндей сүйетін болса, ол барлық кітаптарды оқыған, бірақ іске де, шәкірттеріне де сүйіспеншілігі жоқ мұғалімнен тәуір болмақ. Егер мұғалім өз бойында іс пен сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз.
В.Сухомлинский
Математика мұғалімдері: «Күнделікті өмірде бұл сабақ керек болады» деп жиі айтатыны есімде қалыпты. Бала кезімде: «Күнде есеп шығармаймын ғой, не қажеті бар» – деп ойлайтынмын. Бірақ қазір ойым түбегейлі өзгерді. Математика бұл тек дүкенде ақша санағанда, бір зат алғанда ғана қажет емес, шын мәнінде қадам басқан сайын қажетіңе жарайтын ғылым десем артықтығы жоқ.
«Ақыл-ойды тәртіпке келтіретін математика, сондықтан оны оқу керек» деп М.В.Ломоносов текке айтпаған. Математика ақыл-ойды дамытады, бізге логикалық, стратегиялық түрде ойланып, шешім қабылдауды үйретеді. Кез келген ақпаратты жайдан жай қабылдамай, оны сүзгіден өткізу үшін пайдалы. Тек есеппен емес, өмірдегі түрлі мәселеге анализ жасауға бейімдейді. Заңдылықты тауып, себеп-салдар мәселелерін талқылауға көмектеседі. Адам математиканы меңгеру арқылы ой толғау, дұрыс шешім жасау сынды қасиеттерді бойына жинайды.
Жақсы ұстаз жақсы ортадан шығады. Өмір сүріп отырған заманымызға сай жігерлі де намысты ұлдарымызды, ибалы қыздарымызды білім нәрімен сусындатып, қазақы болмысты тәрбие берген ұстаздарымыз жайлы қалам тербеу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз болмақ. Ұстаз – ұлағатты есім. Осы бір атқа ие болып жүрген асыл жандар қаншама десеңіз-ші. Соның бірі маған талай жыл класс жетекші болған Шахина Иісжан апай. Өзін әрдайым бірқалыпта ұстайтын қадірлі ұстазым маған ғана сабақ беріп қоймай, менің әкем мен анама да дәріс берген екен. Ауылда тұрғанымда баламның да сүйікті ұстазы болары хақ еді. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, қалада қызмет істеп жатқандықтан, бұл үрдіс тоқтап қалды.
Иісжан апай – оқушылар алдында өзінің мәдениетті жүріс-тұрысымен, ұстазға лайық киім киісімен, сөйлеу шеберлігімен, дауыс ырғағымен үлгі болған, бойындағы бар асыл қасиетін, білімін, талай жылғы жинаған тәжірибесін шәкірттеріне бере алған ғажайып жан, осындай ой еңбегінің бейнетін зейнет санайтын асыл ұстаз. Кез келген мұғалім ұлағатты ұстаз бола алмайды, ұстаздық терең біліммен, ізгілікті ізденіспен, тәлімді тәрбиемен ұштасып жатқаны анық. Ұстаз әр адамның жанына білім нәрін сеуіп, әр шәкіртін ерекше аялап өмір сүруге тәрбиелейді. «Ұстаз» есімі қашанда қазақ баласы үшін құдіретті болған, қадірлі, қасиетті болған. Бұл бір жағынан әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым.
Адам шын ұстаз болуды балалық шағынан армандайды, қиялдайды, қиындығы мен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қиындықтардан өтеді. Қиын дейтінім, әр сабағыңа жете дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім-тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай іс емес. Сол жолда қаншама тер төгіледі, қаншама еңбек жасалады. Оның үстіне оқушылардың мұғалімнің айтқанын қабылдау дәрежесі әр түрлі. Математика пәні оңай шағылатын жаңғақ емес, жазатайым бір сабақты босатып алсаң, тоқсан бойына зардабы тиюі мүмкін. Уақытпен санаспай, балалардың болашағын ойлаған ұстаз ғана биік деңгейге көтеріле алады, еңбегі еш кетпейді. Оның үстіне үнемі ізденіп, біліміңді, біліктілігіңді арттырып отыруың керек. Сонда ғана ойлаған нәтижеге жетуге болады.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп хәкім Абай айтқандай, мұғалімнің тәрбиесі мен өнегесі білім алушының болашағына ықпал етеді. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақта бағытынан таймасы анық. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өзгелерді бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. Өзінің елу жылдан астам ұстаздық жолында қаншама шәкіртті ұядан қияға ұшырып, алғысына бөленген бақытты жантуралы үздіксіз ойларды айта беруге болады.
Тәжірибелі ұстаз «Алгебра», «Геометрия» пәндері бойынша теориялық білім берумен қатар, «Мамандыққа кіріспе» және сыныптан тыс жұмыстар, «шағын жинақты мектептерде математиканы оқыту ерекшеліктері» сияқты таңдау курстары бойынша дәріс беріп, оқушыларға мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын меңгертті.
Шәкірт білімін сарапқа салатын әртүрлі деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен сайыстар – білім мен еңбектің додасы. Білімнің майталмандары бас қосатын аламан бәйгеден жүлделі орынды еншілеу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Осы тұрғыдан алғанда Иісжан апайдың жүлделі орын иеленіп жүрген шәкірттері көптеп саналады.
Тұла бойынан тазалық, адалдық сезілетін апайымыз класқа кіргенде, ортамызға ерекше шуақ қоса енгендей болатын.
Ұлағатты ұстаздың білім беру саласында сіңірген еңбегі мемлекетіміз тарапынан елеусіз қалған жоқ. Республиканың білім жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін «Денсаулық сақтау, Білім және Спорт» министрлігінің алғысхаты, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі қарсаңында облыс әкімінің құттықтау хаты, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректорының алғысхаттарымен бірнеше мәрте марапатталды.
Ұлы ойшыл, философ әл-Фараби: «Бақыттың мәні парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсат тек кездейсоқ рақат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгеріп, ізгілікке бағыттап отыруында» деген екен. Біздің Исжан апай осы айтылған мүддеден шыға білді деп сеніммен айта аламыз. Жайсаң мінезді, парасатты жан, танымал а Мұстафазамат Естай Кәріпжанұлына сенімді серік, балаларына тілекші ана және немерелерінің сүйікті әжесі бола білді. Математика саласының білгірі барлық істерін ізгілікке бағыттап, шәкірттерінің сүйікті ұстазы атанды.
Ардақты ұстазға әріптестері ерекше құрмет көрсетіп, білім беру ісіндегі тәжірибесін көпшілікке үлгі етеді. Сексен деген мерейлі жасқа келген ұстазымыздың балалары мен немерелерінің қызығына кенеліп, шәкірттерінің тек ізгі істеріне куә болып, ғибратты ғұмыр кешуіне тілектеспіз.
Жайнар СМАҒҰЛ,
Алматы қаласындағы
байланыс және радиоэлектроника
әскери-инженерлік институтының
түлегі, №50185 әскери бөлімінің
инженерлік-авиациялық қамтамасыз
ету бөлімінің аға инженері
МЕНІҢ АПАМ ҒАЖАП ЖАН
Мұғалім өзінің білімділігімен,
жүріс-тұрысымен, тіпті сырт
пішіні, киген киімімен де оқушысына
жақсы мағынада қатты әсер етеді.
М.Ғабдуллин
Мен апамның тәрбиесінде болдым. Екі айлығымнан бастап, мені бауырына басып, ерекше қамқорлығына алды. Басқа немерелерінен айырмай, қайта бар тәттісін, дәмдісін маған беріп, жүрегінің мейірімін аямады. Апам – керемет ғажап жан, туған-туыстар арасында өрнекті орны бар, ағайындар арасында сыйлы, құрметті. Үнемі ақылын айтып, дұрыс жолды нұсқап, әдепті де тәрбиелі болып ержетуімізге апамның өнегелі тәрбиесінің әсер еткені анық. Орынғазы әкемнің ұлы Марғұлан екеуміз бауырлас болып өстік, соның әсері болар, бүгінгі күнге дейін жұбымыз жазылған емес, бір бірімізді көрмесек, сағынысып қауышамыз.
Апам – саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, талай шәкірт тәрбиелеген ұлағатты жан, әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын бере алғанаяулы тұлға. «Мамандығын жетік білмеген мұғалімді кіналауға болмайды, ал өз мамандығын терең меңгеруге ұмтылмаған адамнан жақсы мұғалім шықпайды! – деп айтып отыратын. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын адам жоқ, ол берген білім мен тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық. Өмірдегі бар жақсы қасиеттерді бойына дарытып, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, оқушыларға адамгершілік рухта бағыт-бағдар беретін ұстаз еңбегі қашанда алдыңғы орында. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деп текке айтылмаған. Осындай жанның бауырында өсіп, тәлімін алғанымды зор мақтаныш санаймын.
Өмірдің талай сынынан сүрінбей өтіп, тіпті өзі үшін ең ауыр сынақ – ұлдарының қазасын да қайсарлықпен қабылдап, берік рухымен бәрімізге үлгі болды. Бүгінде немере-шөбересінің қызығын көріп, елдің құрметіне бөленіп отырған асыл әжем – менің өмірімдегі ең қымбат адам.
Мен спортта жетістікке жетсем, азамат болып қалыптассам, соның бәріне апамның тәрбиесі мен мейірімі себеп болғандығы сөзсіз. Ол – менің тірегім, рухани ұстазым. Апам – ел мойындаған, «Алаш ұстазы», «Ел құрметі» медальдерінің иегері. Оның еңбегі де, өнегесі де мен үшін мәңгі мақтаныш.
Ермұқан ЕСТАЙ
Дзюдодан ұлттық құрама мүшесі,
қазақ күресінен, самбодан,
дзюдодан спорт шебері
ҚАДІРЛІ ДЕ, ҚҰРМЕТТІ
ҰСТАЗЫМ ИСЖАН АПАЙ!
Мұғалім – зор тұлға, ол күннің
құдіретті сәулесі іспеттес.
В.Ключевский
Сізді 80 жасқа толған мерейлі мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіз ұзақ жылдар ұлағатты ұстаз ретінде білім саласында жемісті еңбек етіп, осы салаға сүбелі үлес қостыңыз. Мектеп қабырғасында 5 сыныптан бастап 10 сыныпты бітіргенше сынып жетекшісі болып, бізге білім нәрін сіңірдіңіз. Соның бір айқын дәлелі Сізден білім алған біздер, шәкірттеріңіз әр салада жемісті еңбек етіп, еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Бұл Сіздің бізге берген біліміңіз бен ақыл-кеңесіңіздің нәтижесі деп білеміз. Сол үшін Сізге шексіз алғысымызды білдіреміз. Бүгінде ұрпақ тәрбиелеп өсірген, өз ортасында сыйлы, қоғамда алатын лайықты орны бар, елдің ақылшысы, қадірлісі де ардақтысы атанып отырсыз. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақыт пен сарқылмас қуат тілеймін.Күндеріңіз көктемнің көгілдір күніндей шуақты болсын. Абыройыңыз тұғырлы, қуанышыңыз ғұмырлы болсын! 100 жастың жиегінен көрініңіз, қадірлі ұстаз! Сіз – біздің береке байлығымызсыз!
Ізгі ниетпен, шәкіртіңіз
Егінбай ОМАРОВ
Шет ауданы, Ақсу-Аюлы
ауылы, 2025 жыл
АНАМ ЖАЙЫНДА
Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Бірақ бұған
өкінбеу керек. Жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ.
Ұстаздық – ұлы нәрсе.
З.Қабдолов
Өскелең ұрпаққа білім беруді өзіне кәсіп қана емес, өмірлік мәні қылған ардақты да қадірлі мұғалімдердің бірі — ардақты ана, сүйікті әже, зейнеткер-ұстаз – Иісжан Шахина.
Иісжан апай жас кезінен ұстаз болуды армандайтын. Ұстаз болу үшін адам өзі тәрбиелі болуы маңызды. Осы арманның жетегімен ұстаздық жолға түсуге шешім қабылдайды. Жетінші сыныпты тәмәмдағаннан кейін, 1961 жылы Саран қаласы Абай атындағы педагогикалық училищесі бастауыш сынып мұғалімі мамандығына түсіп, 1965 жылы аяқтайды да, еңбек жолын Жезқазған (қазіргі Қарағанды) облысы Ақадыр (қазіргі Шет) ауданы Ақшатау совхозы (қазіргі Жарылғап батыр ауылы) Карл Маркс (қазіргі Жүсіп Алтайбаев) атындағы орта мектепте мұғалімі болып бастайды.
Жалықпай, талмай ізденіс үстінде болған ол аз уақыт ішінде сыныбындағы шәкірттерінің үздік үлгерімдеріне қол жеткізіп, мектеп басшыларының алғысына бөленеді. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін жас педагог білімін жетілдіру мақсатында 1971 жылы Қарағанды педагогикалық институты математика мандығы бойынша білім алып шығады.
Жоғары санатты мұғалім еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, мектепшілік, аудандық сайыстарға қатысып мектептің абыройын көтерген.
Сабақ беретін сыныптарында қабілетті және үлгерімі төмен оқушылармен арнаулы іс-жоспары бойынша жеке жұмыс жүргізіп, саралап, даралап оқыта білген. Оқушылары бірнеше рет аудандық олимпиядалардан жүлделі орындар мен алғыс хаттар иеленген. Ұлағатты ұстаздан дәріс алған шәкірттері бұл күндері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мамандық иелері атанып, басшылық қызмет, бизнес саласында жемісті еңбек етуде. Бұл ұстаздың тер төккен еңбегінің жемісі.
Өскелең ұрпаққа білім беру, ұстаздық жұмыстар мен қатар мектептің, ауылдың қоғамдық өміріне тұрақты атсалысты. Мектептегі кәсіподақ өмірі, әр жылдары өтетін түрлі деңгейдегі сайлау науқанының ортасында жүріп, үгіт-насихат жұмыстарына белсенділік танытқан. Аудандық партия конференцияларына, облыстық мұғалімдер съезіне делегат болды. Осы жылдар ішінде өз уақытын аямай, шәкіртінің уақытын аялап еңбек еткен ұлағатты ұстаз, шәкірттеріне өмірлік азық болар тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік тұрғыда бағыт-бағдар бергені үшін қоғамдық өмірдегі белсенділігі лайықты бағаланды.
Өмірлік қосағы – Кәріпжанов Естай бірнеше жыл Ақшатау селолық Советінің председателі қызметін атқарған. Білімі жоғары, 1978 жылы Қарағанды мемлекеттік университеті материалдық-техникалық жабдықтаудың экономикасы мен жоспарлануы мамандығын бітірген. Бірақ, өкінішке орай, балаларының қызығын енді бірге көреміз деп отырған шағында, 20 жыл отасқаннан кейін 44 жасында ауырып, көз жұмады.
Иісжан мұғалім жолдасы өмірден ерте кеткендіктен, балаларым аш болмасын деп, тыным таппай еңбектеніп, балаларына қамқор болудан еш шаршамаған. Перзентінің алды елуден арты қырықтан асса да, алаңдап отыратын айтар ақылы көп, дана, асыл жан.
Үлкен ұлы – Серік бірнеше жыл Жезқазған қаласы ішкі істер органында бөлім учаскесі қызметін атқарған, майор атағын алған, қазір еңбек өтілі бойынша зейнетке шыққан. Жұбайы – Жанат, салмақты, жеке кәсібі бар еңбексүйгіш жан. Қызылорда қаласының тумысы. Анель, Мерей, Дана атты қыздары бар. Анель Естаева – Жезқазған қаласы педагогикалық колледжі ағылшын тілі мұғалімі.
Екінші ұлы – Орынғазы. Атын Орынғазы деп әкесі қойған, қара шаңырақта қалады, орнымды басады деп ниеттеніп қойған осы баласымен Иісжан мұғалім ауылдағы қарашаңырақта бірге тұрады. Жұбайы – Рухият, жүрегі кең, жүзі жылы, аяулы жан. Жүсіп Алтайбайұлы атындағы мектептің ұлағатты ұстаздары. Тоғжан, Марғұлан, Айбибі атты балалары бар.
1973 жылы Жаратушы ие ерекше марапаттап, дүниеге жалғыз қызы – Жадыра келеді. Мұхаммед (с.а.с.) «Кімнің үйінде қыз баласы бар болса, ол үйге көктен күн сайын он екі береке түседі. Ол үйге періштелер тынбай келіп тұрады. Әрбір күн, әр бір түн сайын олар сол үйдің ата-анасына бір жылдық құлшылық пен сауап жазып отырады» дейді. Жолдасы – Мейірман, ақ көңіл, адамгершілігі мол, пейілі кең азамат. Арайлым, Нұрислам деген балалары бар.
Руслан – әкесі Естайдан аумай қалған үшінші ұлы. Бірнеше жыл Қазақстан темір жолында жолсерік қызметін атқарған. Жұбайы – Лайла, қолы ашық, жаны жаңалыққа құмар, адал жар. Ол – Қарағанды облыстық соты жетекшісі қызметінде. Үлкен ұлы – Ермұқан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Айхан – Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп оқушысы. Еңлік – 8 жаста.
Кенже ұлы – Жасұлан. Теміртау қаласында тарих пәнінің мұғалімі. Жұбайы – Динара, қолы шебер, жаны жайсаң, жомарт жан, Ақтау қаласының тумысы. Інжу, Мансұр, Нұрай, Ділдә, Аянат атты балалары бар.
МЕНІҢ ӘКЕМ, МЕНІҢ АНАМ
Естелік
Әкем – Естай, біздің жүрегімізде мәңгілік асқар тау болып қалған жан. Нар тұлғалы, білімді, сауатты, елге сыйлы азамат еді. Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, ауылдық кеңестің председателі, депутат қызметін атқарды. Жолдастары мен замандастары оны адалдығы мен парасаты үшін қатты құрметтейтін.
Әкемнің бізге деген махаббаты ерекше болатын. Мен дүниеге келгенде «Волга туды» деп қуанып, «алдыңда екі ағаң, артыңда екі бауырың бар, сен – ортасындағы гүлісің» деп еркелеткенін анам жиі айтып отыратын. Сол сөздер оның жүрек мейірімін, әкелік махаббатын айқын көрсететін. Өкінішке қарай, әкеміз бар болғаны 44 жасында, ең қызығын көремін деген шағында өмірден өтті. Бірақ оның таудай бейнесі, жарқын жүзі, елге сыйлы қасиеті біз үшін ешқашан өшпейтін естелік болып қалды. Алла әкемізге рақым етсін, жанын жаннаттық қылсын.
Анамыз – Иісжан, біздің өміріміздегі ең асыл жан, отбасымыздың тірегі. Жастайынан ұстаз болуды армандаған ол сол арманын ақиқатқа айналдырып, өмірінің 35 жылын шәкірт тәрбиесіне арнады. Саран қаласындағы педагогикалық училищеден бастап, Қарағанды педагогикалық институтында математика мамандығын игеріп, мыңдаған шәкірттің жүрегіне білім мен ізгілік дәнін септі. Бүгінде оның жолын қуған шәкірттері ұстаздық етіп, елге қызмет етуде.
Әкеміз ерте кетсе де, анамыз мойымады. Бес баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жеткізіп, әрқайсысын оқытып, үйлі-жайлы қылды. Оның төзімі, қажыры, мейірімі – біздің өміріміздегі ең үлкен қазына.
Әкем мен анамның ғұмыры – біз үшін мәңгілік өнеге. Әкемнің асқақ бейнесі, анамыздың ұстаздық пен аналық жолдағы ерлігі – біздің жүрегімізде алтын әріппен жазылған тарих.
Биыл, 10 қыркүйек 2025 жылы, Алланың нәсібімен, аяулы анамыздың 80 жас мерейтойын атап өтпекпіз. Бұл – тек жас мерейтойы емес, анамыздың жүріп өткен өнегелі ғұмырына, бізге берген тәрбиесі мен мейіріміне тағзым ететін күн.
Анашым, Алла деніңізге саулық, ғұмырыңызға береке, жүрегіңізге қуаныш берсін. Бізге сыйлаған мейіріміңіз еселеніп өзіңізге қайтсын. Әр күніңіз шаттыққа толып, немере-шөбереңіздің қызығына кенеле беріңіз. Сіз – біздің мақтанышымыз, мәңгілік тірегімізсіз!
Жадыра ЕСТАЙҚЫЗЫ,
Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік
университетінің түлегі,
филология ғылымдарының
магистрі
ЗЕЙНЕТКЕР ҰСТАЗ
Ұстаз алдын көрмеген жан жоқ. Өскелең ұрпаққа білім беруді өзіне кәсіп қана емес, өмірлік мәні қылған ардақты да қадірлі мұғалімдер аулымызда баршылық. Солардың бірі – Жарылғап ауылының тұрғыны, ардақты ана, сүйікті әже, зейнеткер-ұстаз Шахақызы Исжан. Жақсы ұстаз өз жолын қуатын шәкірт тәрбиелеп, ұстаз бен шәкірт арасында үзілмес сабақтастық орнатқанда ғана ұстаздың есімі ұрпақтан ұрпаққа таралары сөзсіз. Себебі, кез-келген салада, білім мен ғылымда болсын жетістікке жеткен жан әуелі өзінің ұстазын еске алатыны белгілі.
Әңгімеге тиек етіп отырған ұстазым Исжан Шахина өз балаларына қарағанда шәкірттерінің есімін жиі қайталап жүреді. Шәкірттерінің әрбір бейнесі көз алдында қалып қойған. Шүйіркелесе қалсаң әрбір қылығымызды тайға таңба басқандай айтып отырады. Ал, ұстазымыздың өз мамандығына деген сүйіспеншілігі қаншама жылғы еңбегінің жемісі, шәкірттерінің жеңісінен көрініп тұрады. Тәрбиелеп ұшырған шәкірттерінің бірнешеуі әр салада жоғары дәрежелі маман иесі. Исжан ұстазымыз менің анам Зина екеуі Саран училищесін бітіріп, бұрынғы К.Маркс қазіргі Ж.Алтайбаев мектебінде еңбек жолын бастап, бесіктерін арқалап жүріп, ҚарМУ-дың математика факультетін тәмамдап, қаншама шәкірт тәрбиелеп, осы мектепте тапжылмай қырық жыл еңбек етіп, зейнетке шықты.Ұстазымыз өз пәнінің маманы, қаталдығы тағы бар, бетімізге бір қараса ұл болсын, қыз болсын тыныштала қалатынбыз. Соның барлығы тәрбие. Сол тәрбиені көріп еліктеп өстік. Мұғалім боламыз деген ой түйіп, арманымыз орындалды. Иісжан мұғалім өте сабырлы халқына қалаулы, абыройлы ұстаз. Исжан мұғалімге ұқсасын, сол кісіге тартып сабырлы болсын деп ырымдап, кіші қызым Еркемайды қырқынан шығартып, қолына алтын жүзік таққаным бар.
Өмір бір орында тұрмай жүйткиді дегендей 2019 жылы мектепте математика мұғалімі болмай бжб, тжбның жаңадан кіріп қалыптаса алмай жатқан кезіміз, ұстазымызды келісіммен мектепке шақырдық. Қиналып тұрғанымызды көріпкөңілімізді қимай келгені бар. Бірнеше жыл үйде отырып қалсада, жастардан қалыспай икемделіп, тағы бір мәрте мұғалім қандай болу керектігін көрсетіп дәлелдеп кетті.
Ұлағатты ұстаздан дәріс алған шәкірттері бұл күндері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мамандық иелері атанып, басшылық қызмет, бизнес саласында жемісті еңбек етуде. Бұл – ұстаздың тер төккен еңбегінің жемісі.
Қажырлы еңбегі бағаланып, аудандық, облыстық марапаттарға да ие болып, еңбегі бағаланып жатты. Өмірі өнегемен өрілген ұлағатты ұстаз Исжан ұстазымыз жолдасы Естай Кәрібжанұлы екеуі отбасының берекесін айрандай ұйытып, төрт ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиеледі. Олар да ана жолын қуып ұл қыз, келіндері білім саласының мамандары
Құрметті Ұстазым!
Сізді өмірдің ең асылы белесі сексен жас мерей тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің өмір жолыңыз — еңбек пен парасаттың, төзім мен ізгіліктің шынайы мектебі.Шәкірт жүрегіне шамшырақ болып, білімге жетелеген сіздің еңбегіңіз елеулі, құрметіңіз шексіз. Қадірлі ұст азым, Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін.
Алдағы күндеріңіз шаттық пен қуанышқа толсын!
Жайнагуль Тайтөлеуқызы МУКАШЕВА,
Ж.Алтайбаев негізгі орта мектебінің директоры